Былтыр 11 аралда бар еді, биыл екеуінде ғана: Каспийдің тартылуы итбалыққа қалай әсер етіп жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Каспий итбалығы - Қазақстандағы жалғыз теңіз сүтқоректісі. Бұл жануар тек Каспий теңізінде мекендейді және эндемик түр саналады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі, қоршаған ортаның ластануы, аурулар мен адам әрекеті итбалықтардың тіршілігіне әсер етіп отыр.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

Каспий итбалығының мінез-құлқын, таралуын және популяциясына әсер ететін факторларды зерттеп жүрген ғалымдардың бірі — Әсел Баймұқанова. Ол 11 жыл ішінде 25-тен астам экспедицияға қатысып, төрт жылдық бақылау барысында итбалықтардың 60-тан астам мінез-құлық әрекетін анықтаған. Зерттеуші жыл сайын көктемде және күзде Солтүстік-Шығыс Каспийдегі аралдарда бірнеше апта бойы далалық жұмыстар жүргізеді. Әсел Баймұқанова Kazіnform тілшісіне биылғы экспедиция барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі туралы айтып берді.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

— Биыл Каспий итбалығын зерттеу мақсатында өткен экспедиция барысында қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

— Биылғы экспедиция Ақтауға түнгі сағат бірде ұшып келгеннен кейін-ақ басталды. Таңғы сағат бесте қайықпен Тюленьи аралдары архипелагына жолға шықтық. Мақсатымыз — онда итбалықтардың бар-жоғын анықтау. Аралдарға 23 наурызда жетіп, екі күн жұмыс істедік. Негізінен өлекселерді зерттеп, қырылған жануарлардан сынама алдық. Сонымен қатар дрон арқылы мониторинг жүргіздік. Сол кезде алаңдатарлық жағдайға көз жеткіздік: былтыр итбалықтар 11 аралда шоғырланса, биыл жаңадан пайда болған небәрі екі аралда ғана жатқаны анықталды. Мұндай күрт өзгерістің себебін әлі де зерттеу керек.

26 наурызда Қаражанбас аумағына көшіп, теңіздің солтүстік-шығыс бөлігін ұзақ уақыт бойы бақылауға дайындалдық. Алайда үш күндік дауылға байланысты күтуге тура келді. 29 наурызда екі қайықпен теңізге шығып, 7 сәуірге дейін таяз солтүстік-шығыс бөлікте жұмыс істедік. Итбалықтардың басым бөлігі дәл осы аумақта шоғырланады.

— Итбалықтардың қоректік базасы — балық қорының жағдайы қандай? Балық санының азаюы олардың тіршілігіне әсер ете ме?

— Біз Каспий итбалығының қорегін нақты зерттеп келеміз. 2015-2022 жылдар аралығында жиналған нәжіс сынамаларынан алынған 8600-ден астам балық отолитін талдадық. Тіпті осы отолиттер арқылы итбалық жеген балықтың ұзындығын анықтау әдісін де ұсындық.
Зерттеу нәтижесінде итбалықтардың қорегінің 79,34 пайызын бұзаубас балықтар, 15,99 пайызын атериналар құрайтыны анықталды. Сонымен қатар майшабақ, майшабақ тұқымдас ұсақ балықтар, тұқы және кефаль тұқымдастары да кездеседі.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

— Теңіздің мұнай өнімдерімен, пластикпен және басқа да қалдықтармен ластануы итбалықтарға қандай қауіп төндіреді?

— Теңіздің өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы қалдықтарымен ластануы ұрғашы итбалықтардың ұрықтану қабілетінің төмендеуімен де байланысты. Бұл — популяцияның көбеюіне тікелей қауіп. Пластик пен теңіздегі қоқыс мәселесін де бес жыл бойы, 2019-2023 жылдары зерттедік. Теңіз жағалауы мен Түпқараған түбегінде, сондай-ақ Тюленьи аралдарындағы Құлалы, Подгорный, Рыбачий және Морской аралдарында қараусыз қалған балық аулау торлары мен қоқыстарды жинадық.

Бес экспедиция барысында тек қараусыз қалған балық аулау торларының өзінен 17 тоннаға жуық қалдық жиналды. Ал жалпы көлемі шамамен 40 тонна түрлі қоқыс шығарылды. Микро және макропластиктің теңіз жағалауы мен акваториясын ластағанын анықтадық. Пластик тоғыз түрлі балықтың асқазан-ішек жолынан табылды. Ал жақында итбалықтың асқазанынан пластик пакет таптық. Бұл — біз үшін жай ғана болжам емес, нақты деректермен дәлелденген үлкен қауіп.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

— Экспедиция барысында жарақаттанған, әлсіз немесе ауру итбалықтар кездесті ме? Олардың жағдайы нені көрсетеді?

