Биыл 220 жылдығы аталып өтілетін Исатай Тайманов – ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі – З.Шарафутдинов, тарихшы

Л. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биыл 220 жылдығы аталып өтілетін Исатай Тайманов - ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. Осыған орай батысқазақстандық тарихшы Зұлқожа Шарафутдинов өз ой-толғамын былайша білдіреді.

Тарихшының пікірінше, ХІХ ғасырда етек жайған ұлт-азаттық қозғалыстардың басында Исатай Тайманов тұрса, оның ізін жалғастырушы Кенесары, Жанқожа, Есет батырлар болғаны белгілі. Кешегі кеңестік тарихнамада Исатай батырдың күрескерлігі мен тарихта алатын орны Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың табиғи жалғасы ретінде өткен «хандық, феодалдық жүйе мен отаршылдыққа қарсы бағытталған күрес» деп бағаланған еді. Алайда бүгінгі тарихнамада қайсыбір тұлғалардың тарих сахнасына қайта әкелінуіне байланысты қозғалыстың ұстанымы мен ұлт-азаттығына күмән тудыратын жекелеген еңбектер жарияланып жатыр.

Әрине, оларды журналистердің, ақындардың, жазушылардың қиялынан туған деп мән бермеуге де болар, алайда бізді алаңдатып отырған мәселе - бүгінгі тәуелсіздік тұсында Исатай-Махамбет қозғалысын өз дәрежесіне қоятын ғылыми теориялық тұжырымның болмауы. Бұл орайда қазақ ұлт-азаттық қозғалысының білгірі, тарихи ортада танымал ғалым Мәмбет Қойгелдиев өз ойын былай тұжырымдайды: «Ол еңбектерде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы сияқты аса биік тарихи тұлғалардың қызметін, жалпы олар бастаған қозғалысты мүмкін болғанша тура түсінуге апармайтын методологиялық жаңсақтық бар. Мәселен, 1992 жылы жарық көрген еңбектің соңында бақилық болуға бет бұрған ханның аузына «Әй, қос тентек, бірің ағам, бірің інім, бірің батыр, бірің ер, кімге қарсы қол жинағаныңды білмей өттің-ау. Ақыры балақтағы өкпеге аспандағы мені саттың... «Қара албасты басқырсың» деу маған емес, үйдегі қатындарыңа айтар қарғыстарың еді ғой»,- деген сөзді сала отырып, көтеріліс басшыларын бір сәтке болса да ханның биік парасатын түсіне алмаған парықсыз дәрежесіне түсіруі байқалады», - деуі көп нәрсені аңғартса керек.

Ендеше, «Исатай-Махамбет бастаған халық қозғалысы қалай өрбіді, оның себеп-салдары мен қоғамдық жігі қалай басталған еді?» деген тарих сұрақтарына жауап беріп көрейік. Ол үшін алдымен олар өмір сүрген феодалдық қоғам мен қазақ тұрмысына ене бастаған отаршылдықтың тікелей әсері деген құжаттық деректі алға тартайық.

Бұл ретте сол дәуірдің қоғамдық дамуы мен азаттық қозғалысына зерттеу арнаған А.Рязанов, М.Вяткин, Е.Бекмаханов, В.Шахматов, С.Зиманов, И.Кенжалиев сынды зерттеушілердің құнды пікірлерін айтқан жөн. Мәселен, А.Рязанов: «ХІХ ғасырда қазақ қоғамы рулық ортада өмір сүрді. Өйткені рулық құрылыс сол кезде қазақ шаруашылығында көшпелі өмір салтына сай келді», - десе, М.Вяткин: «Осылайша Қазақстандағы феодалдық қатынастың дамуы екі жолмен жүрді; негізгі жол еркін (общинник) феодалдық-тәуелді өндірісшіге айналуы; екінші жол - кешегі күннің феодалды-тәуелді өндірісшіге айналуы. Екі жол да бір нәтижеге, феодалдық қатынастардың тереңдеуіне алып келеді»,- деуі ақиқат тұжырым еді.

Бұл, сөзсіз, халық қозғалысын тудыратын ірі оқиға десек, оның ресейлік басында патшалық билік отырса, Ордада Жәңгір отырды. Бұл мәселеде зерттеуші М.Вяткин «Жәңгірдің рулық жерлерді жеке меншікке бөлуі... көшпелі шаруашылыққа жер тарлығын тудырды», - десе, Ордадағы халық қозғалысына жиырма жыл зерттеушілік ғұмырын арнаған ғалым Исатай Кенжалиев Жәңгір өзінен артылған «жерді ең алдымен сұлтандарға, одан кейін қожалар мен молдаларға, билерге, сосын жағынған байларға берді», - деп жазды. Осылайша патша билігінің сеніміне кіріп алған Жәңгір бұрынғы рулық жер игеруді келмеске жіберді. 1823 жылы хан тағына отырған ол Ордадағы жарамды 6,5 млн. десятина жердің 400 мың десятинасын иемденіп, империяның ірі помещиктері қатарына қосылды.

Кейінгі орыс шенеунігі Матвеевтің ревизия (1847) құжаттарына қарағанда, бұл «Ордадағы ең құнарлы деген жайылымдар» еді. Бұл бағытта Жәңгірдің қоғамдық-саяси бейнесін көптеген ғалым-тарихшылар «оның ақылдылығы мен тапқырлығы сондай, ол өз кезегінде хандықтағы қауымдық жерді сұлтандар мен байлардың меншігіне әрі тез, әрі жеңіл айналдыруы еді»,- деуі нақты факті болатын.

Өкінішке қарай, Жәңгірдің сол «өтпелі тұстағы» басқаруын кейбіреулер «реформаға» жатқызып жүр. Шындығында, тарих ақиқаты басқаша. Бұл мәселеде Жәңгірдің жеке басына берілген баға Х.Досмұхамедов «патшашыл болды», сондай-ақ ғалым М.Вяткин тура байқаған «орыстың помещик-крепостнигі дәрежесінде көрсетті» деген тұжырым әлі де ғылым үшін құнды пікір болып қалады.

Ал қазіргі тарихнамада ғалым М.Қойгелдиевтің бұл тақырыпта «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары тұрғысынан алғанда Жәңгір хан тұлғасына байланысты мынадай бір жағдайды аңғармауға болмас. Егер біз ауқымы ресейлік ортанқол уезд дәрежесіндегі Бөкей ордасына империялық әкімшілік бірлігі ретінде қарасақ, онда, әрине, бұл мезгілде Жәңгір деңгейіне көтерілген ұлты қазақ шенеунік болмағандығын мойындауымызға тура келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Жәңгір ханның өз басы атасы Әбілхайыр хан заманынан бері жоғарғы орыс әкімшілігінің тәрбие-тепкісі мен қатаң сұрыптауынан өткен атқарушы аппараттың сұңғыла шенеунігі деудің өзі де онша артық болмайды. Жәңгір ханның өз тұсында әлеуметтік өмір үшін прогресшіл мәні болған (мысалы, ағартушылық бағыттағы) қадамдарын тиісінше бағалай отырғанда да біз мәселенің басты түйіні - өз халқының тарихи мүддесіне кереғар іс-әрекет жасағанын жасырып-жаппауға тиіспіз. Мұны Махамбет ақынның аруағы алдындағы адалдық та талап етеді»,- деген пікірін әділ айтылған салиқалы тұжырым ретінде бүгінгі ғылымға енуі керек көзқарас деп танығанымыз жөн. Сонда ғана Исатай-Махамбет көтерілісі ішкі әділетсіздік пен сыртқы отаршылдыққа қарсы халықтық қозғалыс ретінде өзінің тарихи орнын алады.

Сонда Жәңгір кім? Ол да тарихи тұлға, бірақ өзінің күрескерлігін Ресей империясының отаршылдығына арнаған, қазіргі түсінікте айтсақ, «жаңа тұрпаттағы» шенеунік, яғни ел басқаруда отарлаушы аппаратпен тығыз қабыса жұмыс істей алған, яғни өз ұпайын түгендеуде пысықай ұлттық элитаның ең көрнекті өкілі ретінде көрінген адам. Ол үшін Жәңгірді айыптау да қажет емес, өйткені оның өсіп-өнген, көрген-білген тәрбиесі мен тәлімі, анау арғы атасы Әбілхайыр, Нұралы, Бөкей, қала берді аталас туыстары Қаратай, Арынғазы сұлтандардан қозғайтын болсақ, патша билігі және олардың патшаға деген ұстанымын жақсы білді.

