Билл Клинтон БҰҰ-ның Гаити экономикасын қалпына келтіру жөніндегі жобаларымен айналысатын болады

АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаити бойынша арнайы өкілі және АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон зілзаладан зардап шеккен Гаити экономикасын қалпына келтіру мәселелерін үйлестірумен айналысатын болады.

Бұл туралы бейсенбі күні журналистерге БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Клинтонмен болған кездесуден кейін хабарлады.

Қаңтардың 12-сінде болған жерасты дүмпулерінің салдарынан Гаитиде, түрлі мәліметтер бойынша, 200 мыңға дейін адам қаза тапты, үш миллионға жуық адам зардап шекті. Батыс жартышардағы ең кедей ел болып табылатын Гаитидің экономикасы үлкен зардап шегіп отыр, келген зардаптың ауқымы БҰҰ, Еуроодақ, Дүниежүзілік банк және Америкааралық даму банкі ұйымдарының бірлескен талдауының барысында анықталмақ.

Пан Ги Мунның айтуынша, АҚШ-тың бұрынғы президенті БҰҰ-ның Даму бағдарламасының жобаларын үйлестіретін болады. Бұл жобалардың аясында Гаити тұрғындарын үйінділерді аршу және зақымданған электр сымдарын, құбыр желілерін, байланыс желілерін, жолдарды және басқа да инфрақұрылымдарды жөндеу жұмыстарына тарту қарастырылып отыр.