Біз соғыстың ауыртпалығын да, аштық-жалаңаштықты да көрдік - Қ.Ғайсин, соғыс және еңбек ардагері

ОРАЛ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлы Отан соғысының басталғанына 71 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы қанқұйлы соғыстың көзі тірі куәгерлері күн санап азайып барады.

Соның бірі - Орал қаласында тұратын соғыс және еңбек ардагері Қадыр Ғайсин өз басынан өткен сол кезең туралы былайша әңгімелеп берді.

«Иә, біз ол соғыстың ауыртпалығын ұмытқан жоқпыз. Ұлы Отан соғысы басталған уақытта біз әлі мектеп қабырғасында едік. Ел басына түскен ауыр күннің салмағын біз де сезіндік», - деді майдангер.

Қ.Ғайсиннің айтуынша, Жымпиты ауылында туып-өскен бұлардың да мектеп бітіргеніне биыл тұп-тура 70 жыл болыпты. Былайша айтқанда, бір адамның ғұмыры. Жастық шағы жалынға шарпылған Қадырдың бұл мектепті тәмамдай алмауы да әбден мүмкін еді. Өйткені сұрапыл соғыстың қаһары күшіне мініп тұрған 1942 жылдың қаңтарында ол әскерге шақыртылып, Орал қаласына келді. Комиссия тексере келе: «Әлі мектеп бітірмепсің, соғысқа әлі үлгересің», деп кейін қайтарды. Бұл ауылына барғанда, құрбы-құрдастарының қатары мүлдем селдіреп қалыпты. Жасы толғандары майданға аттанған. Кейбірінің оқуға қарайтын мүмкіндігі жоқ.

«Мектепті 1942 жылғы 31 мамыр күні төрт-ақ түлек бітірдік. Үш қыз - кейін облысқа белгілі ұстаз болған Меруерт Жолдықайырова, ісмерлігімен танылған Шолпан Нұрмұқанова, Нұрия Камалова және мен. Сол жылдың тамыз айында маған да алысқа жол тартуға тура келді», - деп еске алады Қадыр аға бүгінде.

Оралда Ленинградтан көшірілген әскери байланыс училищесі бар еді. Осында алты ай оқып, бітіріп шыққаннан кейін қазіргі Орынбор облысындағы Чкалов лагері арқылы Уфаға жөнелтіліп, әскери құрама жасақталған соң, 1943 жылы Полтава түбінен сержант шенімен майданға кірді. «Байланысшының әзірге керегі жоқ, автоматпен соғысасың», деді командирі. Сөйтіп Калашников автоматымен достасуға тура келді. І және ІІ Украина майданы 116-Харьков гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында талай ұрысты басынан кешірді. Украинаның Черкасск облысында жеңіл жараланып, госпитальда алты ай емделіп шықты. Осында алғашқы наградасы - «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. Яссы-Кишинев, Корсун-Шевченко, Яссы-Сандомир бағытындағы ұрыстарға қатысып, Польша, одан Германия жеріне кірді. Соғысты Праганың түбінде аяқтаған майдангер бұл кезде І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып үлгерген еді. 1939 жылы комсомол қатарына өтсе, 1944 жылы шабуылға шығар алдында коммунист болуға арыз берді. Екі адамның кепілдігімен майданда партия қатарына өткен Қадыр Ғайсинді соғыс біткенмен, «маман керек» деп, әскер қатарынан жібермей, алып қалды. Закарпатье әскери округі 81-дербес байланыс батальонында қызмет еткен ол Старый Самбор қаласының дәмін татты. Бұл бандерашылардың бүлігі басыла қоймаған кез еді. Әр жерде қастандық жасалып жататын. Әсіресе, 1946 жылғы КСРО Жоғары Кеңесінің сайлауы әлі жадында. «Қасымда көмекшім бар, бір елді мекенге сайлау учаскесін байланыспен қамтуға жіберді. 35 шақырым жерге шөп таситын арбамен сайлаудан екі-үш күн бұрын бардық. Учаске шіркеудің жанындағы мектепте. Сайлау күні де келіп жетті. Бір қызығы, адам баласы көшеге шықпайды, иті де үрмейді. Мұндағылардың ішінде тісқаққаны, яғни соғысқа қатысқаны жалғыз мен. Ақыры священникке барып, жолығуға тура келді. Ол әйелінің тісі ауырып жатқанын, көп ұзамай сайлауға баратынын айтты. Сол-ақ екен, «сымсыз телефонның» күші болар, жарты сағаттан кейін тұрғындар сайлауға келе бастап, көп ұзамай дауыстарын беріп болды. Сайлау жәшігін күзету де оңайға түскен жоқ. Түнгі сағат 2-3-тердің шамасында оқ атылды. Аспанға оқ атып, біздің де бар екенімізді білдіруге тура келді. Содан таң ата священниктің үйі, мал-қорасы өртеніп кетті. Әйтеуір елге 1947 жылы мамыр айында оралдым ғой. Жайықтың суы тасып, арнасынан асып кеткен екен. Барбастаудан Фурманов көшесіне дейін пароммен жүреді. Қайырсапа Досқалиев деген жымпитылық милиционер жерлесім (кейін жоғары лауазымды қызметтер атқарып, полковник шенін алды) жолығып, Қазақстан стансасына дейін пойызбен барып, одан Жымпитыға жаяу тарттық. Ауылға келсем, мұнда да тасқын. Көп аңсаған үйге келіп, көңілім бірленген соң, оқуға барайын деп едім. Әкем Хабиболла: «Бес жыл жүріп келдің, енді ешқайда бармайсың», деп рұқсат бермеді. Кейін А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультеті мен ауыл шаруашылығы техникумын сырттай бітіріп алдым.  Ал соғыстан келген соң, бір айдан кейін аудандық партия комитеті шақырып, нұсқаушылық жұмысқа кірісіп кеттім», - дейді Қадекең.

