деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алтын белгі» иегерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жобасының авторы Ұлықбек Бегімовтың айтуынша, аталған ұйым аясында Еуразия ұлттық университетінде оқып жатқан барлық «Алтын белгі» иегерлерін біріктіріп, олардың білім-ғылым саласындағы әлеуеттерін барынша өсіру көзделген. «Қазіргі кезде бірлестіктің нақты жоспары да бар. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлерінің ғылыми жинағын шығару, «Интеллектуал - 2010» жарысын өткізу және осы жоғары мәртебеге ие болған қазақстандық жастардың арнайы веб-порталын ашу», - дейді Ұ.Бегімов.
Өз кезегінде университет ректоры Бақытжан Әбдірайым жастардың бұл ұсынысын толығымен қолдайтынын білдіріп: «Меніңше, бұл ұйымды заңды тұлғалар бірлестігі ретінде құру қажет. Еуразия ұлттық университеті өз тарапынан аталған бастамаға қажетті қаржылай көмек беруге даяр», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан бойынша ең көп «Алтын белгі» иегерлері білім алуда. Олардың саны - 1266 адам.