Біз ҮЕҰ туралы мәліметтерді жүйелеп, олардың мемлекеттік қаржыландырылу тиімділігін арттырғымыз келеді - Ә.Әбдуәлиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Үкіметтік емес ұйымдарды кешенді зерттеу жұмыстары қолға алынған. Бұл үкіметтік емес сектордың даму тенденциясын және мемлекеттік ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылын, сонымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін зерделеу мақсатында қолға алынған еді. Міне, соңғы бірнеше ай бойы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар ҮЕҰ қызметін реттейтін заңнамалық актілерге ұсыныстар мен сәйкесінше өзгертулер енгізу үшін бірлесе жұмыс істеуде. Осы орайда болашақта аталған өзгертулердің қандай мәнге ие болатындығы жайында «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директоры Әсет Әбдуәлиев тарқата айтып берді.

- Әсет Қуандықұлы, «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі Қазақстанның үкіметтік емес секторына үлкен зерттеуді жүргізіп жатқанын білеміз. Сондықтан Саяси менеджмент мектебі және оның жүргізіп жатқан зерттеулері жайында айтып берсеңіз.

- Шындығында бұл тақырып өте маңызды әрі өзекті. Меніңше, жыл соңына дейін біздер Қазақстандағы ҮЕҰ секторын дамыту туралы зор, қызықты әрі өте пайдалы есеп алатын боламыз. Мен - «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директорымын. Бұл жобаның Қазақстан мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Яғни, бұл - мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Ағымдағы жылы лот жарияланып, біз оны жеңіп алдық және ендігі уақытта осы жұмыстарды жүргізудеміз. Іс жүзінде жұмыс өте маңызды әрі қажетті. Қазақстан тәуелсіздігінің барлық кезеңінде толыққанды, яғни, ҮЕҰ-лерді санау жүргізілмегендігін айта аламын. Иә, біз қанша ҮЕҰ тіркелгенін білеміз. Иә, біздер қандай ҮЕҰ бар екендігін, қандай ҮЕҰ белсенді екенін білеміз. Барлығында да қандай да бір түсінік бар, бірақ, ол біршама алшақтау, түсініктері бытыраңқы. Енді министрліктің бастамасымен біз барлық ҮЕҰ-лерді жүйеге келтіру бойынша тікелей жұмыстарды жүргізгіміз келеді. Қандай ҮЕҰ тіркелгенін, қандай ҮЕҰ қазіргі уақытта жұмыс істемейтіндігін түсіну қажет. Қандай ҮЕҰ бар, бірақ қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Қандай ҮЕҰ шын мәнде де белгілі бір маңызды әлеуметтік қызметті атқаруда. Міне, біз дәл осы жұмыстарды жүргізгіміз келеді. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі. Бірінші кезеңде біздер санақ жүргіземіз. Бұл ең маңызды жұмыс. Өйткені, барлық ҮЕҰ-лермен тікелей жұмыс жүргізіледі. Яғни, біздің базамызда 22 мың ҮЕҰ бар. Біз оларды Қазақстанда тіркелген «коммерциялық емес ұйымдар» деп атаймыз. Біздің шамамен 700 маманымыз осы 22 мың ҮЕҰ-ны жыл соңына дейін толық аралап шығып, арнайы сауалнама толтырады. Жұмыстың екінші кезеңінде қолжетімді мемлекеттік мәліметтер базасымен тікелей іс атқарылады. Біз қазірдің өзінде Мемлекеттік кірістер комитетінің ғаламтордағы қолжетімді онлайн-базасымен жұмыс істеудеміз. Аталған базадан қандай ҮЕҰ-нің салық төлеуде белсенді екендігін қараймыз. Егер ҮЕҰ қағаз жүзінде ғана тіркелсе, онда олар салық төлемейді. «Бос кесте» тапсырушылар деп аталатын ҰЕҰ-лер де бар. Яғни, ҮЕҰ бар, мөр бар, директоры бар, бірақ, ешқандай белсенділігі, ешқандай жалақысы жоқ. Салық төлейтін де ҮЕҰ-лер де бар. Егер ҮЕҰ салық төлейтін болса, демек ол белсенді және қандай да бір қызмет атқарады деген сөз. Міне, осындай тұрақты салық төлейтін, материалдық-техникалық базасы бар ҮЕҰ-лерді біз өзіміздің зерттеуімізде қамтығымыз келеді. Сонымен қатар маңыздылығы бір мысқал да кем емес жұмыстың үшінші қабаты, халықаралық донорларға мониторинг жүргізгіміз келеді. Қазақстанда қандай халықаралық донорлық ұйымдар жұмыс істейтіндігін, олар қандай жобаларды қаржыландыратындығын, қандай ҮЕҰ-лермен жұмыстарын жолға қойғандығын көргіміз келеді. Бұл жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін біз Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың дамуы туралы ресми есеп жариялаймыз.

- Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап үшінші сектор барынша белсенді дамыды. Қазіргі уақытта оның дамудың белгілі бір деңгейіне шыққандығы әрі оны жақсылап зерделеу қажеттігі түсінікті. Мұнымен осыған дейін Азаматтық альянс қандай да бір деңгейде айналысып келген болатын. Бірақ, менің білуімше, бүгінде бұл барынша жүйеленбеген ақпарат болып тұр. Сондықтан бұл зерттеудің нәтижелерін жариялау, меніңше, ҮЕҰ-лермен жемісті іс-қимыл үшін мемлекеттік органдарға және сонымен бірге ҮЕҰ-лердің өздеріне зор көмек көрсететін болады. Сіз қазір ғана барынша ауқымды нәтижелерді алуды жоспарлап отырғандарыңызды айттыңыз. Бұл зерттеудің нәтижелері бойынша ары қарай не жасамақ ойларыңызда бар?

- Бұл есептен қандай нәтиже болмақ? Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикасы мен қоғамдық-саяси өмірін реформалау жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жария етті. Жоспардағы қадамдардың бірі мемлекеттің лицензиялау, қандай да рұқсат беру, белгілі бір саланы реттеу қызметтерін өзін-өзі бақылайтын ұйымдарға беруді көздейді. Ал бұл қызметтерді беру үшін біздер елімізде қандай ҮЕҰ-лер жұмыс істейтіндігін, белглі бір салада қандай ҮЕҰ белсенді екендігін білуге тиіспіз. Бұл есепті жариялай отырып, біз барлық мәліметтерді министрлікке береміз. Ал министрлік өз деңгейінде Үкіметпен, Президент Әкімшілігімен, Парламентпен бірлесіп, мемлекеттік аталған қызметтерін үкіметтік емес секторға беру бөлігін қарастыратын болады. Біздің ойымызша, аталған жұмыс мемлекеттік қызметтерді ҮЕҰ-лерге беруді олардың нығаюы үшін мықты іргетас болады. Бұған қоса, бұл жүйелендіру де. Бірінші бағыт - бұл мемлекеттік қызметтерді беру. Біз қандай ҮЕҰ бар екендігін, қандай ҮЕҰ қатты екенін, қайсысымен жұмыс істеуге болатынын білеміз.

Екінші бағыт өте маңызды - бұл ҮЕҰ-лардың өздеріне қажет. Оларға қандай ҮЕҰ Астанада жұмыс істейтіндігін, қандай ұйымдар өңірлерде жұмыс істейтіндігін, қандай ҮЕҰ жекелеген ауылдарда жұмыс істейтігін білулері пайдалы. Егер барлық ҮЕҰ-лерді қарап шығып, мәселен, олардың ішінде 20 ҮЕҰ экологияны қорғау мәселелерімен айналысатындығын білсек бұл өте жақсы тәжірибелік жұмыс болар еді. Біздерде оралмандардың құқығын қорғайтын бірде-бір ҮЕҰ болмауы мүмкін ғой. Мүмкін экология секторын одан ары қаузағанша оралмадардың құқығын, ардагерлердің құқығын, зейнеткерлердің құқығын қорғауға бет бұрған дұрыс шығар. Мұның барлығы жасалуда және қандай ҮЕҰ, қандай серіктес бар екендігін білуіміз қажет. Дәл осындай жайт оларды қаржыландыратын халықаралық донорларға, мемлекеттерге де қатысты. Олардың ішінен қандай ҮЕҰ-лердің қандай салада мықты екендігін білуіміз қажет.

