Биыл Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органдарына - 90 жыл

None
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биыл Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органдарына - 90 жыл.

Осыған қарай және еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай барлық облыстық әділет департаменттерінде салтанатты шаралар ұйымдастырылып, АХАЖ ардагерлеріне құрмет көрсетілуде. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет айтты.

«1921 жылы ҚазКСР кеңес халықтары комитетінің декреті негізінде азаматтардың хал актілерін жазу органдары құрылды. Аталмыш органға азаматтардың есептерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу міндеті жүктелді. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейін азаматтардың хал актілерін жазу ісімен мешіттер мен шіркеулер айналысқан болатын. Ал 1935-1959 жылдар аралығында Барлық деңгейдегі АХАЖ бөлімдері Ұлттық ішкі істер комитеті (НКВД) жүйесінде болды. Ал одан кейінгі 35 жылда АХАЖ органдары жергілікті атқарушы органдардың құзырында болды. 1998 жылы АХАЖ қызметі толықтай Әділет министрлігіне берілді. Қазіргі таңда АХАЖ органдары адамның туылған күнінен бастап қайтыс болған күнінен дейінгі өмірімен байланысты жәйттерді тіркеп отырады», - деді ресми өкіл.

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, 1991 жылы еліміздегі 331 мың 805 адам дүниеге келген болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 364 мың 813-ті құрап, 1991 жылмен салыстырғандағы көрсеткіш 10 пайызға артқан. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 75 мың 967 адам туылып, еліміздің аймағындағы ең үздік туу көрсеткішін құраған. Ал республика бойынша бала ең аз туылған аймақ Солтүстік Қазақстан облысы. Онда 2010 жылы небәрі 8 мың 751 бала туылған.