қалыптасып келе жатқан, өзін өгейсінетін жаңа бір буынның, тіпті ұрпақтың дейік, ащы шындығы, боямасыз қалпы туралы екен. Сонымен әлгі белгісіз автордың ойларын қаз қалпында қазақшаласақ, былай болып шығады:
«Біз өзімізді қазақ санаймыз, бірақ орысша ойлап, қажет болғанда ағылшынша да сөйлесеміз. Рухымыз құдды қазақы, далалық секілді, алайда ойымыз бүлікшіл орысша (орыстікі), ал ұмтылатынымыз стерильді еуропалық өмір. Сондықтан да ресейлік әдебиетті оқып, шетелдік білім аламыз. Біз қайда да (барлық жерде) бармыз. Яғни, еш жерде де емеспіз.
«Өлең оқып жіберші» деген өтінішіке біз Бродскийді, сәл ышқынсақ, Байронды да тақпақтай жөнелеміз. Тек ешқашан Махамбетті немесе Мұқағали Мақатаевты емес.
Біз Ресейге Наполеон қашан соғыс ашқанын дәлдікпен айта аламыз, бірақ Қазақ хандығы қашан құрылғанынан бейхабармыз. Егер шетелдіктер туған жеріміз бен қазақ тарихын әңгімелеуімізді сұрай қалса, сасып қаламыз, Шыңғыс хан мен үш жүз туралы бірдеңе міңгірлеген боламыз. Бірақ есесіне Элвистің бүкіл күйтабақтарының атауларын жатқа айтып, Герберт Уэлстің шығармашылығының ерекшеліктерін талқылай аламыз.
Құранның бірде бір сүресін білмесек те, мешіттерге барамыз. Қазақ әдет-ғұрыптарын өзіміз үшін шектен тыс (радикалды) және қолдануға болатын деп (екіге) бөлеміз. Сол үшін ата-аналарымызбен ұрсысамыз. Біз өз балаларымызға бабаларымыздың салт-санасы туралы не айтатынымызды ойламаймыз, өйткені айтатын да ештеңеміз жоқ. Біз қазақы нәрсенің бәріне жан дүниеміздің терең түкпірінде ұмтыламыз, бірақ кейде оны байқатуға қысыламыз.
Бізді қартаң қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлескені шамырқантады, ал жастар қазақша сөйлессе, мазасызданамыз (қысыламыз).
Біз «Алдымен тілдеріңді өздерің үйреніп алыңдар, сосын бізден талап етіңдер» дейтін өзге ұлт өкілдеріне қарсы уәж айта алмаймыз.
Біздер балаларымызды қазақ балабақшасына береміз, ал үйде орысша сөйлесеміз. Біз таза орыс ортасында өзімізді жайсыз сезінеміз, ал таза қазақы ортада екі есе жайсыз сезінеміз.
Біздер Лениннің ескерткіштерінің орнына көптеген батырлардың мүсіндері пайда болғаны үшін көп күлеміз, сөйте тұра олардың не үшін қойылғанын білгіміз де келмейді. Көшелердің атаулары біз үшін мәнсіз. Қала атаулары да солай.
Біз ерте ме, кеш пе, бойымызда қан бұлқынысы болатынын сеземіз. Соны байқамай қаламыз ба деп қорқамыз. Бәрінен бұрын түсінбей қалудан қатты қорқамыз. Біз бір, өмірдегі ең маңызды сөзді білеміз. Ең бастысы, соғыс болмағаны!!!!»
(авторы белгісіз)
Осы жазбаны сол қалпында бір-екі танысыма оқуға бердім. Әлбетте, орыстілді жастарға. Олардың бәрі бірдей бір ауыздан «мынау біздің тура жанды жерімізді тап басыпты, біздер туралы екен» десті. Сосын интернеттен авторын тағы іздестіріп көрдім. Таптым. afftor.kz сайтында Төлеген Байтүкенов деген азамат жазған екен. Мені автордан бұрын, оның сол жазбасының астына өз ойларын қалдырған азаматтардың пікірлері қызықтырды. Әркім әртүрлі айтқанымен, олардың да ой-пікірлерінде ортақ түйін немесе ұқсастық бар. Бәрі де жоғарыда айтылған жайттарды мойындайды немесе ішінара келіседі. Мысалы, бір азамат әлгі пікірді оқи салысымен, Мұқағалидың өлеңдерін қайдан табуға болатынын сұраса, енді бірі Қазақ хандығы қашан құрылғанын білетінін, бірақ жазылған пікірдің қалған бөлігімен толық келісетінін айтады.
Бұдан не түюге болады? Елімізде «өзін өгейсінетін» ұрпақ қалыптасып келеді. Негізі, қалыптасып қойған деген дәлірек болар. Бір жағынан бұл қазақтілді баспасөз үшін жаңалық та емес. Қазақтың тілі мен ділінің мәселесін жарғақ құлағы жастыққа тимей жазып келе жатқан қазақ газет-жұрналдарында бұл жайт талайдан бері айтылып жүр. Сондықтан, мұндағы назар аударатын нәрсе, осы мәселені сол буынның өз «өкілдері» мойындап, ашық айта бастағандығы деп ойлаймын. Осыған дейін үнсіз болып келген олардың өз «проблемаларын» түйсінуі, (мейлі интернет-форумдарда болсын) ойларын ортаға шығаруының өзі жоғарыда айтылған қан бұлқынысының әсері болар. Олай болса, ұлттық рухын көтеріп, елдігіміздің іргесін бекемдеу үшін қаны да, жаны да қазақ деп соғатын қандастың қатарын да, қарасын да көбейте алмай жатқан қазақ қоғамы осы буынның бетін түбегейлі бері бұру жағын да ойластыруы керек сияқты. Бірақ қалай және қайтіп іске асырамыз бұл ойды? Әрине, егер олардың ішінде жоғарыдағы ой-тұжырымды оқи салысымен, Мұқағалидың өлеңдерін іздеп кеткен азамат секілді адамдар көптеп табылса, мұның жарасы жеңілдеу болар. Бірақ бұл да тығырықтан шығар жол емес. Мұның бір ғана айқын амалы бар. Оны қазақтілді орта да, орыстілді басылымдар да біледі. Ол - орыстілді баспасөзде осы тақырыпты көтеру. Бірақ өкінішке қарай, орыстілді баспасөздің бұған зауқы жоқ. Қазақтілді баспасөздің үні қазақша ойлап, қазақша түс көретін аудиторияның ауқымынан аспайды. Ал орыстілді қазақтар қазақ баспасөзі не айтып жатқанынан бейхабар. Осылай бір қоғамда екі буын пайда болып, арасы алшақтап кетпесін деңіз...