Кездесуге Strand Partners компаниясының директоры Амин Аджеми, United Green Group компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Альбрехт Фришеншлягер, Ecap Solution неміс компаниясының басқарушы директоры Маркус Хайс және басқа да қазақстандық компаниялардың басшылары қатысты. Тараптар «Жамбыл облысында қуаты 300 МВт құрайтын күн электр станcаларын салу» жобасын талқылады.
«Ecap Solution» неміс компаниясы ағымдағы жылы Жуалы ауданында қуаты 50 МВт құрайтын күн электр стансасын салуды жоспарлап отыр, оны 2015 жылы пайдалануға бермек. Жалпы, бұл компания Жамбыл облысы бойынша қайта қалпына келетін энергия көздері саласында бас-аяғы 6 жоба ұсынып отыр. Соның ішінде, 2015 жылы 3 жоба, 2016 жылы 2 жобаны іске асыруды жоспарлап қойған. Күн электр станцияларының әрқайсысының қуаты 50 МВт-ты құрамақ. Облыс әкімі К. Көкрекбаев ұсынылып отырған инновациялық жобалардың маңыздылығын ескеріп, аймақ экономикасына тың серпін беретіндігін айтты.
Сондай-ақ аймақ басшысы жобаға керекті инфрақұрылымды «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, инвесторлар аталған жоба бойынша «Тараз» ӘКҚ» АҚ және «КЕГОК» АҚ-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді.