Мемлекет басшысы барлық жоғары оқу орындарына «Назарбаев университетке» бой теңестіруге ұсыныс жасайды. Ол дегеніміз, өзге жоғары оқу орындары ғылыми жұмыстардың орталығы, жаңа сапалы білімнің қайнар көзі болуы тиіс. Бұл талапты оңтүстік жастары қызу қолдап отыр.
Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де барлық студенттер Мемлекет басшысының тікелей эфирде сөйлеген сөзін мұқият тыңдады. «Біздің еліміз жедел индустрияландыру процесінде тұр. Технологиялар күнде жаңарып отыр, сондықтан да біз өндіріске келіп, өнеркәсіптің «кешегі күні» болып қалмауымыз керек», - дейді ОҚМУ студенті Заманбек Орынбеков.
Сонымен қатар, студенттер Президент сөздерін өздеріне жүктелген міндет деп танып отыр. «Университеттердің басшылары материалдық базаны, әдістемені жақсартумен, өзге елдермен байланыс орнатумен айналысып жүр. Ал біздің міндетіміз - осы мүмкіндіктерді пайдалана отыра, мейлінше қазіргі заман талабына сай және сапалы білім алу», - дейді ОҚМУ студенті Жанар Мырзатаева.