Білімді ақпараттандыру саласында қолданылып жүрген терминдерді жүйелеп, нақтылау керек – профессор Есен Бидайбеков

АТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін, 26 қараша - Халықаралық ақпарат күні. Қызметі ақпараттық технологиялар мен компьютерге негізделген кәсіп иелерінің мерекесі. 1988 жылы негізі қаланған Халықаралық ақпараттандыру академиясының бастамасымен атап өтіледі.Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде тәуелсіз мемлекет болған еліміз,

ХХІ ғасырдың бастап жаһандық ақпараттандыру процесіне белсене кірігіп кетті. Бүгінде Қазақстан қоғамында білімді ақпараттандыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Ал бұл іс қалай жүргізіліп жатыр, қандай жетістіктеріміз бар, кемшін түсіп жатқан тұстарымыз қайсы? Осы мәселелердің байыбына үшін физика-математика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры, Ресейдің Білімді ақпараттандыру академиясының академигі Есен Бидайбековті әңгімеге тартқан едік.

- Есен Ықыласұлы, білімді ақпараттандырудың қандай басты ерекшеліктері бар?

- "Ақпарат" сөзі "информация" деген халықаралық терминнің қазақ тіліндегі баламасы. Бұл сөзді жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырдың бас кезінде біздің қазақ журналистері қалыптастырды. Бір кездері қазақ тілді журналистер қалыптастырған "ақпарат" сөзі қазіргі таңда ғылымда, техникада, тұрмыста жиі қолданылатын атаулардың біріне айналды. Ал "информатика" сөзі ақпаратты жинақтау, сақтау, тарату деген ұғымды білдіреді. «Информатика» өңдеу амалдарын компьютер арқылы іске асырудың заңдарын және заңдылықтарын зерттейтін пән әрі ғылым саласы ретінде түсіндіріледі.

«Иоформатика» термині кеңес үкіметі кезінде орта білім беру жүйесіне мектеп пәні ретінде (1985 жылы) енгізілді. Яғни бұл процесс қазақ журналистерінің "ақпарат" сөзін қалыптастыруынан бұрынырақ болды, сондықтан да "информатика" атауы еш аудармасыз, сол күйінде қабылданып қалды.

Көптеген әлемдік тілдерде "информатика", "информация" терминдері аударылмай, сол күйінде қабылданған. "Ақпарат", "мағлұмат" ұғымдары бір-біріне өте жақын, сондықтан да «ақпарат» сөзі жалпы өмірде кеңінен қолданысқа еніп кетті. Ал жалпы білімнің, хабардың жеке адам өмірінде ғана емес, бүкіл қоғам өмірінде де өте маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Қоғамдағы ақпараттың таралу ауқымының тез өсуіне қазіргі заман адамының ақпаратпен жұмыс істей білу икемділігі оң ықпал етуде. Адам өмірінің мақсаттарының бірі - мүмкіндігінше көп мағлұмат алып, әртүрлі халықтардың мәдениетіне араласу, яғни ақпаратты барынша көбірек игеру. Әр нәрсенің мән-мағынасына, әсіресе, оқып, білім алу кезінде үңілу еріккеннің ермегі емес, керек десеңіз бұл ұмтылыс өркениетті бүлініп талқандалудан сақтап қалудың бірден-бір баламасыз жолы. Әр нәрсенің мән-мағынасы неғұрлым тезірек түсінілсе, біз соғұрлым көп нәрсені сақтап қала аламыз. Сол себепті де француз дипломаты Э. Талейранның "кім ақпаратқа ие, сол әлемді билейді", деген сөзі бүгінгі таңда тек саяси мағынамен ғана емес, одан да ауқымдырақ - экономикалық, әлеуметтік мағынамен де толықтырыла түседі.

- Ақпараттандыру процесі қоғамды өзгертуге қаншалықты ықпал ете алады?

- Қазіргі кезеңге дейін 6 ақпараттық революция болды. Бірінші кезеңде - тіл мен адамның анық сөйлеуі, екінші кезеңде - жазу, үшінші кезеңде - кітап басып шығару, төртінші кезеңде - ақпаратты жіберу мен тарату пайда болды. Осы төртінші кезеңде телеграф, телефон, радио және телевидение сияқты құралдар ойлап табылды. Ал бесінші кезеңге - адамзат баласының есептеу техникасын белсенді пайдалана бастаған кезін жатқызуға болады. Бүгінгі таңда біз компьютерлік желілердің пайда болуына және олардың мультимедиа технологиялары мен виртуалды шындықпен ықпалдасуына байланысты алтыншы ақпараттық революцияның күәсі болып отырмыз. Ақпараттандыру қоғам өмірінің барлық салаларына революциялық әсер жасай отырып, адамдардың өмір сүруін және қызмет етуі жағдайларын, мәдениетін, жүріс-тұрыс стереотипін, ойлау жүйесін түбегейлі өзгертуде.

