Биылғы Жолдауда өзгешелік көп - Есенжол Алияров

;АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биылғы Жолдаудың мақсат-міндеті мен көтерер жүгінің жөні бөлек. Бұған қоғамның түрлі саласында туындап жатқан пікірлер дәлел. Осы ретте Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саяси ғылымдарының докторы Есенжол Алияровтың пікірін білген едік.

- Есенжол Қаниұлы, ең алдымен Елбасының биылғы халыққа Жолдауы жайлы ойыңызды білсек?

- Биылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көп жаңалықтар, өзгешеліктер айтылды. Маған ұнағаны дағдарыс кезінде мемлекетіміздің атқарып жатқан істеріндегі шалалықтардың барлығын көрсетті. Соның бірі - уақытында жаппай мұнай сияқты қазба байлықтарды сатып, ел арасында өндірісті құрмағанымыз, осы елде тұратын азаматтардың өз-өзін қамтамасыз ететін тауарларды шығармау. Міне, осындай мәселелерді Елбасы биылғы Жолдауында айтып, оны дамытудың жолдарын көрсетті.

Инновациялық өндірістерді көтеру, жаңа технологияларды әкелу керектігін, денсаулық саласында азаматтарға сапалы ем беру керектігін айтты. Бәріміз ауылдан шықтық қой, осы жолғы Жолдауда ауылға көп мән берілгендігі көңілімді марқайтып тастады. Ауыл шаруашылығын көтеру, онда өндірілетін өнімге қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу, жаңа технологияларды іске қосу керектігін айтылды. Ауыл - қазақтың көп шоғырланған жері әрі мәдениетінің, тілінің, салтының сақталған орны. Сондықтан ауылға көп көңіл бөлініп, әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі Жолдауда ерекше орын алған. Сонымен қатар ауылдық жердегі медициналық орталықтарға көмек көрсету, әр ауылда фельдшерлік пунктер болу керектігін және жақсы мамандар бару керектігін, кейбір шет аймақтағы ауылдарға су, газ апару керектігін, жаңадан жұмыс орындарын ашу керектігін айтып өтті. Ендігі кезекте билікте жүрген азаматтар Елбасының Жолдауындағы бағыттарды дұрыс түсініп, берілген тапсырманы іске асырса жөн болады деп ойлаймын.

- Жолдау жолданды, халық қолдады. Ендігісі сондағы міндеттерді орындау. Осы бағытты қалай жүзеге асыруымыз қажет?

- Оған не істеу керек дегенге келсек, жаңадан өндірістер кіргізу керек, қазіргі уақытта біз бастан бастап, аяққа дейінгі киімдердің барлығын шетелден әкеліп жатырмыз. Міне, Жолдауда ауылдағы жұмыссыз отырған жұртқа өзімізге керек тауарларды шығаратын шағын мекемелерді ашу, соған қолдау көрсетіп, жағдай жасау керектігін және оларды жемқорлықтан қорғау керектігін айтты. Сондай шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол көрсетсек, біздің елімізде де ең керекті тауарларды шығаруымызға мүмкіндіктеріміз, қабілетіміз, күшіміз де бар екенін жеткізді. Менің ойымша, ол өндіріс ауылдық жерде жасалып жатқандықтан, оның бағасы да жоғары емес, тиімді баға болар еді. Келешекте өзіміздің қауіпсіздігімізді сақтау үшін осындай тауарларды өз республикамызда көптеп шығарып, дамытуымыз керек, шикізат өндірісінсіз ел дамымайды.

- Білім саласына келетін болсақ, Елбасы жаңадан оқу орындарын көтеру керек деп жатыр. Ол өте дұрыс. Кезінде шетелде қандай білім беріліп жатыр, қандай технологиялар пайдалануда деген қызығушылықпен көптеген жастарды шетелге білім алуға жібердік. Сол шетелден білім алып келген жас мамандарды оқу орындарында пайдаланып, білімнің сапасын, беделін көтеруіміз керек. Қаржының басым бөлігін шетелге жібере бермей, жастарымыздың сапалы білімді өз елімізде алуына жағдай жасауымыз қажет. Сапалы болса, алыс-жақын елдердегі жастарды да тартатын оқу орындарын ашатын боламыз. Менің ойымша Н.Ә. Назарбаев дамудың негізгі бағыттарын көрсетті, ары қарай оның дамуы, оның іске асуы еліміздің әр азаматына байланысты. Елбасының Жолдауы бар, 2020 жылы біз дамып кетеміз деген ойдан аулақ болуымыз керек. Ел болып жұмыла қызмет жасауымыз қажет.

- Елбасы Жолдауында «Қазақстанның дамуы онда тұратын ұлттардың ауызбіршілігінің сақталуында» деді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

- Біздің қазақ ұлты кішіпейіл, түсінігі мол халықтардың бірі. 1990 жылдармен салыстырғанда еліміздегі басқа ұлттардың бізге деген көзқарастары өзгерген. Олар Қазақстанды өз Отаны, мекен-жайы ретінде сезінеді. Біз осы елге қызмет етіп, болашақ ұрпақтарымыздың осында қалғанын қалаймыз дейді. Еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің кетуі экономиканы әлсіретеді. Сондықтан біз соны түсіне отырып, оларға жағдай жасай отырып, білімді мамандарды, зиялы қауымды ұстап қалуымыз керек. Оларға «Қазақстан сенің де мемлекетің деп» түсіндіріп, тұрмысын жақсартуына жағдай жасауымыз керек. Мысалы ең дамыған елдердің бірі Канададағы бір кездері сырттан келген ұлттар көрші АҚШ-қа қарай кете бастапты. Сонда олар ойланып, неге бұлай болып жатыр, мұның арты жақсылыққа әкелмейді деп зерттей бастайды. Содан сарапшылар АҚШ-қа барған адамдарға сол елде келешегі бар екендігі, өзін сол елдің тұрғыны ретінде сезінуіне жағдай жасалғандығына көз жеткізген. Қай ұлт болмасын тұрған жерінде өзінің келешегін көргісі келеді, өз бала-шағасының болашағы қалай болатындығын ойлайды. Бірақ тарихқа байланысты елімізде әр ұлттың өкілдері тұрып жатыр, олар қызмет жасап, осында қалғысы да келеді. Оларда жарқын келешек көргісі келеді, сол себептен қазақтар басымшылық жасасын, қазақтар тек қана алда жүрсін деген сөздерден аулақ болуымыз керек. Сенің дамығың келе ме, үлкен жетістікке жеткің келе ме, мұндай беделге қазақтығыңмен емес, өз біліміңмен, жігерлігіңмен, іскерлігіңмен жетуің керек. Бүкіл құқықтық-демократиялық мемлекеттер тек осы принципте жұмыс істейді. Ал бірақ мемлекет болғаннан кейін ұлттық мүддені қорғауға мемлекет тиісті, ол тұрғыда жұмыстар істеліп те жатыр.

- Биыл еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатыр, бұл бізге не береді?

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мемлекетімізге үлкен абырой әкеліп жатыр. Жас Қазақстан мемлекетін ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлауы бізге деген үлкен сенім деп ойлаймын. Осындай мемлекет бар екендігін мойындаудың өзі бізге үлкен абырой. Біздің дипломаттарға, биліктегі азаматтарға бұл құбылыс үлкен сабақ әрі тәжірибе болмақ.