Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, қалалық мәслихаттың депутаты Айтбай Бұлашев.
Оның айтуынша, Президенттің Үкіметке берген тапсырмалары білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің көңілінен шығып, оларға жаңа бағыт-бағдар көрсетіп отыр. «Тәуелсіздік алғалы бері шешімін таба алмай, көлеңкеде қалып келе жатқан аса маңызды мәселенің бірі және бірегейі - мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру және бүлдіршіндерді тәрбиелеу ісі еді. Ғылыми деректерге сүйенсек, адамның тұлға болып қалыптасуы, негізінен, оның алты жасқа дейінгі алған дүниетанымына және тәлім-тәрбиесіне байланысты болып келеді екен. Ал мұндай баға жетпес кезеңді өткізіп алған жас ұрпақтан жан-жақты, терең білімді, ұлтжанды және парасатты азаматтарды тәрбиелеп шығару оңайға соқпайды. Қазіргі кезде әлемді аузына қаратып отырған елдердің бәрі баланы мектепке дайындауды адам әлеуетіне жасалатын ең тиімді және нәтижелі инвестиция ретінде қарастырып, бұл істі мемлекеттік маңызы бар шара санатына жатқызыпкеледі», - дейді ректор.
А. Бұлашевтің айтуынша, тәуелсіздігіміздің қиын-қыстау жылдарында көптеген балабақшалар жекешелендіріліп кетті немесе мемлекеттік органдардың теңгеріміне ауысты. Соның салдарынан балалардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамытылуы 30 пайызға дейін төмендеді. Бұл жағдай халқымыздың демографиялық ахуалына да кері әсерін тигізбей қоймады. Мектепке дейінгі оқу-тәрбиенің қолжетімді болуын ел болашағымен тікелей байланыстырған Президенттің тапсырмасымен, өткен жылдың басында «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдармен қамту бір жылдың ішінде 55 пайызға дейін көтерілді. Жолдауда көрсетілгендей бұл көрсеткіш 2015 жылға қарай - 74 пайызды, ал 2020 жылы - 100 пайызды құрайтын болады.
«Жоспарланып отырған іс-әрекеттердің орындалуы баға жетпес, сарқылмас нағыз байлықтың көзін ашпақ деген ойдамын. Жолдауда сондай-ақ, сапалы білім беру - Қазақстанның индустриялық және инновациялық дамуының негізіне айналуы керектігі айтылған. Мысалы, Елбасы кәсіптік-техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартуды және ЖОО-лардың инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыруды алға тартты. Бұл тапсырмалар өмір талабынан туындап отыр. Өйткені Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру үшін ел экономикасына бәсекеге қабілетті, өндірістің талаптарына бейімделіп, заманауи технологияларды тез арада меңгере алатын мамандар қажет. Осы бағытта еліміздің жетекші ЖОО-лары тиісті жұмыстарды атқарып та жатыр. Айталық, біздің университетке мамандықтардың оқу жоспарлары мен пәндер бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ дәріс оқу үшін өндірістің тәжірибелі мамандары, шетелдік ғалымдар тартыла бастады. Студенттеріміз теоретикалық білімдерін 300-ден аса кәсіпорындар мен ұйымдарда практикалық іс-тәжірибелерімен бекітуде», - деді ол.
А.Бұлашев атап көрсеткендей, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасқан аталмыш аграрлық университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы «білім - ғылым арқылы» деген ұстаныммен еңбек етуді дәстүрге айналдырған. Бүгінде білім ордасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы шеңберінде ғана агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) өзекті мәселелерін шешуге бағытталған 18 ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда ғалымдар жүзге жуық ғылыми тақырыптарды орындау үстінде. Зерттеулерге жас ғалымдар - студенттер мен магистранттар кеңінен тартылып отыр.
«Жолдауда инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін оқу орындарының үлесін 5 пайызға, ал халықаралық стандарттар бойынша ұлттық аккредитациялаудан өткен ЖОО-лардың үлесін 30 пайызға жеткізу көзделген. Осы орайда айта кетейін, бүгінде ұжымымыз «зерттеу университеті» мәртебесін алу үшін ауқымды жұмыстарды мақсатты түрде жүргізіп келеді. Бір ғана мысал: университетте соңғы екі-үш жыл ішінде мемлекеттік және шаруашылық тапсырыстар негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізумен шұғылданатын 5 ғылыми-өндірістік орталық ашылды. Университет қабырғасында білім мен ғылымның ұштасуы, олардың өндіріс талаптарына икемделуі - сапа көрсеткіштерімізді жаңа деңгейге көтере түсті. Оның дәлелі ретінде былтырғы жылдың соңында ҚазАТУ-дың тәуелсіз институционалдық аккредитациядан мүдірмей өтуін айтуға болады», - деп атап өтті ректор.
Университет басшысының пайымдауынша, Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауы, жаңбырдан кейін қаулап шығатын саңырауқұлақтар іспеттес елімізде қаптап кеткен ЖОО-лардың жұмысын оңтайландыру қолға алынатындығына сенімді нығайта түсті. «Қазіргі кезде экономистер мен заңгерлерді былай қойғанда, ауыл шаруашылығына жоғары білімді мамандарды даярлайтын оқу орындарының саны жиырмадан асып кетті. Президентіміз ЖОО-лардың санын сынға алып жатса, «Казахстанская правда» газеті Жолдаудың толық мәтіні жарияланған нөмірде Солтүстік Қазақстан облысының бір ауылында Агротехникалық институт ашу туралы шешім қабылданды деген тілші мақаласын орналастырған. Шынтуайтын айтқанда, бүгінгі таңда университетімізде 200-ге жуық солтүстікқазақстандық білім алып жатса да, түлектерді жұмысқа орналастыру үшін жылда өткізетін мамандар жәрмеңкесіне аталмыш облыстан осы уақытқа дейін бір-де бір жұмыс беруші қатысып көрген емес. Иә, ауылшаруашылығы саласы мамандарға зәру болып отыр. Бірақ бұл тапшылық оқу орындарының аздығынан емес, диплом алған түлектердің ауылға бет бұруына қызығушылық туғызатын нормативті-құқықтық құжаттардың жоқтығынан туындап отыр. Мысалы, «АӨК мен ауылдық аймақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң жеңілдіктерді мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қызметкерлеріне ғана қарастырады, ал бұл заңда ауылдың өзегі болып табылатын аграрлық саланың мамандары ескерілмеген», - деді ол.
«Сондықтан», - дейді ректор, - ЖОО-лардың жөні-жосықсыз ашыла берілуіне жол бермей, оқу бітірген мал дәрігерлері мен агрономдарды, инженерлер мен технологтарды жеңілдіктер алып отырған аталмыш мамандар тобына қосқан дұрыс. Онымен бірге, әрбір облыс пен аудандардағы кәсіпорындар мен шаруашылықтар мамандарды келісімшарт негізінде өз есебінен даярлауды немесе басқа жолдармен өздеріне тарту шараларын ойластыруы керек.
«Алдағы он жылдықта ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс біршама өсе түспек. Жолдауда аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болмаған жоба іске асатындығы баса айтылып, бұл істің машина жасау, тамақ өнеркәсібі, жемшөп өндірісі және басқа да сабақтас салалардың жандануына септігін тигізетіндігі айтылған. Ендеше, мамандарды даярлауда саннан сапаға көшетін кез келген сияқты, ал биылғы Елбасының Жолдауы ЖОО-ларды ашуға құмар адамдарға ой салар деген үміттемін», - деп түйіндеді сөзін А.Бұлашев.