«Бішкекте Абайға арналған ескерткіш орнатылды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Алматыда қазақ бүлдіршіндерінің тілін дамытып, дүниетанымын кеңейтетін «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік жобасы мен халық эпостарының желісімен түсірілген «Қазақ эпосы» анимациялық фильмдер жинағы жарық көрді. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында азып отыр.

Басылымның мәліметінше, «Сиқырлы қалам» - мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық құрал. Бұл құрылғы өз кезегінде балабақша тәрбиешілерінің оң қолына айналмақшы. Себебі бала «Сиқырлы қаламның» көмегімен сөздерді буынға бөлуді, санауды, сөйлем құрауды үйренеді. Интерактивті құрал тілдік қоры енді толысып келе жатқан бүлдіршіннің дүниетаны-мын кеңейтіп қана қоймай, оны қазақ және ағылшын тілдеріне де баули түспек. Озық үлгідегі заманауи тәрбиее құралы бұйыртса, қаламыздың барлық балабақшаларына таратылмақшы.

Ал «Қазақ эпосы» халықтың жыр-дастандары мен ертегілерінің бейнелі нұсқасы іспетті. Хронометражы 400 минутты құрайтын анимациялық фильмдер жинағында Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар сынды ескінің аңызға айналған батырларының ерлігі баяндалады. Сондай-ақ бұл топтаманың ішінен қазақтың қысқа аңыз-ертегілері, қызықты сюжеттер еніпті.

Жиын барысында мамандар анимациялық фильмдердің сапасын да назардан тыс қалдырмады. Олардың пікірінше, қазақ мульт-фильмдерінің кем-кетігі жыл өткен сайын түзеліп келеді. Яғни үнемі орашолақтау шығатын мульткейіпкерлердің тұлғасы, әсіресе, қазақ байларының болмысы бір ретке келтірілген. Сондай-ақ жұтаңдау шығатын кейіпкерлердің киімі де түзеліп, сөз саптауы да, жүріс-тұрысы да бұрынғы күйінен өзгеріпті. Солайша кішкентай көрермендерімізге көп ұзамай жол тартатын екі жобаға да мамандар жақсы бағасын берді. Алматы әкімдігі ұсынған бұл базарлық балаларымыздың да, сыншы қауымның да көңілінен шығып қалар деген үміттеміз, дейді басылым. Бұл туралы толығырақ «Сыйлыққа - «Сиқырлы қалам» атты мақалада жазылған. «Айқын» республикалық-қоғамдық саяси газетінің алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда 20 мың таралыммен жарық көрген. Бүгін - «Айқынның» туған күні! Дүниеге келгеніне тұп-тура он жыл!

Осыған байланысты баслымның бүгінгі санында «Айқын солай туған...» атты мақала беріліп отыр.

«Міне, содан бері «Айқын» 2434-нөміріне абыроймен иек артып отыр. Екі мың төрт жүз отыз төртінші нөмір дегеніміз - қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналған, 60 жылдық тарихы бар апталық ата газеттердің шығарған сандарына жетеғабыл. Салыстырмалы түрде айтқанда, апталық газеттердің жарты ғасырлық жолын біз 10 жылда жедел жүріп өтіппіз. Осы он жылда «Айқын» алған асулар аз емес», - дейді газет ұжымы.

Автордың жазуынша, ең алдымен қазіргі ҚР Президенті Телерадиокешенінің басшысы Ерлан Бекхожиннің қолға алған жобасы бойынша «Айқынның» қазақ баспасөзінде бұрын-соңды болмаған жаңа жобамен, яғни апталық газеттерден өзгеше, күнделікті ақпаратқа негізделіп шыққанын ауызға алған жөн. Ал бұл бүгінгі әлемдік өркениеттің талабы екені даусыз. «Айқынға» дейін аптасына бес рет шығатын қазақтілді газет тек «Егемен Қазақстан» ғана еді. Соған орай жаңа идея, жаңа дизайн туындады. Аптасына бес рет шығатын газеттің әрбір саны әуел баста алынған бір-бір асумен тең болғаны да шындық. Бір қызығы, нөмір сайын алға жылжыған «Айқын» еңбектеген жоқ, «туа сала» бірден аяғынан тік тұрып, қоғам өміріне белсене араласып кетті десек, ол да асыра айтқандық емес. Бұл біздің емес, сол кездегі кәнігі оқырмандардың, тісқаққан әріптестеріміздің берген бағасы болатын. Туа сала азу ті-сін көрсеткен сол «сәби» қаз-қаз басқан қадамынан жаңылған да, жығылған да жоқ. Қайта күннен-күнге көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөлене берді.

«Газеттің ғұмыры - ондағы журналистердің де өмірі. «Айқын» ашылғаннан соң жарты айға жетпей жауапты хатшының орынбасары Жексен Алпартегінің бірінші болып ер жасы - 50-ін атап өткеніміз есімізде. Сол Жекең жақын күнде асқаралы 60 жасын тойламақ. Бұл да газеттің тойы - Жексеннің, Жексеннің тойы - газеттің тойына айналғанының бір көрінісі. Осы газетте жүріп қаншама жастар шаңырақ көтерді, балалы-шағалы болды, ағаш екті, үй салды, еңбектері жанды. Ендеше, басылымның алғашқы нөмірінен бастап бар жүгін көтерген арамызда жүрген журналистерге тағы да қалам қуатын, шабыт шуағын тілеп, «Айқынның» келешек ұрпақ үңілуге мәжбүр болатындай шежіресін тарихқа күн сайын таңбалай беріңіздер дейміз» делінген жүрекжарды лебізде.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де газет ұжымын осынау айтулы мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық тілейді.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында таяу жылдарда (2016 ж.) еліміздің ет өндірісі экспорттық әлеуеттілігін 60 мың тоннаға жеткізу жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырманың маңыздылығы - аталған көлемдегі ет өнімінің жалпы құны 4.0 млн. тонна бидай экспорты бағасымен сайма-сай келеді екен. Ағымдағы жылдың 18 ақпанында Үкімет отырысында Елбасы тапсырмасы орындалу барысының жедел қаралуының бір себебі, таяудағы АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының өзгеруіне байланысты болды ма деп ойлаймын. Бұған дейін де еліміздің ет экспорты әлеуеттілігін көтеру бағытындағы іс-шаралардың орындалуы екі рет қаралды, деп жазады ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кәкімжан Сарханов «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында.

