ОРАЛ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде Варвара, Павел және Богдан Качало оқып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Варвара қазір мұнда төртінші, Павел үшінші сыныпта оқитын болса, Богдан кеше мектепке алғаш рет барды. Балалардың әкесі Станислав Качало - облысқа танымал адам, кезінде облыс әкімінің орынбасы қызметін де атқарған ол қазір «Казармапром» ЖШС бас директоры. Бүлдіршіндердің анасы Елена Петровнаның сөзіне қарағанда, қызы Варвара мемлекеттік тілді меңгеруді «Балапан» балабақшасынан бастаған. Қазір ол қазақ тілінде білім алумен бірге фортепианода шеберлігін жетілдіреді. Ал Павел биылдан бастап домбыраны үйренбекші. Богдан да болашақта мұндай құлшыныстан тыс қалмақ емес.
Қазақстан Үкіметі барша қазақстандықтың он жылдан кейін түгелге дерлік мемлекеттік тілді білуі қажеттігін міндет етіп отырғаны белгілі. Балаларын қазақ мектебіне берген Качалолар отбасының бұл жағынан олқы соқпасы анық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).