Бүгінгі таңда Әзербайжанда «Криптовалюта саудасын реттеу туралы» заң жобасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының мүшелерінің бірі, Әзербайжанның Банкаралық валюталық биржасының бұрынғы басшысы Фархад Амирбеков электронды әрі цифрлық ақшаның екі классы барын атап өтеді.
«Кластардың алғашқысына - биткоин, лайткоин, эфириум және өзгелерді жатқызуға болады. Ақшаның бұл түрлері нені білдіреді. Бұл эмитенттің белгісіз екенін, валюта әу баста алып-сатарлық мақсатта ғана жасалғанынан хабар береді. Ол ешқандай шынайы активтерге байланып тұрған жоқ. Ал екінші класс нақты эмитентке ие, активі, қаржылық құйымы, салық, әкімшілік пен өзге ресурстармен қамтамасыз етілген. Мұндай цифрлық ақшаның эмитенттері ретінде корпорациялар, биліктің жергілікті органдары, қаржы министрлігі арқылы ұлттық үкіметтер мен өзге де құзырлы тұлғалар шығады», - дейді ол.
Қаржыгердің пайымдауынша, цифрлық ақша тақырыбының демонизациясы (насихаттау технологиясы) мен жаңа ақшалардың әртүрлі кластарын бір топқа жатқызу білімсіздік болып табылады.
Фархад Амирбеков криптовалюта күн тәртібіне жаңа шынайылықты әкеліп, жаңа қаржы жүйесінің инфрақұрылымын құрып жатқанын, ал ол өз кезегінде қолданыстағы жүйені ысырып бара жатқанын алға тартады.
«Адамдар қазір эмиссияның, өтінім мен цифрлық ақшаны басқарудың технологиясын өңдеп жатыр. Осылайша, қалыптасқан негізде банк ақшасы емес, электронды ақша дамып келеді. Біз бірқатар мемлекеттерде ұлттық ақша пайда болатын кезеңнің табалдырығында тұрмыз», - дейді ол.
Өз кезегінде kriptoinvest.az интернет-ресурсы мен криптоконсалтингті компанияның негізін қалаушы Эльнур Гулиевтің атап өтуінше, биткоиндарға алыпсатарлық құрал ретінде қарау қарым-қатынасы ескіріп бара жатыр.
«Ол (биткоин -ҚазАқпарат) қазірдің өзінде төлем құралы ретінде қолданылып келеді. Мысалға Microsoft секілді компанияны келтіруге болады. Билл Гейтс 2014 жылдан бері биткоинді іс жүргізуге боларлық төлем құралы ретінде бағалап келеді. Биткоинді қабылдау туралы шешімге дейін олар логистиканы жүргізгені анық», - дейді ол.
Алыпсатарлық мақсатта биткоинді қолданып жүрген инвесторлар мен трейдерлер баршылық. Бірақ, сарапшының айтуынша, қарапайым ақшаның өзі де алыпсатарлық мақсатта кеңінен қолданылып келеді. Маманның пайымдауына қарағанда, биткоиннің бағасы екі факторға тәуелді.
«Біріншісі - сұраныс пен ұсыныс. Екініш фактор - биткоинды алу күрделілігінің коэффициенті. Оның санының шектеулі әрі жаңа тиынның бағасы бұрынғысынан күрделірек болуы. Күрделілік әр саты сайын артып, баға да өсіп келеді», - дейді Эльнур Гулиев.
Ал сарапшы Ниязи Асадуллаев биткоин деген алыпсатарлық құралдың өзі екеніне сенімді.
«Алып-сатарлық ақпараттың ағымы» деген түсінік бар. Ол оң немесе теріс ақпарат болуы мүмкін. Бұл бағаның өсіміне немесе түсіміне әсер ететін фактор. Мәселен, БАҚ-та Оңтүстік Корея өз елінде криптовалютаға шектеу қойылды деген ақпарат таратылуы мүмкін. Ақпарат шындыққа сай болмаса да, оның әсері биржада бағаны айтарлықтай түсіріп жібереді. Тәжірибесі жоқ ойыншылар криптовалютадан құтылуға асығады, ал тәжірибелілер бұдан ұтып шыға келеді», - дейді ол.
Биткоиннің болашағы жайлы сөз қозғалғанда Эльнур Гулиев өзін «оптимистпін» деп есептейді.
«Менің ойымша, биыл баға 25-30 мың АҚШ доллары маңайында болады. Ол экономикалық әлемдегі технологиялық жаңалықтар мен нарыққа байланысты. Егер биткоин алтын нарығының 5 пайызын иелене алса, онда баға 50 мың АҚШ доллары деңгейінде болады», - дейді ол.
Ниязи Асадуллаев биткоиннің белсенділік мерзімі қаншалықты болатынын тап басып айта алмайтынын жеткізді.
«Менің ойымша, биткоин орташа мерзімде тоқтап, оған криптовалюта саласындағы адамзаттың алғашқы қадамы ретінде ескерткіш орнатылады. Алайда биткоиннің жоғалып кетуі - криптовалютаның біржолата құрып кетуі дегенді білдірмейді. Керісінше, болашақ - соларда. Осылайша, 5-10 жыл бойы бізге криптовалюта арқылы төлем жүргізу нормаға айналады. Сонымен бірге, «долларлық тәуелділікке» қарсы тұру мүмкіндіктері пайда болады. Ал долларға бұл ұнай ма? Сәйкесінше, криптовалютаның алға басқан әрбір қадамы - тікелей текетіреске айналады», - дейді ол.
Эльнур Гулиевтің айтуынша, биыл криптовалютаны қабылдайтын жаңа мемлекеттер пайда болады.
«Орталық банктер криптовалютаны қазірдің өзінде шетке қаға алмайды. Бұл мемлекеттің жүйесі қаншалықты ашық, яғни, мемлекет ақша ағымына қоғамдық бақылау жүргізу құралын ұсынауға әзір ме - осыған байланысты болады», - дейді сарапшы.