Бұған оның әскерден жақсы мінездемемен қайтуы әсер еткен көрінеді. Осылайша басталған қызмет баспалдағы біртіндеп өрлей берді. 1953 жылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әрі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде талай іске араласып, табандылық танытты. Тіпті бірде бюро отырысында мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жергілікті органындағы партия ұйымының кемшілігін қатты сын тезіне алғаны бар. «Халық жауы» атандырып, соттаудың, тұтқынға түскендерді қудалаудың әлі басылмаған кезі, өзі сол сөзінен қауіптеніп те жүрді.

1954 жылы облыс басшыларының ұйғаруымен аяқ астынан алыстағы Жәнібек ауданына жол түсіп, Шоңай МТС-ы бойынша аймақтық хатшы болып сайланды. 1955 жылы екінші хатшы қызметіне ауысты. Тың игеру қарқынды жүріп жатқан кез. Мұнда да дұрысын айтамын деп, облыстан келген уәкілмен тартысып қалғаны бар. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылғанда, М.Мәметова атындағы кеңшар директорлығына бекітіліп, бұл жұмысты 14 жылдай абыроймен атқарды. Кейін Орал қаласына қоныс аударып, 15 жыл облыстық ардагерлер кеңесін басқарғанын ел біледі. Әлі де аттан түспей, өңірдегі үлкенді-кішілі шараларға белсене араласып келеді. «Бір қызығы, Жәнібек, Ордада жүргенімде, менің қарауымда болған Рахметолла Егізбаев, Мұрат Нәсимуллин, Тауасих Мырзағалиевтің бәрі кейін өзіме бастық болды. Әйтеуір қай жұмыстан да бас тартқаным жоқ, қиындықтан қашқаным жоқ, қызметімді барынша адал атқардым дей аламын», дейді Қадыр аға.

Осы кезде әңгімеге ардагердің зайыбы Рауия апай қосылды. «Көп ұзамай біздің отау құрып, отасқанымызға 65 жыл толады. Аштық, жалаңаштықты да көрдік. Әкем Исмағұл Усмановта ер бала болмады, бар үміті мен едім. Бауырларынан ерте айрылған Қадыр да жалғыз екен. Жасырып не істейін, тұрмысқа шығар кезімде тіпті үстіме киетін көйлегім болған жоқ. Әкеме: «Бізге рұқсатыңызды берсеңіз болды, өзім киіндіріп аламын» деген атам марқұмның арқасында адам болып кеттік. Айналасына қамқорлығы мол кісі еді. Кейін де алтын тағып, дүние жинағанымыз жоқ. Гүлфия, Раниль, Фарида, Дамир есімді төрт ұл-қызымыздан 12 немере, 7 шөбере көріп отырмыз. Қадырдың жалғыз жинағаны кітап еді. Бір машина кітапты Орынборға көшерде Дамирге енші есебінде бердік. Біразын қалалық кітапханаға, 100 дана кітапты «Ақжайық» шипажайына сыйлады. Бізге осы елдің тыныштығынан артық ештеңе керегі жоқ», - деді ол. Әлі күнге бес уақыт намазын тастамаған тақуа жан екен, көңіл түкпіріндегі сырын жасырмады.

Ұлты татар Қадыр Ғайсин мен Рауия Усманова қазақтармен әуелден туыс болып кеткен, құдандалы болып келеді. Қазақ елінде барлық ұлт өкілдері секілді ұрпағын өсіріп, тату-тәтті ғұмыр кешті. Өмір қызығын бүгін де көріп отыр.

«Біз Елбасымыздың, мемлекетіміздің тарапынан ардагерлерге жасалып отырған қамқорлыққа ризамыз. Соғыс кезінде көрген қиындығымызды ұрпағымыз көрмесін. Бейбітшілікке, халықтар достығына жететін ештеңе жоқ», - деп түйіндеді ойын Қ.Ғайсин ақсақал.