Инвестициялық жобалар пулы — 2,5 трлн теңге
Ертіс-Баян өңірі — еліміздегі ірі индустриялық орталықтың бірі. Соңғы жылдар дересінде мұнда өмірдің көптеген саласында іске асыруға бағдарланған жобалар баршылық. Әсіресе өнеркәсіп, ауыр өндіріс, мұнай-газ, сондай-ақ ферроқорытпа бойынша сырттан айтарлықтай инвестиция құйылып жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ экономикасы оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Павлодар облысы өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке енді, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді.
Былтыр аймақтың экономикасына 965 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл — алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева қазіргі жоспар өткен жылғы үдеден асып түсу екенін айтады. Бұған қол жеткізуге мүмкіндік беретін нақты іс-қимыл жетерлік.
— Жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулы құрылған. Олардың нәтижесінде өңірде жаңадан 10 мыңнан астам жаңа еңбек орындары құрылады. Мұның сыртында жаңа кәсіпорындар, тың жобалар бюджетке қаншама салықтық түсімдер әкеледі. Биыл жыл соңына дейін біз шетелдік тікелей инвестициялар негізінде сырттан 1,1 млрд АҚШ долларын тартамыз деген ойдамыз. Аталған жоспарымыз іске асатын болса, тартылатын инвестиция көлемі өткен жылғыдан анағұрлым көп болады. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін, соның ішінде феррроқорытпа өндірісін арттыруға бағытталған 17 жоба іріктелген. Инвестиция нәтижесінде жеңіл құйылмалы автокөлік дөңгелектері, кабельдік-желілік өнімдер, алюминий катанкалары бойынша жобалар игерілді. Бұған қоса мұнай-газ химиясы кластерін дамыту бойынша да мүмкіндіктер қарастырылады, — дейді ол.
Биылғы меже — 1 трлн теңге
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда жергілікті экономикаға құйылып жатқан инвестициялық қаражат тек өсу үстінде. Биыл алғашқы 8 айда 590,9 млрд теңге тартылған.
2023 жылдың ұқсас кезеңінде бұл тарапта 514,4 млрд теңге есептелгенін ескерсек, биылғы көрсеткіш жоғары. Нақты көлем индексі — 131,3 пайыз.
Мамандар бұл жағымды үрдіс алдағы айларда сақталатын болса, облыстың инвестициялар портфелі айтарлықтай толыға түсетінін айтады.
— Бүгінгі таңда Павлодар облысында 119 инвестициялық жеке жобалар пулы құрылды. Нақты 9 жоба биыл іске қосылады деп күтілуде. Жыл басынан тартылған 590,9 млрд теңгенің 80 пайызы — шетелдік инвестициялар. Қазірдің өзінде жылдық жоспардың орындалуы — 61,7 пайыз. Жеті айдың қорытындысына көз жүгіртсек, пайдалану бағыттары бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардің үлесі мол. Мысал үшін ол өнеркәсіпте — 267,8 млрд, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында-143,3 млрд теңге, көлік және қоймалауда -20,8 млрд, құрылыста — 2,6 млрд теңгені құрап отыр. Ал жыл қорытындысы бойынша аймақ экономикасына шамамен 1 трлн 27 млрд теңге инвестиция келеді деп күтеміз. Нәтижесінде нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрайды, -дейді өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаев.
Ұлттық банк деректерінде былтыр Павлодар облысына жалпы сомасы 940,4 млн АҚШ доллары құйылған деп көрсетілген. Ал қазіргі уақытта шетелдік инвесторлардың қатысумен жалпы құны 609,1 млрд теңге болатын келесідей жобалар іске асырылып жатыр:
1. «Fkibastuzferroalloys» ЖШС — «Ферроқорытпа зауытының құрылысы» (Екібастұз қ.). Инвестиция көлемі -800 жұмыс орнын құрумен 92,4 млрд теңге. Іске қосу мерзімі-2024 жыл (Швейцария).
2. «Altrade Company» ЖШС — «Алюминий табақтары және алюминий фольгасы өндірісі» (Павлодар қ.). Инвестиция көлемі — 100 жұмыс орнын құрумен 8 млрд теңге. Іске қосу мерзімі — 2024 жылдың 4 тоқсаны (Түркия).
3. «AnsaSilicon» ЖШС — «Кремний зауытының құрылысы» (Екібастұз қ.) инвестиция көлемі — 350 жұмыс орнын құрумен 35 млрд теңге. Іске қосу мерзімі — 2025 жылдың І тоқсаны (БАӘ).
4. «Еуразиялық механикалық зауыт» ЖШС — «Металлургияда, машина жасауда және энергетикада әртүрлі мақсаттағы бұйымдардың беттерін механикалық өңдеуді ұйымдастыру» (Павлодар қ.), инвестиция көлемі — 8,2 млрд теңге, 60 жұмыс орны құрылады. Іске қосу мерзімі -2025 жылдың IVтоқсаны (Ресей Федерациясы)
5. «Ertis Qant» ЖШС — «Қант қызылшасы мен шикі қантты өңдеу зауыты» (Ақсу қ.). Инвестиция көлемі-313 жұмыс орнын құрумен 43,5 млрд теңге. Іске қосу мерзімі — 2026 жыл (Ресей Федерациясы).
6. «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС — «Құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеудің гидрометаллургиялық цехы» (Павлодар қ.), инвестиция көлемі — 500 жұмыс орнын құрумен 343,4 млрд теңге. Іске қосу мерзімі — 2028 жыл (Ресей Федерациясы).
