Биыл БҚО-ға өңірлерден 80 жас дәрігер жіберілді, оның 32-сі «Дипломмен - ауылға» аттанды

ОРАЛ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында

диагностикалау және емдеудің жоғары технологиялы түрлерін енгізу есебінен тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі кеңейтілді. 2012 жылы 968 көмек көрсетілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есеге артық.

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, дәрігерлер жетіспеушілігін азайту мақсатында Алматы, Ақтөбе қалаларындағы медициналық университеттерді бітірген жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы  медициналық университет пен облыс әкімдігі арасында үшжақты келісім жасалды, ол өз жемісін беруде.   2012 жылы облысқа 80 жас дәрігер маман келіп, оның 32-сі «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша аудандарға жіберілді. Қалалық және аудандық әкімдіктердің қолдауымен 32 маманға қызметтік пәтерлер берілді.

Тұрғындарды амбулаторлық және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету  100 пайызды құрады, тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында 450 елді мекеннің 193-інде дәріхана ұйымдары ашылды. Атқарылған шаралар сала бойынша көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етті.  Атап айтқанда, биыл бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ, сәбилер саны өсті. Нәрестелер өлімі, туберкулезге шалдығушылық азайды.