Министр жұмыс сапарының екінші күні Оралда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес жөнделген, 1960 жылы салынған үш қабатты, 20 пәтерлік үйде болды. Жалпы, «Жалын» ПИК-іне қарасты 29 үйден 2011-2012 жылдары тағы сегіз үй қайта жаңғыртылған.
Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашевтың мәлімдегеніндей, 2011-2012 жылдары бағдарлама аясында өңірге 1,2 млрд. астам теңге бөлінген. Оған 144 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізілсе, оның 96-сы аудан орталықтарында. Яғни өңірде он екі ауданның оны бағдарламамен қамтылды. Батыс Қазақстан облысы бағдарламаны орындауда осы жағынан ерекшеленеді. Өткен жылы бұл бағытта қаржыландыру болған жоқ. Сол себепті қазір бағдарлама аясында үйлерін жөндеткісі келетіндерден түскен өтініш көп. Былтыр қайтарылған қаржы есебінен Орал қаласындағы бір үй жөндеуден өтті. Биыл 200-ден астам үйді жөндеу жоспарлануда. Соған орай ҚР Өңірлік даму министрлігіне 730 млн. теңгеге тапсырыс жасалды.
Қаржы қайтарымы 45 пайызды құрайды. Әзірге қайта жөнделген үйлердің ешқайсысында дербес жылу пункттері орнатылмаған. Осыған орай Б.Жәмішев бағдарлама мақсаты тек жөндеу, ақтап-сырлау ғана емес, сонымен бірге қуат үнемдеу екендігін атап көрсетті. Тұрғындар жылу үшін төленетін қаржыны үнемдесе, мемлекет те қосымша қуат көзі үшін шығынданбайды. Бағдарлама мақсаты осында. Не жөндеу керектігін тұрғындар шешеді, бірақ қайта жаңғыртылғаннан кейін әр үйде дербес жылу пункті, жылу есептегіш құралы болуы тиіс. Министр қаржы қайтарымының да төмендігін қағыс қалдырмады. «45 пайыз өте аз, тұрғындармен белсенді жұмыс жасау керек», деді ол.
Аркадий Рубцов басшылық ететін «Стекло-Сервис» ЖШС-да болған кезінде Болат Жәмішев қуат үнемдейтін және термотөзімді әйнек өндіруге назар аударып, оларды жетілдіре түсу қажеттігін айтты. Аталмыш кәсіпорын мемлекет тарапынан қолдау тауып, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының игілігін көріп келеді.
Сапар соңында өңірдегі сала басшылары қатысқан кеңес болды. Онда облыс әкімінің орынбасарлары сөз алып, көкейкесті мәселелерді қозғады. Соның ішінде кезекте тұрғандар мен жас отбасылар үшін жалгерлік үй тұрғызуға 1,8 млрд. теңге қажеттігі, жол және лифт шаруашылығын жаңғырту жобаларына, сумен қамту нысандарына қаражат бөлу, облыста, әсіресе, оңтүстік аудандарда су арналарын жүргізу, әскери полигон жерлерін мал жайылымы ретінде пайдалану, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қаржы агенті мәртебесін беру, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мақұлданған инфрақұрылымды дамыту жобаларын қолдау сынды мәселелер көтерілді.
Б.Жәмішев өз сөзінде әскери полигон жерлері бойынша келісім жүріп жатқанын, су жіберу үшін арна құрылысы мәселесі зерттелетінін атап өтті. Облыстың жол жөніндегі жобалары да маңызды, бірақ келісілген бағдарлама бар. Әр нәрсенің мерзімін өткізіп алмау үшін белсенділік таныту керек. Тұрғын үй құрылысын қосымша қаржыландыру бойынша ұсыныстар жасалады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына лифт шаруашылығын да енгізу ойластырылуда. Бұл үшін бөлек бағдарламаның қажеті жоқ. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жобаларға қаржы жетіспеушіліктің мәнісі мынада. Жобалар шала дайындалады әрі уақтылы тапсырылмайды. Басқа салалар бойынша да жобалар тиімді болып, бәрі бірден ескерілуі керек. «Ең бастысы, қай жобаға басымдық беру қажеттігінде және оның тиімділігінде. Үкімет қаржы бөлу үшін бәрі анық болуы керек», - деді Б.Жәмішев.