-Біз бұл мәселеге терең бармай-ақ, мына бір нәрсені еске сала кеткенді жөн көрдік, - дейді З.Шарафутдинов. - Өткен патша билігінде қай қазақ орыстан білім алмады, кім шен мен шекпен кимеді, өзгені айтпағанда кешегі Жәңгірдің замандасы Кенесары да орыстың тәрбие-тепкісіне көніп, генерал шенін алды. Бірақ ол өлгенде патша қайғырып, «Весьма жаль, он был человек весьма преданный» деп, Жәңгір ханға айтқандай өкінішті сезім білдірмеген еді.

Сонымен, Исатай қозғалысы ішкі саясатта жер қатынасындағы шиеленістен туған, халықтық қозғалыс ретінде көпшіліктен қолдауға ие болған халық күресі болса, сыртқы саясатта патша отаршылдығының жергілікті басқаруына қарсы күрескен ұлт-азаттық қозғалыс ретінде халық санасында мәңгі сақталды.

Біз бүгінгі тәуелсіздік тұсында осы ішкі ұлттық қайшылықты елеп-ескерудің орнына, қозғалысты жеке бас араздығына балаймыз. Бұл мәселеде ғалым М.Қойгелдиевтің: «Исатай Тайманов бастаған және басқа да азаттық қозғалыстардың аса зор маңызы олардың жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман сұранысына сай бейімдеу мәселесін де қоюында. Азаттық қозғалыстарды зерттеу ісінде осы уақытқа шейін көп көзге түсіп, тілге тиек бола бермеген мәселенің бірі осы»,- деуі көпшілікке ой салса дейміз.

Ал Исатай болса өз заманында жер мен билік мәселесінде ой оздырып, көсемдік танытып қана қоймай, халқын әділдік пен азаттыққа көтере білген ұлт тұлғасы еді. Бұл мақалада Исатай қозғалысының түп-тамырын көтере жазудың мүмкіндігі жоқ, бірақ мына бір деректі оқырманға келтіре кетсек:

Исатайдың Ішкі Орда линиясының бастығы есауыл Г.Сумкинге «...Қазақ халқы сонша көрген зәбірінен әбден ашынып, қандай болмасын бір заңға қайшы істерге барып қалмас үшін, мерзімі өтіп кетпей тұрғанда, бастық мырза, менің Сізден әдейі құлағыңызға салып сұрайтыным, біздің көріп отырған жәбіріміз жөніндегі шағымдарымызды тиісті орындарға жеткізсеңіз екен, сөйтіп қазақ халқының тыныштық, берекесіне себіңізді тигізсеңіз екен», - деп жазуы ұғынған кісіге жай сөз емес-ті.

Егер сол ХІХ ғасыр бойы етек алған ұлт-азаттық қозғалыстардың (Исатай, Кенесары, Жанқожа, Есет, т.б.) барлығына зер салар болсақ, екі мәселені тез көреміз, оның біріншісі жер мәселесі болса, екіншісі - жергілікті билік мәселесі. Осы тұрғыдан қарар болсақ, Исатай Тайманов бастаған қозғалыс - ұлт-азаттық қозғалыс, ал Исатайдың өзі - ұлт ұстанымындағы тұлға деуге толық негіз бар.

Қорыта айтқанда, Исатай мен билік арасындағы жер және басқарудағы реформалық шиеленіс Ордада халық көтерілісін тудырды. Бұл мәселеде, ғалым М.Қойгелдиевтің: «Исатай-Махамбет қозғалысы әлеуметтік, тапаралық үйлесімде, қоғамдық әділетсіздікке, өктемдікке берілген соққы», - деуі шындыққа бір табан жақын.

Бүгінде көпшілікке түсініксіз қалған Исатай-Махамбет қозғалысының жүрегі халық, ұраны әділдік болды десек, Жәңгір өз тұсында ресейлік биліктің ұзақ уақытқа келгенін аңғарған, өзінің қызметі мен ұстанымын патшалық Ресейдің экспансиялық саясатына арнаған тұлға.

Шын мәнісінде Исатай-Махамбет қозғалысы - елдің әділеттілік пен отаршылдық жолындағы күрес тарихы.