Биыл интернет-ресурстарда орналастырылған 12 мыңнан астам құқыққа қарсы материал жойылды
«Ақпараттық доктринаның негізгі бағыты елдің және оның азаматтарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық сын-қатерлер мен тәуекелдерге уақтылы ден қою болып табылады. Оны іске асыру ақпараттық кеңістіктегі бар проблемаларды шешуге, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға және осы салада жүйелік саясатты жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақпараттық заңнаманы жетілдіру шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» Заң жобасын әзірледі. Онда журналистердің мәртебесін арттыру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау және тіркеу қағидаттарын қайта қарау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту жөніндегі нормалар көзделген», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, заң жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық жаңартуға бағытталған. Бұдан басқа, Ақпарат министрлігі «Интернет-жарнама және онлайнплатформалар туралы» Заң жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі. Жоба көпшілік талқылау рәсімінен өтуде.
«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық және өңірлік баспа БАҚ, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстардың жұмысына үнемі мониторинг жүргізіледі. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган әлеуметтік желідегі біршама танымал онлайнплатформалармен жұмыстар атқаруда», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мәдени-отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді дәріптеу, сондай-ақ қоғам мен балаларды зиянды әсерден қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанына назар аудартады.
«Жастардың санасы мен психикасына теріс әсер ететін материалдардың таралуына жол бермеу бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Осы жылы интернет-ресурстарда орналастырылған 12 мыңнан астам құқыққа қарсы материал жойылды. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады», - деді Әлихан Смайылов.