Білім гранты бөлінді, ЖОО-ға түсе алмағандар мемлекеттік кепілмен несие ала алады

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Тарыдай болып кіріп, таудай болып мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан, жоғары оқу орнында білімін жалғастыруды мақсат тұтқан барлық түлектердің арманы Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, студент атану екендігі шындық.

Дегенмен, мектеп бітіру - бір басқа, ал 11 жыл бойы жинаған біліміңді сынақ барысында көрсете білу - бір басқа. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, ағымдағы жылы 91 018 талапкер ҰБТ-ты тапсырыпты. Күні кеше 2011-2012 оқу жылына білім беру гранттарын тағайындау бойынша республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, бағы жанған 32946 адамға мемлекеттік білім грантын белгіледі. Бұдан бөлек дайындық бөлімдеріне 2275, Назарбаев университетіне 500, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 125, Х.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне 200 грант бөлініп отыр, барлығы 36046 грант өз иелерін тапты.

Сонымен сынақтан сүрінбей өтіп, студент атанғандардың жайы түсінікті, ал ақылы оқуға қаржысы жоқ, бірақ жоғары білім алып, білікті маман атануға талпынысы зор талапкердің жайы не болмақ? Бүгін елордада Астанадағы белді жоғары оқу орындарының бірінші басшыларының басын қосып, арнайы баспасөз конференциясын ұйымдастырған ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы осы сауалға жауап берге тырысты.

«Қаржы орталығы» АҚ президенті Забира Оразалиеваның атап өтуінше, мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлер ақылы түрде оқу үшін мемлекеттің кепілдігімен аталған орталық арқылы несие алуға мүмкіндігі бар. Оны еліміздің екінші деңгейлі банктерінен алуға болады. Қазіргі уақытта орталық бұл бағыттағы жұмыстарын «Альянсбанкі», «Тұранәлембанкі» және «Қазақстанның Халық банкі» арқылы жандандыру үстінде.

Шарттарына тоқталар болсақ, талапкер жоғарыда аталған банктердің біріне барып, ақылы түрде оқу үшін несие алуға келісімшарт жасасады. Осыдан кейін банк несие берілетіндігі туралы анықтама беріп, құжат талапкер таңдаған еліміздің кез келген оқу орнына тапсырылады. Бұл орайда айта кетерлігі, талапкердің банктен алып келген анықтамасы арқылы кез келген оқу орны оны студент ретінде қабылдауға міндеттенеді. Несие толық оқу жылына бөлінгенімен, әрбір семестр сайын беріліп отырады. Ол үшін студент өзінің оқу үлгерімі туралы анықтаманы әр семестр сайын банкке өткізіп отыруы керек. Ескеретін жайт, банктердің студенттің біліміне қатысты қояр талабы да бар. Оқуын жалғастыру үшін несие алатын студенттің оқу үлгерімі «Альянсбанкте» - 65 баллдан, «Тұранәлембанкі» мен Қазақстанның Халық банкісінде» - 55 баллдан кем болмауы керек.

«Студенттің оқу үлгерімі неғұрлым жақсы болса, онда Қаржы орталығы беретін кепілдеменің де пайызы жоғары болады. Мәселен, «Альянсбанктен» алынатын несие біздің кепілдемемізбен 100 пайыз жабылатын болады. Ал қалған қаржы ұйымдарының несиесіне орталық 90 пайызға дейін кепілдік береді», - деп атап өткен З.Оразалиеваның айтуына қарағанда, қалған 10 пайызға оқуға түсіп отырған азаматтың ата-анасы не болмаса жақын туысы қосалқы заемшы болады.

Білім алғысы келген азаматқа екінші деңгейлі банк тарапынан берілетін несиенің тағы бір тиімді тұсы бар. Атап айтқанда, мемлекеттің кепілдігімен берілген несие студент оқу орнын бітіріп, диплом алғаннан кейін, 6 айдан бастап қайтарыла бастайды. Ал оған дейін тек берілген несиенің үстемеақысы ғана төленіп отырады. Бұл орайда банктердің несие беру шарттарының әртүрлі екендігін ескере кеткен жөн. Мәселен, несиенің жылдық пайыздық ставкасы және өтеу мерзімі әр банкте әртүрлі. Ол «Альянсбанкте» тұрақты 17 жылға дейінгі мерзімге 9 пайызды құраса, «Тұранәлембанкінде» - 10 жылға дейін 8 пайыздан жоғары, яғни 13, 15 пайызға дейін өзгеріп отырады. Ал «Қазақстанның халық банкі» - 12 пайыздық ставкамен 10 жылға береді.

«Білім де өнім, оның да құны бар. Ақылы оқу деген бар. Оған барлық талапкердің бірдей мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан мемлекет, Білім және ғылым министрлігі тарапынан студенттерді әлеуметтік жағынан қорғау мәселесіне бағытталған іс-шаралар ұсынылып отыр. Соның бірі Қаржы орталығы арқылы студенттерге несие беру. Бұл әлемдік тәжірибеде кең орын алған шара. Өкіншке орай бізде бұл бағыт әлі де болса әлсіз жүргізіліп келе жатыр», - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уинверситетінің ректоры Ерлан Сыдықов екінші деңгейлі банктермен ұсынылатын несиелік білім беру бағдарламасын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Еуразия ұлттық университеті жаз айларында студенттерді қызметке орналастырып, сол арқылы олардың оқу ақыларын өтеу мүмкіндіктерін қарастыруда. Жалпы оның алға тартқан деректеріне қарағанда, ағымдағы жылғы мемлекеттік білім грантына ие болған студенттердің 3 мыңнан астамы Еуразия ұлттық университетіне қабылданған. Сондай-ақ республика бойынша «Алтын белгіге» ие болған 3 мыңға жуық түлектің 1 мыңға жуығы да осы университеттен білім нәріне сусындамаққа бел буған.

Өз қалтасынан қаржы шығарып, жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндігі жоқ жастарға мемлекет тарапынан қолдау осылай да беріліп отыр. Ал таңдау жасау - кез келген азаматтың еншісінде.