Биылғы Наурыз астаналықтарға ғажайып жарық шашу сыйламақ

None
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - АҚШ, Бельгия және басқа да мемлекеттердің көрермендерін таңқалдырған бірегей жарық шашу шоуы Наурыз мейрамы мерекесі қарсаңында Астанада көрсетілетін болады. Төрт бельгиялық суретші оны ғажайып әлемге біріктіріп, OVO - мультисенсорлық көркем инсталляцияны дүниеге әкелген. Осыны елорда тұрғындары 2013 жылдың 20 наурызы күні 21.00-де «Ғашықтар» алаңында көре алады. Бұл жайында елорданың ресми сайтынан хабарланды.

Odebois компаниясының мүсіншілері Мостафа Хади мен Пол Марчандисе о баста терең қиялдап, «алтын қима» негізінде монументальды ағаш жұмыртқа жасады. ACT lightning design-тен жарық беруші суретші Курт Вермюлен мен сценографшы Маркос Виналс Бассолс анимациялық және динамикалық жарық түсіріп, бұл пішінге «жан бітірді».

Бельгиялық суретшілердің жұмыстарындағы бір ерекшелік бейнелі дизайн әзірлегенде жаңа тәсілдерді тәжірибеден өткізіп, қолданыстағы сәулетпен өте тиімді әрі керемет үйлестіре білуінде. «Біз қазіргі кезде өте сирек кездесетін материалдарды, жаңа үлгілерді және технологияларды тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Өз арамыздағы дағдылар үйлесімділігін нығайта отырып, көркемдік тәжірибемізді дамытуға, өнер туындылары мен сәулет жобаларын жасау кезінде жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», - дейді Курт Вермюлен. Алайда ол елордада қойылатын шоу жайлы егжей-тегжейлі мәлімет бергісі келмеді.

Таңғажайып қойылым өзінің әсемдігімен көрермендерді таңқалдырары сөзсіз. Саңлақ дизайнердің шығармашылығы, сәулет жобаларының табиғаты мен жаңашылдықтарын қабылдау шеберлігі мен қиялы нақты, шынайы әрі техникалық тұрғыдан бірегей туындыны дүниеге әкелуге қабілетті.

Жарық шашу шоуы - Наурыз Мейрамын тойлауға арналған салтанатты іс-шаралардың бастамасы ғана. Биылғы жылы Астананың 15 жылдығы қарсаңында, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын тойлау үшін Астанаға республиканың барлық өңірлерінен қонақтар келеді. Киіз үйлер тігіледі. Қонақтар қалада серуен құрып, таңғажайып шоулар мен қойылымдарға куә болады.