Биылдан бастап ғылыми кеңестердің жұмыстары тоқтатылады - Елбасы

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім беру саласын жаңғыртуды жалғастыруымыз қажет.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бүгінгі күні еліміздегі мектептерді компьютерлендіру толық аяқталды. Мультимедиялық интерактивті жабдықтар орнатылуда. 12 жылдық орта білімнің моделі енгізілуде. Бұл ретте өмір бойы оқу - әрбір қазақстандықтың жеке ұстанымы болуы тиіс»,- деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар Президент жоғары білім беру мәселесіне тоқтала келе, әлемдік тәжірибелерге де мән берді. «Дамыған елдерде 1 млн. халыққа 1-6 жоғары оқу орнынан келеді. Ал Қазақстанда 149 университет бар. 200 ғылыми кеңес ғылым докторларын даярлауда. Мұнымен қоймай, ғылымға 60 кандидаттың тек бірі ғана, ал 37 ғылым докторының бірі ғана барады екен. Мұның қажеті не? Сондықтан да биылдан бастап мұндай ғылыми кеңестердің жұмысын тоқтауымыз керек»,- деді Елбасы.