Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев баламалы энергетика саласында жұмыс істейтін бірқатар шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге Strand Partners компаниясының директоры Амин Аджеми, United Green Group компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Альбрехт Фришеншлягер, Ecap Solution неміс компаниясының басқарушы директоры Маркус Хайс және басқа да қазақстандық компаниялардың басшылары қатысты. Тараптар «Жамбыл облысында қуаты 300 МВт құрайтын күн электр стансаларын салу» жобасын талқылады. Аталған жоба кездесу барысында аймақ басшысына таныстырылды. «Ecap Solution» неміс компаниясы ағымдағы жылы Жуалы ауданында қуаты 50 МВт құрайтын күн электр стансасын салуды жоспарлап отыр, оны 2015 жылы пайдалануға бермек. Жалпы, неміс компаниясы Жамбыл облысы бойынша қайта қалпына келетін энергия көздері саласында 6 жоба ұсынып отыр. Соның ішінде, 2015 жылы 3 жоба, 2016 жылы 2 жобаны іске асыруды жоспарлап қойған. Күн электр станцияларының әрқайсысының қуаты 50 МВт-ты құрамақ. Облыс әкімі К. Көкірекбаев ұсынылып отырған инновациялық жобалардың маңыздылығын ескеріп, аймақ экономикасына тың серпін беретіндігін айтты. Кездесу барысында аймақ басшысы жобаға керекті инфрақұрылымды «Бизнес жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, инвесторлар аталған жоба бойынша «Тараз» ӘКҚ» АҚ және «КЕГОК» АҚ-мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатпақшы. Жамбыл облысында қазірдің өзінде 188 МВт құрайтын баламалы энергетика нысандары салынып жатыр. Бүгінде облыста осындай 5 жоба жүзеге асырылған. Үстіміздегі жылы Қордай жел электр станциясының 4 мегаватты құрайтын алғашқы кезегінің құрылысын аяқталады. Оның қуатын 2014-2015 жылдары 21 Мвт-қа жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, инвесторлармен бірге қуаты 100 мегаватты құрайтын Жаңатас жел электр станциясының және 19,8 мегаватт қуаты бар Меркі ГЭС-нің каскадының құрылысы, сонымен бірге, Жамбыл ауданындағы 24 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылысы жүргізілмек. Жалпы, алдағы жылдары облыстағы баламалы энергетиканың үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
17:40, 23 Қаңтар 2014
Биыл Жамбыл облысында күн электр стансасының құрылысы басталады
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы Жамбыл облысында қуаты 50 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің сайтында хабарланды.