«Үкімет отырысында белгілі болғандай, Елбасы тапсырмасын орындау барысында орын алып отырған кейбір жәйттер айтарлықтай қынжылыс тудырады, аталған мәселе төңірегінде баяндалған жағдайлар мал шаруашылығы, оның ішінде, ірі қара еті өндірісі саласында бүгінде елімізде қалыптасып отырған қиындықтарды шешуден гөрі, тиімділігі дүдәмал-теориялық болжамдармен көбірек өрнектелгенге ұқсайды. Мысалы, біздің еліміз, әсіресе кең-байтақ Орталық Қазақстан жағдайында қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малын өсіру тиімділігі ертеден белгілі, яғни қосымша дәлелдеуді қажет етпейді. Мәселе бұл мал тұқымын, жалпы, асыл тұқымды етті ірі қара мал басы санын көбейтуге не кедергі болып отыр, осы туралы айтылуы керек еді. Сонымен қатар, соңғы жылдары елімізге сырттан тасымалданған асыл тұқымды етті ірі қараның еліміз ет өндірісіне қаншаға тиімді болған-болмағандығын былай қойғанда, олардың өнімділік көрсеткіштерінің біздің ел жағдайында қалай болып отырғандығы нақты сарапталып, айтылмады. Бұл да асыл тұқымды мал басы санын арттыруға біржақты әуәстенудің негізсіз екендігін көрсетсе керек», - дейді ғалым.

Автор ойын қорыта келіп, «келешекте мұндай маңызды ауыл шаруашылығы мәселелері жоғарғы мемлекеттік деңгейде қаралғанда өкілетті мемлекеттік органдармен қоса, жекелеген ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдары ұсыныстары мен пікірлері де балама түрде тыңдалатын болса, өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын қаулылар мен қарарлардың маңыздылығы артар еді деп ойлаймын»,- дейді.

Мақала «Айтудан кене емеспіз. Бірақ...» деген тақырыппен берілген.

Жаһандық энергетикалық тоқырау соңғы жылдары жиі-жиі бой көтере бастаған экономикалық дағдарыстардың негізгі себебіне айналды. Дүниежүзілік дағдарыстардың созылмалы сырқаттары қолданыстағы энергетиканың мүмкіндіктерінің сарқылып бара жатқандығын байқатады. Енді ол тауардың өзіндік құнын арзандатып, экономикалық өсімге қол жеткізуге тиімді жағдай жасай алмайды. Энергетикалық қуат көздерін игерудің күннен-күнге қиындауы және оның бағасының қымбаттауы экономикалық дамудың болашағын тығырыққа тіреді. Осыған байланысты бүгінгі таңда адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы «энергетикалық тоқырау», «энергетикалық қатер», «энергетикалық төңкеріс» атты ұғымдар төңірегінде толғануда. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі саныдағы «Энергетикалық төңкеріс - экономикалық дағдарыстыжоюдың жолы» деген мақалада жазылды.

Басылымның атап өтуінше, соңғы оншақты жыл көлемінде энергетика саласында үлкен ғылыми жетістіктер ашылуда. Электр энергиясының өзіндік құнын арзандату мақсатындағы жаңа қондырғылар мен технологиялар ашыла бастады. Көмірсутегі шикізатынан өндірілетін қымбат электр энергиясын арзан да тиімді энергия көзімен алмастыратын энергетикалық төңкеріс жолындағы ізденісті күрес басталды. Ал арзан электр энергиясы ол - дағдарысты жоюдың жолы, жаһандық экономиканың даму қарқынын арттыратын тың әлеует.

«Адамзаттың ертеңгі игілігі жолындағы болашақ энергия көзін іздеу қозғалысы басталды. Осы ұлы қозғалыстың алдыңғы легінде «Болашақтың энергиясы» ұранымен «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіл-әлемдік жетістіктер көрмесін өткізетін Қазақстан келеді. Кім не айтса, оны айтсын, «Астана ЭКСПО-2017» жаһандық энергетикалық төңкерістің озық технологиялары сыналатын тарихи алаңға айналады», - дейді автор.

« Бішкекте Абайға арналған ескерткіш орнатылды » , деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Бішкек қаласында Абай Құнанбаевқа арналған ең жақсы ескерткішке байқау жариялаған.

Конкурсқа арналған материалдарды ведомствоға қарасты комитетке 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін жіберу керек. Жобаларға жоғары көркемдік деңгей мен эстетикалық саралық тән болуы тиіс. Сондай-ақ, идеялық мазмұндылығы, қайталанбас ерекшелігі де басты талаптарға енгізіліп отыр.

Қазірдің өзінде ескерткіш таза қоладан құйылып, Фрунзе көшесіндегі «Театральный» скверінде орнатылатындығы шешілген.

Айта кетейік, Бішкекте Абайға ескерткіш орнату бастамасы 2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаевтың кездесуі кезінде Қазақстан мен Қырғыз елінің қарым-қатынасын жаңа сатыға көтеру мақсатында қолға алынған болатын.