Билік өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы заңдарды наурызда Парламентке енгізу керек - вице-министр Баймолдина

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілер мен конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу туралы екі заң жобасының тұжырымдамасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, билік тармақтарын арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жұмысы аясында бірінші заң тұжырымдасымен 4 кодекс пен 21 заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Ал екінші тұжырымдама бойынша 3 конституциялық заңды өзгерту керек.

"Ақпанның 10-ы күні бірінші тұжырымдама әділет министрлігінің ресми сайтында, сондай-ақ ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған болатын. Ал ақпанның 14-і күні ведомствоаралық комиссияның барлық мүшелеріне жіберілді. Енді, наурыздың 15-сіне дейін аталған екі заң жобасы Парламентті қарауына енгізілуі керек", - деп атап көрсетті Баймолдина.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде заң жобаларының тұжырымдамасы ғана даярланып отыр. Сондықтан қосымша өзгерістер мен толықтырулар болуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, ведомствоаралық комиссияның бүгінгі отырысында қаралған тұжырымдамалардың толық атауы - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы және "ҚР кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы. Аталған екі құжатты да әділет министрлігі әзірлеп отыр.