«Білім беру несиесі тиімді ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, айыр қалпақты ағайынның өткендегі жерін даулап, қазақ бауырының бақшасына келетін судың жолын жауып тастағаны біраз ойға жетелейді. Екі мемлекеттің арасында келісім болған. Барлығы заң жүзінде жасалған. Қада қағылған. Қоршау жүргізілген. Бірақ қырғыздың шүйкімдей ғана бөлігі суды байлап, бұлқан-талқан болып, үкіметін де, біздің шаруаларды да әбігерге салып қойды. Біздің тараптан ашу туғызатын-ақ жағдай. Бірақ сол жердегі халықтың көзқарасымен қарасаңыз, олар өз мүддесін күйттеп, жағдайларын ойлап отыр. Ең бастысы, олар өздерімен жұртты санастырды. Ал бізбен біреу санаса ма? Міне, сұрақ!

«Қызылордаңызда «Протон» құлады. Гептил төгілді. Ел де, жерде уланды. Бірақ «бұ қалай?» деген біреу болды ма? Жан-жақтан жамырап айтқандай болып ек. Сөзіңді құлағына қыстырған адам бар ма? Әрі-беріден соң Астанадан осы салаға жауапты бір адам келді ме? Бекшиннен басқа. Оның өзі «ешқандай қауіп жоқ» деп кетті. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров зымыран құлаған бетте неге келмейді Қызылорданың жеріне?»,-деп жазады мақала авторы «Қайсысы қымбат: адам ба, айлақ па?» деген мақалада.

Осы басылымда «Алғашқы күнде алтын жүлде» атты материал берілген. Моңғолияда өтіп жатқан кадеттер арасында грек-рим күресінен Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуандар бес медальға ие болды. Онда алғашқы күні 50 кило­ға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали мен 69 килоға дейінгі салмақта күрескен Темірлан Шадуқаев чемпион атанды. Алғашқысы финалда өз­бекстандық Ка­мариндин Зау­­рин­диновті тізе бүктіріп, Шадуқаев барлық үш кездесуде де қар­сы­ла­сына ұпай ұстатқан жоқ. Ол бірінші белдесуде Минг-Лианг Ванг­ты (Тайпей), одан кейін Манд­­­жит Далал (Үндістан) мен Кей­­ван Ризаи Далиниді (Иран) ұтты.

Чемпионатта Зелимхан Усма­нов (42 килоға дейін) пен Елнұр Мұхамеджан (54 килоға дейін) күміс жүлдегерлер атанды. Азамат Бисенғалиев (46 килоға дейін) қола жүлдеге ие болды.

***

«Айқын» басылымында «Білім беру несиесі тиімді ме?» деген мақала берілген. Білім грантына қолы жетпеген жастарымыз үшін мемлекет кепілдік беретін білім беру несиесі барын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сондықтан осы бір тиімді несиелеу түрін «Қаржы орталығы» АҚ-ның президенті Зәбира Оразалиева еске салды.
Аталған орталықтың дерегінше, 2005 жылдан бері білім беру несиесін алған студенттердің саны 2 757 адамды ғана құрайды. Оларға ұсынылған кредиттің көлемі - 1,4 миллиард теңге. Осы сандардың өзі білім беру несиесінен көпшіліктің әлі де болса бейхабар екенін көрсеткендей. Себебі ақылы оқуға түсу үшін ата-анасымен бірге қорадағы малды базарға сүйрейтіндер әлі көп. Ал егер олар білім беру несиесі туралы құлағдар болса, қуанып қалары анық. «Қазіргі таңда «Қаржы орталығы» екінші деңгейлі 4 банкпен жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «Халық банк», «БТА банк», «Альянс Банк» және «Ресейдің жинақтаушы банкі». Бұл несиенің ең тиімді тұсы сол, несие алар кезде студент дүние-мүлкін кепілдікке қоймайды, олар үшін «Қаржы орталығы» кепіл болады»,деді Білім және ғылым министрлігінде өткен брифингте Забира Жандарқызы. Оның айтуынша, банктердің үстемақысы 8-14 пайыз аралығында. «Студент оқып жүрген кезінде несиені жаппайды. Ол оқу орнын бітірген соң жарты жылдан кейін несиені төлей бастауы керек. Егер ол оқу бітірген соң жұмыс таба алмай жүрсе, несиені кепілдік берген «Қаржы орталығы» төлейді. Ал несие алушы адам кейін Қаржы орталығына қарыз болады да, жұмыс тапқан соң, қарызын өтей бастайды» дейді орталық жетекшісі.

Осы басылымның бүгінгі санында «Түркі одағына не кедергі?» деген мәселе көтеріліп отыр. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, Түркі бірлігін құруды өзіміздің алаш арыстары да ойлады, бірге болуға тырысты. Арғы ата-бабаларымыздың да арманы сол еді. Мұның артында тарихи, мәдени, тілдік, діндік және басқа да негіздер бар екені сөзсіз. «Мысалы, қарап отырсақ, посткеңестік кеңістіктегі көптеген интеграциялық жобалардың іске аспай жатуының басты себебі, астарында үлкен рухани негіз жоқ. Халықтың ықыласы жоқ. Мысал үшін көшеге шығып, кез келген қазақтан сұрашы, Ресеймен одақ болғысы келе ме, жоқ па? Әрине , «жоқ» дер еді. Соңғы кезде байқап отырмыз, Ресейдің саясаты, саясаткерлерінің сөзі өзгерген. Олар Кедендік одақ дегенді, Кеңестік империяны жаңғыртудың басы деп қабылдайды. Бұл - біздің мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін дүние. Біз көбіне интеграция дегеніміз - екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, сауда-саттық, пайда табу деп қабылдасақ, олар керісінше саяси мәселелерді алға қояды, яғни әскери, геосаяси мәселелерді. Жалпы, «бүгінгі күні бұл қиын екен, түркі одағы құрылуы екіталай дүние» деп қарауға болмайды. Яғни, біз ондай бола ма, болмай ма дегеннен гөрі, түркі елдері арасындағы түрлі байланыстарды ұлғайта беруіміз қажет. Мұның ақыры үлкен бірлестікке алып келуі әбден мүмкін», - дейді ол.