Биылғы астықты сақтау жағынан ешбір қиыншылық болмайды - министр А.Мамытбеков

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Биылғы астықты сақтау жағынан ешбір қиыншылық туындап жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Астанадағы Ақмола облысының жәрмеңкесі аясында журналистерге сұхбат берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі кезде элеваторлар әлі толмаған. «Өйткені астықтың біраз бөлігі құрғақ күйінде өз қоймаларында (диқаншылардың жеке қоймалары - авт.) сақталып келеді. Қазіргі кезде ауа-райы қолайсыздығы басты проблема болып тұр. Міне, Ақмола облысында екі күн сайын жаңбыр жауып жатыр. Соның салдарынан диқаншылар астықты дер кезінде жинай алмай отыр. Қар түскенше, ол жұмыстың барлығы аяқталады деп сенеміз», - деп атап көрсетті А.Мамытбеков.

Айта кетейік, биылғы астықтың таза салмағы 18,5-19 млн. тонна болады деген болжам бар. Оның 9-10 млн. тоннасы экспортқа жөнелтіледі.