Өңірдегі өнеркәсіп саласында тұрғындардың төрттен бірі еңбек етеді
Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан ферроқорытпа өндірісі жылына 240 мың тонна ферросилиций мен микросилика шығаруға қауқарлы. Өндірілген өнім түрлері келешекте ТМД мен Еуропа, Шығыс Азия елдеріне экспортталады.
Ферросилиций болат, шойын, ферроқорытпа өндірісінде кеңінен қолданылатын әрі әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім түрі. Сондықтан жоба өзін толыққанды ақтап, экономикаға елеулі үлес қосады деп күтіліп отыр. Ал зауыт айналасында аталған өндіріске қатысты шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қолайлы жағдайлар жасалады.
Бұған қоса өңірдің өнеркәсіп саласында 4,1 млрд теңгеге үш жоба өміршең етіліп жатыр. Атап айтқанда, «СНН» ЖШС — жылыту радиаторлары өндірісі, «Проммаш КЗ» ЖШС — бағыттамалы бұрмаларға арналған пластикалық жиынтықтауыштар өндірісі, «KAZBM — KAZAKHSTAN BUILDING MIXTURES» ЖШС — гиперпресстелген кірпіш өндірісі.
Жыл соңына дейін инвестиция сомасы 96,1 млрд теңгені құрайтын тағы бес жобаны іске енгізу жоспарланған. Олар — жоғарыда айтқан ферроқорытпа зауытының құрылысы, толық циклді кеңсе және мектеп жиһаздарының өндірісі, электрмен дәнекерленген тік тігісті құбырлар өндірісі, алюминий құймалары мен қорытпалары өндірісі.
Аймақта табиғи ресурстардың мол қоры шоғырланғанын, дамыған инфрақұрылым және елеулі экономикалық әлеует қалыптасқанын ескерсек, алдағы жылдары өңірлік инвестициялық портфельдің ахуалы бұдан әрі жақсара береді деген сенім мол.
Бүгінде жергілікті өңдеуші өнеркәсіп саласында жалпы саны 1027 кәсіпорын жұмыс істесе, аймақтағы өнеркәсіп саласында тұрғындардың төрттен бірі еңбек етеді. Минералды шикізаттың бай қоры жеткілікті.
Еліміздің глинозем мен алюминий, көмір, ферроқорытпа және электр энергиясына деген қажеттіліктерінің көп бөлігін қамтамасыз ететін қуатты тау-кен металлургиялық кешені де кідіріссіз жұмыс істеп тұр.
Мұның барлығы өңірге жаңа өндірістерді ұйымдастыру үшін сырттан қаражат тартуға мүмкіндік береді. Оның экономикалық тиімділігі 3-5 жылда байқалатын болады дейді мамандар.
Агросектор инвестицияны қажетсініп тұр
Енді облыстың инвестицияға сұранып тұрған салалары жөнінде ой тарқатсақ. Облыста ауыл шаруашылығы бойынша игерілмей жатқан тың мүмкіндіктер көп. Соның бірі — картоп пен көкөніс түрлерін қайта өңдеу. Былтыр Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 806,4 мың тонна «екінші нан» жинап, алдыңғы жылғы рекордты бірден 133 мың тоннаға жаңартты.
Алайда мұншама аста-төк картопты қайда жіберерін білмей басы қатты. Салдарынан керекулік фермерлер ала жаздай өсірген өнімдерін арзанға сатуға мәжбүр болған. Мұндай мәселеге биыл да кезігетініне дауымыз жоқ.
Павлодар облысына картопты қайта өңдеу кәсіпорындары ауадай қажет. Жалғыз «Saida» ЖК-дан өзге картопты қайта өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Крахмал шығаратын зауыт салу туралы мәселе көтерілгелі біраз уақыт өтті.
Жоба сөзбұйдаға салынып, созылып кетті. Бұған дейін облыс орталығында картоп қытырлақтарын шығаратын өндіріс те ашылады деп күтілген. Алайда шетелдік инвесторлар қаржы салуға жүрексініп қалды. Сондықтан павлодарлық картоптың әзірше бағы ашылмай тұр.
Екінші мәселе, қант зауытының жобасы. Бұл жобаны іске асыру туралы бастама он жыл бұрын көтерілген. Онымен «Павлодар» ӘКК айналысып баққан, алайда нәтиже жоқ. Оны ресейлік инвесторлар қаржыландырады деп, арнайы пулға енгізілгенімен зауыттың шын мәнінде салынып жатқаны туралы деректер жоқ.
Алдын ала жоспар бойынша, кәсіпорын күніне 6 мың тонна қызылшаны өңдеп, шекерге айналдырады делінген еді. Ал қант зауытын шикізатпен қамту үшін кемі 15 мың гектарда қант қызылшасы егілуі керек.
Бұл тарапта жергілікті ғалымдар мен фермерлер тізе қосып, қызылшаның жаңа сорттарын егіп жатыр. 2019 жылы Алматыдағы Көксу қант зауытының мамандары Керекудің егіс танаптарында өніп шыққан қант қызылшасының қанттылығы 18-20 пайызды көрсеткенін байқап, таңданысын білдіргені есімізде.
Сөйтсек, оңтүстікте жиналатын өнімдегі қант деңгейі 15 пайыздан аспайды екен. Сондықтан шикізатпен қамтуда облыс шаруаларының әлеуеті зор.
Бұған қоса облыста алюминийден дайын өнімдерді шығару, туризмді дамыту, суармалы жерлерді игеру және тағысын-тағы салаларда іске баспай тұрған бастамалар жетерлік.
Олардың шешімі қаржыға тірелетіндіктен облысқа әлі де әлеуетті инвесторларды іздей түсу қажет деген ойдамыз.
Атап өтейік, өңірдің инвестициялық бастамалары республикалық рейтингте қазіргі уақытта төртінші сатыда тұр.