«2020 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымалдау көлемі шамамен 4,8 млн тоннаны құрайды. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 9 пайызға (5,3 млн. тонна) төмен. Бұл ретте, контейнерлер мен жүк автокөлік құралдарын ауыстырып тиеудің 2 еседен астам өскені байқалады», - деді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, биыл Ақтау порты мен Иранның Амирабад порты арасында тұрақты контейнерлік желі, сондай-ақ Құрық-Анзали (Иран) автопаромдық қатынасы ашылды. Қазіргі уақытта Ақтау және Түрікменбашы порттары арасында контейнерлік қатынас және Құрық пен Махачкала арасында паромдық тасымалдар ашу пысықталуда.
Ақтау порты арқылы жүк тасымалдаудың тартымдылығын арттыру мақсатында салық заңнамасына темір жол-теңіз қатынасы арқылы жүктерді экспорттау кезіндегі ТЖ тарифтеріне ҚҚС-ты алып тастау бойынша өзгеріс енгізілді.
Қара теңізге шығудың жеңілдетілген тәртібін қамтамасыз ету үшін Кеме қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Атап айтқанда, Ресейдің ішкі су жолдары арқылы транзиттік өтуге рұқсат алу мерзімі 6 айдан 10 күнге дейін қысқарды.
Теңіз көлігінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жеңілдету мақсатында осы жылы 4 мемлекеттік қызмет бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды. Сондай-ақ мерзімдері мен ұсынылатын құжаттар тізбесі қысқартылды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл кеме қатынасы шлюздерін күрделі жөндеудің бірінші кезеңі аяқталып, ауданы 8,2 мың шаршы метр учаскелеріндегі темір бетон конструкцияларына жөндеу жүргізілді. 1,9 млрд теңге игерілді.
Биыл 11 нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Оның ішінде министрліктің 2020 жылға арналған НҚА жоспары аясында 1 бұйрық бар. Келесі жылы Ақтау портын «Ақтау теңіз порты» АЭА қатысушыларының құрамына қосу және порт негізінде «контейнерлік хаб» құру мәселелерін пысықтау жоспарлануда. Бұл 2025 жылға қарай контейнер ағынының көлемін жылына 35 мыңнан 135 мың контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ, көмір, күкірт, металл өнімдері сияқты экспорттық жүктер көлемінің бір бөлігін Ақтау және Құрық порттарына қайта бағдарлау жоспарлануда. Алайда, осы мақсаттар үшін тарифтік ставкаларды Ресейдің Новороссийск, Усть-Луга порттары арқылы дәстүрлі маршруттар бойынша тасымалдаумен «теңестіру» мақсатында көлік шығыстарын субсидиялауды енгізу талап етіледі. Мемлекеттік қолдау ретінде келесі жылы сауда флотының теңіз кемелерін сатып алу кезінде «бюджеттік кредит беру» тетігін енгізу мәселесін пысықтау жоспарлануда«, - деп атап өтеді министрліктен.
Теңізде жүзу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру аясында келесі жылы Найроби конвенциясын ратификациялау бойынша мемлекет ішіндегі рәсімдер аяқталады. Сондай-ақ, Ақтау портында кемелер қозғалысын басқару жүйесін және теңіздік құтқару-үйлестіру орталығын құру жобаларын іске асыру мәселелері пысықталады.
»Өзен жүк тасымалдарын дамыту мақсатында келесі жылы Ертіс өзені бойынша Ресеймен екіжақты тасымалдарды ұлғайту және Қытаймен мультимодальдық қатынасты ұйымдастыру жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, 2025 жылға қарай жүк тасымалдарының 1,6 млн тоннадан 3,8 млн тоннаға дейін өсуі болжануда«, - деді министрліктен.