Биыл «Эйр Астана» «Самұрық-Қазынаның» қолдауымен 15 ұшақ сатып алды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Эйр Астана» компаниясы биыл 15 ұшақ сатып алды.

Бұлтуралы бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның көлік инфрақұрылымының дамуы жайында өткен брифинг барысында қордың басқарушы директоры Нұржан Байдәулет мәлім етті.

«Эйр Астана» компаниясы 2002 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін оның барлық ұшақтары лизингте болды. Биылғы жылдан бастап, қордың қолдауымен жаңа ұшақтар сатып алынып жатыр. Барлығы 15 жаңа ұшақ, компания меншігінде болады», - деді Н.Байдәулет.

Оның айтуынша, бұл жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік бермек.

«Өздеріңіз білесіздер, осы жылы бірнеше жаңа рейстер ашылды. Астанадан Шымкент, Ақтау, Ташкент, Баку, Санкт-Петербор, Омбы, Бейжің, Гонконг, Тбилисиге, сондай-ақ Алматыдан Қазанға, Атыраудан Мәскеуге әуе ұшақтары қатынай бастады. 2017 жылға дейін аталмыш жаңа ұшақтардың арқасында басқа да бірқатар бағыттар ашылады. Мәселен, Алматыдан Сайгон, Киев, Исламабад, Уфа, Ашхабад, Орал, Мумбаи, Ереван, Новосібір, Сочи, Мале, Семей, Варшаваға, сондай-ақ Астанадан Амман, Тбилиси, Ұланбатыр, Бішкек, Прага, Орал, Семей, Бангкок, Париж, Ақтаудан Миланға әуе рейстері құрылады», - деп атап өтті Н.Байдәулет.

Сонымен қатар мәлім етілгендей, Павлодар, Ақтөбе, Атырау әуежайлары күрделі жөндеуден өтті.