— Иә. Осындай жағдайлардың бірі менің өмірімді түбегейлі өзгертті. 2015 жылы Кендірлі шығанағында алғаш рет суға түсіп, итбалықтарды камераға түсіруге мүмкіндік алдым. Бір кезде балық аулау торына шырмалып қалған итбалықты көрдім. Алғашында оны өліп қалған шығар деп ойладым. Бірақ ол қозғала бастады. Тұншығып жатты. Мені қатты толғандырғаны — оның жанында тағы екі итбалықтың кетпей тұрғаны. Олар қиналып жатқан туысын тастап кетпеген.

Оны құтқару мүмкін болмады. Мен оның тірі қалмайтынын түсіндім. Осы жағдайдан кейін бірнеше күн ұйықтай алмадым. Сол кезде мен жай ғана камера ұстап, сырттай бақылаушы болғым келмейтінін түсіндім. Бұл жануарларға кәсіби маман ретінде көмектесіп, оларды сақтауға нақты үлес қосқым келді. Қазір де ауру және әлсіреген итбалықтарды кездестіреміз. Жатын орындарда көзі ауырып, тіпті соқыр болып қалған жануарлар бар. Кейбірі қатты әлсіреп, арықтап кеткен.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

— Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Оны қорғау үшін қазіргі шаралар жеткілікті ме?

— Соңғы жылдары Каспий итбалығын зерттеуге және қорғауға көңіл бөлініп келе жатқаны қуантады. Біз 2017 жылдан бастап мемлекеттік табиғи резерват құру туралы ұсыныс айтып келдік. 2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал 2025 жылы Қазақстан Үкіметі түрді сақтау жөніндегі жоспарды бекітті. Бұдан бөлек, резерват аумағында оңалту орталықтарын құруды және кеме қатынасына шектеу енгізуді ұсындық. Бұл ұсыныстардың бір бөлігі нақты шешімдерден көрініс тапты.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

— Каспий итбалығының болашағына қатысты ғалымдар қандай болжам жасап отыр? Популяцияны қалпына келтіруге мүмкіндік бар ма?

— Шынымды айтсам, қазір біржақты оптимистік болжам айту қиын. Дегенмен жануарларды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Мені ерекше алаңдататын көрсеткіштің бірі — Каспий итбалығының өмір сүру ұзақтығы. Қазір олардың ең ұзақ өмір сүретін жасы 32 жылға әрең жетеді. Ал бұрын 50 жасқа дейін өмір сүрген дарақтар болған. Бұл жануарлардың бұрынғыдай ұзақ жасқа жетпейтінін көрсетеді. Демек, популяция бір реттік емес, ұзақ уақыт бойы жинақталған созылмалы қысымды бастан өткеріп жатыр. Сонымен бірге популяцияны қалпына келтіру мүлде мүмкін емес деп айта алмаймын. Біздің зерттеулеріміз бен ұсыныстарымыз нақты өзгерістерге ықпал етті. Қазақстан Үкіметі мен Мемлекет басшысы да популяцияның жағдайына алаңдап отыр.

Фото: Әсел Баймұқанованың жеке архивінен

Мемлекеттік табиғи резерват құрылып, түрді сақтау жөніндегі Үкімет жоспары бекітілді. Бірақ жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жекелеген шаралар жеткіліксіз. Токсикология, ауруларды зерттеу, популяция санын анықтау, мінез-құлқын бақылау және теңіздің ластануын зерттеуді біріктіретін ұзақ мерзімді ғылыми бағдарлама қажет. Өйткені итбалықтардың мезгіл-мезгіл жаппай қырылуының себептері әлі толық анықталған жоқ. Ал оның нақты себептерін білмей тұрып, популяция міндетті түрде қалпына келеді деп айтуға әлі ерте.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулермен қатар адам әрекетінен түсетін қысымды азайту да аса маңызды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының теңізге тигізетін әсерін төмендетіп, жағалау мен теңіз акваториясын қоқыстан тазарту жұмыстарын тұрақты жүргізу керек.

Бұған дейін Маңғыстауда итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылғанын хабарлаған едік. АШМ түсіндіруінше, Каспийдегі итбалықтардың қырылуы бүкіл теңіз акваториясында болып жатыр.  

Фото: Әсел Баймұқанова