ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін 1-сынып оқушыларының мектеп табалдырығын аттай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің Отаным - Қазақстан» атты кітабын алуы үлкен бақыт деп білемін. Бұл туралы ұлы Әмірхан Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 1 «б» сыныбына барған Евгения Нығмет мәлім етті.
Оның айтуынша, әдемі безендірілген, Қазақстан туралы аталған кітап балдырғандарды кішкентай кезінен кең байтақ Отанын сүйіп өсуге тәрбиелейді. Мұндай кітап арқылы бала өз елін, оның табиғаты мен тарихын танып-біле түседі. Бұл олар үшін естен кетпейтін ерекше сыйлық болды.
Е.Нығметтің сөзін Рахымжан Кененбайдың әкесі Ерғали қажы Кененбайұлы, Мәдина Қабирдің анасы Жаннат Қайыржанқызы, Сұлтан Асылбектің әжесі, Жаңақала ауданынан келген Рая Шалабаева да қостады. «Немереміздің Елбасы сыйлығын алып, мектеп табалдырығын аттауы жақсы ырым деп білемін. Болашақта оқуда озат, еңбекте қатарының алды болады деп сенемін», деді Р.Шалабаева.
Айта кетейік, 90 жылдан астам тарихы бар, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин іргесін қалаған аталмыш мектепте биыл бірінші үш сыныпқа 92 бүлдіршін барды. Оларға Меруерт Ишанова, Роза Мүтенова, Ұлболсын Құрмашева сынды тәжірибелі ұстаздар сабақ береді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).