Ақпараттық технологиялар саласындағы айқын прогресс ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарда "ақпараттық қоғам" атауының пайда болуына әкелді. Ғалымдардың көбі ақпараттық қоғам деп - оның басты өнімі мағлұматтар болып табылатын қоғамды түсінеді. Кейбір бағалаулар бойынша біздің дәуіріміздің басынан бері адамзат жинақтаған мағлұматтардың екі еселенуі бірінші рет 1750 жылға, екінші рет ХХ ғасырдың басына, үшінші рет 1950 жылға таман болған. 1950 жылдан бастап әлемдегі білімнің жалпы көлемі әр 10 жылда, 1970 жылдан бастап әр 5 жылда, ал 1991 жылдан бастап жыл сайын екі еселенуде. Бұл бүгінгі күнде әлемдегі білім көлемінің 250 мың еседен аса артқанын білдіреді.

- Ақпараттық қоғамның қалыптасу тарихына көз жүгіртсек әр кезеңде қызметтің жаңа түрлері қалыптасып, дамып отырғанын аңғаруға болады. Бұл үрдістің білім беру процесіне әсері қандай?

- Соңғы жылдары қоғамда компьютерлік техника мен ақпаратты өңдеу процестері бойынша консультациялық, ғылыми-ақпараттық және тағы да басқа қызметтер көрсететін адамдардың кәсіби топтары пайда болды. Жаңа ғылыми және кәсіби бағыттардың пайда болуы кадрлар дайындаудың арнайы жүйесін талап етеді. Бұл жүйеге қоғамды ақпараттандыру кезеңінің шынайылығы және оқытудың мазмұны ғана емес, әдістері мен құралдары да сай болуы тиіс. Білімді ақпараттандыру мәселесіне мемлекет те ерекше көңіл бөлуде. Қоғамды ақпараттандыруды дамыту процесіне мемлекеттік тұрғыдан жүйелі келудің қажеттілігі ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында көрініс ала бастады.

Тарихи тұрғыдан білімді ақпараттандыру - басқарылатын және басқарылмайтын екі негізгі бағытта жүзеге асырылады. Басқарылатын білімді ақпараттандыру - ұйымдастырылған процестік сипатта болып, материалдық ресурстармен сүйемелденеді. Оның негізін көпшілікпен мойындалып, негізделген тұжырымдар мен бағдарламалар құрайды. Басқарылмайтын білімді ақпараттандыру -білім жүйесі қызметкерлерінің бастамасымен төменнен жүзеге асырылып, білім қызметінің және пәндік аймақтардың ең көкейкесті салаларын қамтиды.

Елбасы Қазақстан халқына жолдауында: "Біз бүкіл ел бойынша білімнің сапалы қызмет етуін әлемдік стандарттар деңгейінде ұсынуға қол жеткізуге тиіспіз. ...Он-лайн режимінде оқыту практикасын дамыту, жаратылыстану - ғылыми бағдарлы арнайы сыныптар жүйелерін қарастыру қажет", - деген болатын. Білім және ғылым министрлігі мектептерді компьютерлендіру, оларды ғаламторға қосу мен телефондандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде орта жалпы білім беру ұйымдарының компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі, мультимедиялық кабинеттерді есепке алғанда, 1 компьютерге - 21 оқушыдан, ал ауылдық мектепте - 20 оқушыдан келеді. Ғаламтор желісіне жалпы білім беру мектептерінің 98 пайызы, оның ішінде ауылдық мектептердің - 97 пайызы қосылған. Дегенмен, ақпараттандыру - тек компьютерлер және онымен байланыстылар ғана емес екендігін де есе ұстау керек. Ақпараттандыру дегеніміз сонымен қатар білім беруді ақпаратпен, оқу көздерімен және ақпараттық технологиялармен кенелту. Бұнда компьютер ұғымы атымен жоқ. Мектеп кітапханасына жаңа кітаптың түсуі - ол да ақпараттандыру. Сондықтан да ақпараттандыру процесінде құралдардың бәрі компьютерлік болуы міндет емес. Ақпараттандыру сөзінде компьютрлендірудің нышаны да жоқ. Ақпараттандыру кең ұғым. Екіншіден, білім беруді ақпараттандыруды тек процесс деп түсіну үлкен қате. Процесті оқыту мүмкін емес.

- Қазіргі таңда біздің қоғамда ақпараттандыруды тежеп отырған қандай негізгі мәселелер бар?

-Негізгі проблемалар - екеу. Біріншісі - ақпараттандыру құралдарын пайдаланып, жұмыс істеуге педагоктардың көпшілігінің дайын еместігі. Екіншісі - білімдегі ақпараттық ресурстардың мазмұндық толықтырмалары сапасының төмендігі және оқытудың әдістемелік жүйелеріне байланыссыздығы әрі сәйкес еместігі. Байқасаңыз, компьютерлердің, интернеттің және басқалардың жоқтығы шын мәнінде мәселе емес. Ақша бөлінсе, оның бәрі шешіледі. Ал компьютерлері және желілері бар, бірақ олармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейтін және ресурстары жоқ жағдайлар жиі кездеседі. Әңгіме түймешікті баса алмауда немесе бағдарламаларды қосып, пайдалануды білмегендікте емес. Бұны үйрену қиын емес, қажет болса кітаптар, курстар және тағы басқалар бар. Ал ақпараттандыру құралдарын пайдаланып, оқытудың тиімділігін арттыруға үйрету - бұл әрине, проблема. Мұны, компьютерді пайдалана алатындығына қарамастан, педагоктар түгелдей дерлік білмейді деуге болады.

