Билайнның 3G желісі БҚО-ға жетті

ОРАЛ. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Билайн сауда белгісін ұсынушы «КаР-Тел» ЖШС ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 3G желісін қамту аумағын кеңейтті.

Жаңа технология жемісін алғашқы болып еліміздің Астана мен Алматы қалаларының жұртшылығы көрген болатын, үшінші ұрпақ байланысы бас қалаларда өткен жылдың желтоқсан айының басында қосылды. Сөйтіп, Билайн жылдың айтулы оқиғаларының бірі, ең дүбірлі спорттық дода - 7-қысқы Азия ойындарының аса жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты.

Компанияның бұқаралық нарықтағы сауда жөніндегі директоры Ринат Құбашевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда 3G желісі тек ірі қалаларда ғана емес, барлық облыс орталықтары мен халық тығыз қоныстанған ірі ауылдарда да қолжетімді болды. Енді, міне, 40-тан астам елді мекенде тұратын Билайн абоненттерінің қатары батысқазақстандықтармен толықты.

3G-нің мол мүмкіндігін облыс халқы әзірге Орал және Ақсай қалаларының аумағында ғана пайдалана алады. Зашаған кенттік округінде 3G көп ұзамай іске қосылады. Жылдық, айлық жерлерден жылдам хабар алғызумен қатар бейнелі байланысқа түсуге, мол мәліметті санаулы секундтар ішінде жолдауға септігін тигізетін озық үлгідегі желі жыл соңына дейін барлық аудан орталықтары мен бір мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерге жеткізілмек.

- Ірі мегаполистермен қоса, шағын қалалар мен елді мекендерде сапалы қызмет көрсету - біздің 2011 жылға арналған жоспарлы жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. 3G желісі бизнес жүргізуге тиімді жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экномикалық дамуына тың серпін беріп қана қоймай, ауыл халқының өмірін жақсы арнаға бұрады, - дейді компанияның желілерді жоспарлау және оңтайландыру жөніндегі менеджері Виталий Пальгов.