Биыл Астанадағы шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі бұрнағы жылдармен салыстырғанда күрт азайып кетті - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2009 жылы елордадағы шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу көлемі бұрнағы жылдармен салыстырғанда күрт азайып кеткенін айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу көлемі Астана қаласында айтарлықтай күрделі әрі ушығып тұр. Мәселен, Ұлттық банктің деректері бойынша, Астанада шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу көлемі 2009 жылы небәрі 1,5 млрд. теңгені құраған. Бұл елорда үшін болмашы ғана көрсеткіш», - деді өз сөзінде И. Тасмағамбетов. «Бірінші тоқсан аяқталып келеді. Егер әр тоқсан сайын Астанада шағын және орта бизнес субьектілері 1,5 млрд. теңгеге несиелендірілетін болса, онда жыл қорытындысында 6 млрд. теңге болады. 2008 жылы елордадағы шағын және орта бизнесті несиелеуге 60 млрд. теңге, ал 2007 жылы 128 млрд. теңге бағытталған. Осы сандардан экономиканың бұл сегменті қандай күрделі жағдайға тап болғанын байқауға болады», - деп толықтырды сөзін әкім. Кеңесте елордадағы шағын және орта бизнес субьектілерін қолдауға «Самұрық-Қазына» қоры екінші деңгейлі банктер арқылы 30 млрд. теңге бөлгеніне тоқталған И. Тасмағамбетов: «Қазіргі уақытта бұл соманың бар-жоғы 978,5 млн. теңгесі ғана игерілді. Шағын және орта бизнеске бөлген қаржыны игеру бойынша өңірлер бөлінісінде Астана сегізінші орында тұр»,- деді. И. Тасмағамбетов шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеуде банктер тарапынан белгілі бір қозғалыс барын мойындады. ? Алайда, - деді әкім, ол айтарлықтай белсенді емес. Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов, «егер Астана қаласындағы шағын және орта бизнесті несиелеу көрсеткішінің төмендігі қандай да бір әкімшілік кедергілермен байланысты болса, оның шешілгенін, бұл бір мәселе екенін, ал проблема тұтастай алғанда бизнестің енжарлығымен байланысты болса, ол басқа мәселе екенін» айта келе: «Мүмкін басқа шараларды ұсыну қажет шығар», - деді. Қ. Келімбетов «Самұрық-Қазына» қоры шағын және орта бизнесті несиелеу үшін банктерге 120 млрд. теңгені уақытында бергенін жеткізді. Мәселенің мән-жайына қанық болған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бір аптадан кейін шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеуге қатысты тағы да селекторлық кеңес өткізілетінін жеткізді.