Бір ауданда екінші мешіттің құрылысы басталды - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданы Дариян ауылында жаңа мешіттің құрылысы басталды.

Ұзақ жылдан бері ескі ғимаратта орын тепкен мешітті жаңарту туралы ауыл ақсақалы Асылбек қажы Сұлтанғалиевтың жамағат атынан бастама көтеріп, жасаған өтінішіне аудан әкімі Кәрім Жақыпов қолдау білдірді.

«Мешіт салудан асқан бақыт бар ма?! Пайғамбарымыз Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, іргесі қаланған жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Үйде оқылған намазға қарағанда, мешітте өтелген ғибадаттың сауабы мол. Құдайдың үйінде құлшылық жасауға асығыңыздар. Тыныш заманда өмір сүрейік. Барлығыңызды жаңа қайырымды істің басталуымен құттықтаймын», - деді жаңа мешіттің іргетасын қалау салтанатына арнайы қатысқан БҚО орталық мешітінің найб имамы Самат Қанатқалиұлы.

Жиында аудан әкімі Кәрім Жақыпов сөз алып, Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы мәңгілік желбіреп, дін мен дәстүріміздің жаңғыра беруіне тілектестігін білдірді. Асылбек қажы Сұлтанғалиев мешіт құрылысына қолдау танытқан аудан басшысына, жанашырлық пен демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер А.Батыров, А.Жұбандықов пен құрылыс мердігері С.Мерғалиевқа алғысын білдірді.

Айта кетейік, бұл биыл ауданда салына бастаған екінші құлшылық орны. Бұдан бұрын аудан орталығы Переметныйда жаңа мешіттің қазығы қағылған болатын.