Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша нақты міндеттемелер бар. Соған сәйкес, ол міндеттерді орындамаған мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. "Сосын қазіргі кезде әрбір мемлекеттік бағдарламаны Президенттің өзі бекітеді. Ал оны орындайтын - атқарушы органдар. Бағдарламаны Мемлекет басшысы бекіткеннен кейін ол органдар қандай да бір өзгерістерді енгізу, белгілі бір міндеттерді орындау мерзімін шегеру және тағы басқа себептермен xаттарды қарша боратып отырады. Сөйтіп, тиісті жұмыстардың орындалмайтынын алдын ала ескерткендей болып, жауапкершіліктен тайқып тұрады. Ондайда жауапкершілікті артудың өзі қиынға түседі. Енді, ондай болмайды. Үкімет мемлекеттік бағдарламаны өзі бекітеді де, өзі соған жауап беретін болады. Хатпен жауапкершіліктен жалтару да болмайды. Мәселен, нақты бір мемлекеттік бағдарламаның атауы жазылса, соның жанында жауапты адамның аты-жөні көрсетіледі", - деді Баймолдина отырыстан кейінгі брифингте.
Дегенмен, әділет вице-министрі қит етсе, бәрін бастыққа жаба салуға үзілді-кесілді қарсы. Оның ойынша, белгілі бір құжаттың орындалуы үшін жауапкершілік сол құжатпен айналысқан мамандарға жүктелуі тиіс. Ал бірінші басшы стратегиялық жұмыспен айналысуы қажет. Алайда Еуропа елдеріндегі осы іспетті тәжірибені енгізу үшін әлі де уақыт керек. Ең бастысы, сарапшы мамандардың жауапкершілігіне сай келетін жалақы төленуі шарт.
"Мәселен, мен өз департаментінде істейтін сарапшының 450 мың теңге алғанын қалаймын. Себебі ол көптеген нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасайды. Ол үшін мықты білім керек. Қазір жаңадан келген сарапшы 70-80-ақ мың теңге алып жү р", - дейді Баймолдина.