***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, өткен жылдың қазан айында Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық ІІБ мен Бейнеу стансасының Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері «Қылмысты іздестіру қызметі» төл мерекесіне орай мейрамханаға жиналып, отырыс ұйымдастырады. Сонда Бейнеу аудандық ІІБ бастығы А.Боранов бөлімше қызметкері А. Шаленовті мейрамхана алдында ұрып-соққан. А.Шаленов алған соққылардан есіне келместен, Бейнеу аудандық орталық ауруханасында қайтыс болған. Осыған орай жақында Ақтау қалалық сотында қолы қанды А.Борановқа және оның сыбайласы, Бейнеу аудандық ІІБ уақытша ұстау абақтысының полицейі А.Қуанышбековке қатысты үкім оқылды. Қызметтің буына масайып, өз қарамағындағылардың қызметіне емес, тағдырына да қожамын дегендей қаныпезерлікпен арыстай азаматтың өмірін қиған жұдырығы жуан «бастық» 8 жылға, бастығының қолшоқпарына айналамын деп жүріп жақсы мен жаманды айырудан қалған А.Қуанышбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы басылымда «Тұтынушылар мүддесі ескерілмейтіні қалай?» деген материал берілген. «Монополистер тығырықтан шығу жолы бағаны көтеру деген пікірге сүйенуін қояр емес. «СевКазЭнерго» АҚ-тың жуырдағы ұсынысы тұтынушылардың төбесінен жай түсіргендей болды. Күн санап өршіп бара жатқан қымбатшылық салдарынан қалтасы да, жүйкесі де әбден жұқарған қарапайым жұртшылықтың бұдан кейін қыстан шыққан көтерем малдай елестер халі монополистерді еш ойландырмайтыны, керісінше, сүлікше соруын үдете түскені шымбайға батпай қоймайды. Олар тарифті көтерудің оңай жолына көбірек ден қойып, даяр асқа тік қасық болғанды қолай көретін тәрізді.АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алла Язовская ханым қоғамдық тыңдау барысында 1 шілдеден бастап жылу тарифі 51,4 пайызға өсетінін мәлімдеп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Мұндай қадамға амалсыз барып отырғандарын айтып, қанша ақталуға тырысқанымен, бағаны шарықтатудың себеп-салдары қоғамдық тыңдау кеңесінің мүшелерін иландыра алмады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қызылорда облысы Қазалы ауданы Шәкен ауылындағы №134 орта мектептің мұғалімдері директор Ш.Жаңабаеваның әрекетіне шыдай алар емес. Мектепті 2001 жылдан Ш.Жаңабаева басқарып келеді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Мұнда қалыптасқан бір дәстүр бар. Жылда келетін атаулы мерекелерде директордың үйіне мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің сыйлық апаруы дәстүрге айналған. Білетіндер құттықтап бармаған адамның жұмыста ізіне түсу Ш.Жаңабаеваның ұзақ жылдардағы «сүйікті ісі» дегенді айтады. «Мысал керек пе? Биыл 2013 жылдың 8 наурыз мерекесінде дәстүр бойынша мектептің ерлер ұжымы әйел мұғалімдерді мектеп қабырғасында құттықтап, сыйлық жасаған. Ал директордың үйіне дәстүр бойынша құттықтап бармағаны үшін мектептің технология пәнінің мұғалімі Әділ Үмбетов, тарих пәнінің мұғалімі Досжан Ермаханов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдарбек Өтетілеуов, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Нұрлыбек Өмірзақов пен Мейрамбек Әлмаховты мектеп директоры наурыз айының 11-і күні сағат 17-00-ге кезектен тыс жиналысқа шақыртады. Кезектен тыс жиналыста 5 мұғалімнен бөлек оқу ісі меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы С.Саймаханұлы да болады. Жиналыста директор Ш.Жаңабаева «мейрамда мені неге құттықтап келмейсіңдер, мектепке көппен бірге берген азғана сыйлықтарыңды міндет қыласыңдар ма?» деп ойына келгенін айтқан көрінеді»,-деп жазады басылым «Білім ордасындағы былықты кім тоқтатады?» атты мақалада.
«Бүгінде жүрдек деген пойыздың өзі Астанадан Алматыға жарты тәулік жүретіні белгілі. Осы уақытты 4-5 есеге қысқартуға болады екен. Қарағандылық өнертапқыштар осындай жоба ұсынып отыр. «Бүркіт» деп аталатын заманауи отарбаның жобасы жақында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен инновациялық кластерді дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысында таныстырылды»,-делінген «Айқын» газетіндегі «Ұшаққа ұқсас пойыз» атты мақалада. Тұжырымдама авторының айтуынша, бұл пойыз ірі қалалар арасындағы барыс-келістi арттырып, туристердің көбеюіне септігін тигізбекші. Жылдамдығы сағатына 400 шақырымнан асады деп болжануда. Сондай-ақ, бұл теміржол құрылысы өзіне қажетті энергияны күн және жел генераторлары арқылы алатындықтан, экологиялық таза жоба болмақшы. «Бүркіт» пойызы Астанадан Алматыға дейін жолаушысын 157 минутта жеткізуді көздейді. Уақыттың кемуіне біріншіден заманауи отарбаның жылдамдығының арттырылуы, екіншіден жолдың қысқаруы себеп болмақшы. Жолды Балқаш көлі арқылы өтетін көпір үстінен салу көзделгендіктен, арақашықтық 180 шақырымға қысқармақшы.