Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде 18,07 млн адамға онкологиялық диагноз қойылады. 2018 жылы онкоаурудан 9,6 млн адам көз жұмған. Рактың ең жиі кездесетін түрлері - өкпе рагы, сүт безі ісігі, тоқ және тік ішек ісігі, қуық безі мен асқазанның қатерлі ісігі.
Дәрігерлердің айтуынша, ауру деңгейіне әсер етіп отырған кең таралған мәселелердің бірі - медициналық көмекке кеш жүгіну және ауру диагностикасының қолжетімділік деңгейінің төмендігі.
Алматыдағы баспасөз мәслихатында Америкалық және Еуропалық хирургтар коллегиясының мүшелері, білікті онкологтар қазір бүкіл әлемде диагностиканың мынадай әдістері сұраныста айтты. Ол - рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу, тексерудің эндоскопиялық әдістері, компьютерлік томография, МРТ (магниттік-резонанстық томография), ПЭТ-КТ (позитрондық-эмиссиондық томография, компьютерлік томография), онкомаркер тестілері, ұлпа биопсиясы.
ПЭТ-КТ - ішкі органдарды зерттеуге мүмкіндік беретін томография түрі. Ал онкомаркер - аурудың ерте сатысында онкоаурудың бар-жоғын анықтап беретін қан талдамасы.
«Диагностикада біз әлемдік медицинаның заманауи тәсілдерін қолдануға тырысамыз. Мысалы, стамбулдық клиника тәжірибесінде ауруды ерте сатысында анықтайтын бірегей әдіс - СTC (Circulating Tumor Cells - айналмалы ісік клеткалары) деп аталады. Оны сондай-ақ «сұйық биопсия» деп те айтады. Ол рактың дамуын қан тамшысынан, ерте сатыда білуге көмектеседі. Ал бұл кезде оны дәстүрлі әдстермен анықтай алмайсың», - дейді радиациялық онкология профессоры, Еуропалық радиациялық хирургтар қоғамының (ESTRO) мүшесі Хале Чалар.
Бүгінде әрқилы қатерлі ісіктерді емдеуде аурумен тиімді күресуге мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер қолданылады.
«Барлық тиісті терапевтік процедуралардан кейін көрсетілетін паллиативті медициналық көмектің маңызы зор. Паллиативті көмек - онкологтар, фармацевтер, әлеуметтік сала жұмысшылары мен медбикелердің тәжірибесіне негізделген кешенді әдіс. Оның мақсаты - пациенттің үйреншікті өмір салтын барынша қамтамасыз ету», - дейді профессор Хале Чалар.