Бірінші лига: «Ақжайық» төртінші орынға табан тіреді

ОРАЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасының ойындары мәреге жетіп, Оралдың «Ақжайығы» төртінші орынды қанағат тұтты.

Біріншілік қорытындысында Қаскелеңнің «Сұңқары» 77 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алса, қоржынында 69 ұпайы бар Көкшетаудың «Оқжетпесі» екінші орынды иеленді. Сөйтіп аталмыш қос команда премьер-лига жолдамасын еншіледі. Маусымды 56 ұпаймен аяқтаған «Ақжайық» соңғы екі турдың ойындарын нәтижелі өткізіп, 59 ұпай жинаған Өтеген батыр ауылының «Іле-Сәулетінен» де қалып қойды.

Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат тұтқан оралдықтар бұл межеге жете алмады. Олар, әсіресе, бірінші айналым ойындарын сүреңсіз өткізді. Кейін бас бапкерін ауыстырып, бірқатар ойыншылармен толықтырылғанымен, көшбасшы командалармен ұпай айырмашылығын қысқарта алмады.