Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек

АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматының Медеу ауданындағы 24 денсаулық сақтау мекемесінің 11-інде «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау посты ашылды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан»ХДП Медеу аудандық филиалының кезекті отырысында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Партияның аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Нұғмановтың айтуынша, барлық бақылау постарында ұсыныстар мен хаттар үшін жәшіктер орналасқан. Бұнымен қатар филиалдардың басшылары мен мүшелерінің күнделікті кезекшілігі жолға қойылған. «Шағым үшін қойылған жәшіктер арнайы комиссия алдында ашылып, әрқайсысы хаттамаға енгізіледі. Одан әрі тексеруге жіберіледі. Күнделікті шағамдар түсіп жатады. Десек те аудан ауруханаларының жұмыс деңгейі жоғары» дейді А.Нұғманов.

Отырыс барысында бұнымен қатар бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі де сөз болды. «Тұрғындар арасында бұл жүйе туралы насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұндай кең ауқымды реформа ТМД аумағында тұңғыш рет жүргізіліп отыр. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен медициналық мекемелердің басшылары әрбір емделуші үшін таласатын болады. Бұл жүйені Қазақстанда әрбір азаматтың денсаулығын сақтау бағытында енгізіліп жатқан жауапкершілік жүйесі деп атаған жөн болады» деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты, №2 емхананың бас дәрігері Амантай Біртанов.