Биыл «Алтын сапа» байқауына бөлінген бюджет қаржысы 30 пайызға үнемделді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Алтын сапа» байқауына бөлінген бюджет қаржысы 30 пайызға үнемделді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКК-де өткен брифингте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті.

«Жыл сайын бұл сыйлықты өткізуге республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Ағымдағы жылы біз республикалық бюджеттен бізге бөлінген қаржыны үнемдеп, оның 30 пайызын кері қайтардық. Бөлінген қаржыны барынша тиімді пайдалануға тырыстық», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылы байқау жеңімпаздарын анықтайтын комиссияның құрамы да өзгеріске ұшыраған.

«Егер бұған дейін комиссия құрамында шенеуніктерден, мемлекеттік органдардың өкілдерінен жасақталса, ал ағымдағы жылы комиссияда кәсіпкерлердің өздері, салалық қауымдастықтар мен қоғам өкілдері болды», - деді Н.Әлтаев.

Айта кетейік, биыл Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-ы жеңімпаз танылды. Сондай-ақ, Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС топ жарып, «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.