Бұл жайында «Нұр Отан» ХДП Іле аудандық филиалы жанындағы депутаттық фракцияның жетекшісі Роза Айдарбекова ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдіру кезінде айтты. Р. Айдарбекова Жолдаудың мемлекеттің жүріп өткен жолына есеп беру және болашақ дамудың басты бағыты, келешектің күре жолы екендігін айтады. «Жаңа Жолдауға сәйкес үкіметтің алдындағы жаңа міндеттер белгіленеді. Осыған байланысты әрбір мекеме мен кәсіпорын, қоғамдық ұйымдар тіптен жекелеген отбасы өздерінің өмірлік жоспарларын, бағыт-бағдарын осы маңызды құжатты ескере отырып, айқындайды, таразылайды», -дейді ол.
Сонымен қатар ол Елбасының биылғы Жолдауы алдағы жылдардағы мемлекет өмірінің бүкіл экономикалық, әлеуметтік жоспарын қамтитындығын айта келе «Биылғы халыққа Жолдауында Елбасы еліміздің ішкі жағдайына, Республикамыздың ішкі және сыртқы саясатына кеңінен тоқталды. Тәуелсіздік туын көкке көтергеніне биыл 20 жыл болатын егеменді еліміздің 110 ел арасынан 50 орынға көтерілуі, 129 ел арасында көшбастаушылар қатарында келе жатқандығы бізді қуантып, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатты», -деп атап өтті.
Р. Айдарбекова өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің біздің елімізде өтуінің өзі мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатып, оның айбынын асыра түскендігін және мұндай жетістік Елбасымыздың сарабдал саясатының, болашақты дәл болжай білетін кемеңгерлігінің арқасы екенін жеткізді.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында қазақстандықтардың алдағы жылдардағы тұрмыс-тіршілігінің, әл-ауқатының қандай деңгейде болатындығы рет-ретімен баяндалған дейді ол. «Үдемелі индустриялдандыру мен инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың еңбекке қамтылуының жаңа стратегиясын жасау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты модернизациялау есебінен экономиканы одан әрі көтеру, сол арқылы халықтың тұрмысын жақсарту жоспарланған. Осы істерді жүзеге асыруда ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Үкімет алдына әсіресе «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы алдына үлкен жауапкершіліктер жүктеді», деп атап өтті өз сөзінде Р. Айдарбекова.
Сондай-ақ ол Жолдауда халыққа қажетті негізгі мәселелер толық қамтылғандығын айтады. «Мемлекет басшысы халық алдына білім саласын, денсаулық саласын дамытудың және тілді дамытудың басты-басы бағдарламаларын, ауылшаруашылығын дамытудың әсіресе мал шаруашылығын дамытудың жолдарын жүйелеп алға тартты. Соңғы 10 жылда елімізде көптеген мектептер, 350-ден астам емдеу орындарының салынатындығының өзі көп жағдайды аңғартады. Қорыта айтқанда, Жолдаудың мақсаты халықтың жағдайын жақсарту елімізді өркениетті елдердің ең алдыңғы қатарына шығару», -дейді Р. Айдарбекова.