Білімді ақпараттандыруды іс-әрекет ретінде қазіргі педагоктарға да, келешектегі педагоктарға да оқыту керек. Педагогикалық жоғары оқу орындары студентерінің барлығы білімді ақпараттандыру саласы бойынша дайындықтан өтуі тиіс. Педагогикалық жоғары оқу орындарында әдістемені қалай оқытатын болса, білімді ақпараттандыруды да солай оқыту керек.

Білімді ақпараттандыру - бұл оқытуды ғана ақпараттандыру емес. Бұл дегеніміз - оқу қызметін, оқу нәтижелерін бақылау мен өлшеуді, оқудан тыс қызмет пен тәрбиелеу үдерістерін, ғылыми зерттеу қызметін және ғылыми әдістемелік қызметті, сол сияқты ұйымдастыру-басқару қызметін ақпараттандыру. Бұның барлығы өзара байланыста әрі қайшылықсыз ақпараттандырылуы тиіс.

Ресурстар мен технологиялар сапалы болып, сапаның кешенді сараптамасынан өтуі тиіс. Олар «пайдалану көп болса тіпті жақсы» деген қағида бойынша жүзеге асырылмай, шын мәнінде қай жерге қажет болса, сол жерде білім жүйесінің талаптарына сай болуы тиіс. Қазіргі кезде бізде ресурс жасалынады, ал ол «қай жерде, қалай пайдаланылады» оны ешкім ойламайды.

Интернеттегі ресурстарды да жүйелеу қажет. Ақпараттандыру құралдарына "ортақ жол ашатын" порталдар керек. Ресурстардың білімге қажеттілігін зерттеп, соған сәйкес және сараптамадан өткен соң оларды орналастырып, жүйелеу қажет. Мысалы, егер білім порталында Пушкиннің 120 портреті, Менделеевтің 78 портреті жиналған болса, онда бұл артық нәрсе. Біз қазір "әртүрлі тілде" сөйлейміз. Информатиканың, білімді ақпараттандырудың терминдерін, әсіресе мемлекеттік тілде жүйелеп, нақтылау керек. Бұдан басқа, оқытушы жағынан, сол сияқты оқушы жағынан болсын ақпаратқа сын көзбен қарау қажет. Сапалысын сапасызынан, жетілгенін жетілмегенінен ажырата білу керек. Қазір ақпараттық білім ордасын қалыптастыру әрекеті көптеген жоғары оқу орындарында қолға алынуда. Бірақ ол әрекеттер, әдетте жекеленген ақпараттық құралдар мен технологияларды өзара үйлестірудің техникалық мәселерін шешуге келтіріледі де, ақпараттандыру құралдарын пайдалануды сипаттайтын мазмұн мен әдістерді бірізділендіру мәселелері зерттеу шеңберінен тыс қалып қояды. Жүргізілген жұмыстар алдын ала мүмкін болатын теориялық аспектілерді ескере отырып жоспарланбайды.

-Осы арада әліпбиді өзгертуге қатысты ойыңызды айта кетсеңіз?

- Меніңше, ерте ме, кеш пе біз бәрібір латын әліпбиіне көшеміз. Оны сан-саққа жүгіртіп, астарынан саяси мән іздеуге әуестенушілер бар. Барлық мәселе қоғам мүшелерінің психологиялық дайындығына тіреліп тұр. Егер бұл үрдіс тезірек жүретін болса, қазір қолымыз жетпей жүрген көптеген мәселелер жеңілдейді. Латынға көшсек біраз нәрсе ешкімнен сұрамай-ақ шешіліп қалуы мүмкін. Сондай-ақ жаһандану үдерісіне кірігуді жеңілдетеді. Мәселен, қазір аға буын өкілдері ағылшынша жазуларға мән бермейді. Егер латынға көшетін болсақ оған жұрттың бәрі көңіл бөледі. Әрине, әліпбиді кирилицадан латынға көшіру белгілі бір уақытты қажет ететін шара. Дегенмен ол осы уақытқа дейін жинақталған жазба мұрамызды латынша көшіруге тіреліп тұрған жоқ. Оған қажетті құрал бізде жеткілікті. Шындап келгенде бәрі ерік-жігерге тіреліп тұр. Кейбіреулер бұл бізге қосымша шығын әкеледі деуі мүмкін. Шығынсыз кіріс болмайды. Оның үстіне бұл шара біздің тәуелсіздігімізді бекемдеп, бәсекелестік қабілетімізді көтеруге қызмет ететін үлкен іс болмақ.

- Сұхбатыңызға рахмет!