Әрине, тағы бір маңызды қызмет - бұл адамдардың біздің елімізде қандай ҮЕҰ-лер бар екендігін және қандай ҮЕҰ-лер арқылы билікпен өзара байланысқа шыға алатындығын білуге жол ашу. Қазіргі уақытта азаматтардың билікпен өзара байланысқа шығуының, ықпал етуінің жалғыз жолы ресми хат жазысуы екендігі құпия емес. Яғни, министрдің атына хат жазасыз, блог арқылы сұраныс жібересіз, ал олар сізге ресми жауап береді. Бұл бір адамның, жеке тұлғаның ұмтылысы екендігін түсіну қажет. Болашақ қоғамдық ұйымдар, сіз заңды тұлғаның атынан талап ете аласыз, ал бұл өте маңызды. Осылайша, сіздер өз мүдделеріңізді Парламент арқылы, министрлер жанындағы қандай да бір жұмыс топтары, сарапшылық кеңес арқылы лоббилей аласыздар. Міне, бұл жарқын мысал. Біздің барлығымыз да Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын қоғамдық орындарда шылым шегуге шектеу қойылғанын білеміз. Шылымқорлықпен, салауатты өмір салты үшін күресетін қоғамдық ұйымдардың бірі жұмыстардың үлкен көлемін атқарды. Бұл ҮЕҰ Парламент депутаттарымен, Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, осылайша заңға қоғамдық орындарда темекі шегуге шектеу қоятын норма енгізді. Адамды қандай да бір проблема қызықтырды, ол жалғыз күреспей адамдар тобын қоғамдық ұйымға топтастырып, осы жұмыстарды атқарып шықты. Мұндай мысалдар өте көп. Тарихи көрнекі нысалдардың бірі - бұл 90-шы немесе 80-ші жылдардың басында Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған Невада-Семей қозғалысы. Бұл ҮЕҰ-лердің Семей полигонына назар аудартып, нәтижесінде аталған полигонды жабуы тамаша мысалдардың бірі.

- Азаматтардың басым бөлігі мемлекеттік органдарға жеке-дара жүгінген кезінде көбіне өте ұқсас проблемаларды айтып жатады. Яғни, бұл проблемаларды біріктіріп, жүйелеп, топтастырып, мемлекеттік органға жөнелткен жөн. Мұнымен нақты бір салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым айналыса алады ғой?

- Иә, шындығында, ҮЕҰ саны кез келген қоғамның даму деңгейін білдіреді. Менде ел ЖІӨ-індегі ҮЕҰ-лердің үлесі туралы мәліметтер бар. Егер, АҚШ, Еуропа одағы елдері сынды мемлекеттердің орташа көрсеткішін алатын болсақ, онда ЖІӨ-дегі ҮЕҰ үлесі шамамен 6,5 пайызды құрайды. Ресейде - 0,9 пайыз. Ал Қазақстанда, оның қанша екендігін өкінішке орай білмейміз. Үшінші секторда жұмыс істейтін адамдар санына қатысты айтар болсам, бұл көрсеткіш Израильде 10, Нидерландыда 10, Канадада 9, БРИКС-те 8, Жапонияда 6, АҚШ-та да шамамен 6, Данияда 4,8, Австралияда 2,8, Ресейде 1,1 пайызды құрайды. Өкінішке орай Қазақстанда қанша екенін білмейміз. Бұл тұрғыда біздер Ресейден даму деңгейіміз бойынша көп айырмашылығымыз бар. Қандай да бір мәліметтер іс жүзінде сай келіп жатады. Бірақ, біздің осынау дамудан қаншалықты қалып қойғанымызды нақты түсіну үшін нақты сандар қажет. Біз осы зерттеу мәліметтері сол қажетті сандарды береді деп үміттеніп отырмыз және соған арқа сүйеп, дамудың одан арғы векторы - үкіметтік ұйымдарды қаржыландыру, бұл саланы реттеу, олардың тиімділігін арттыру сынды мәселелерді қалыптастыра аламыз деп үміттенеміз.

- Демек, бұл жұмыстарды жүйелеуде нақты қадам болады ғой.

- Сөзсіз солай. Біз қандай ҮЕҰ-лердің бар екендігін және олардың не қызмет атқаратынын түсінетін боламыз. біздің алатынымыз қарапайым ғана сандар - мәселен Қазақстанда ҮЕҰ үлгісінде шамамен 22 мың коммерцилық емес ұйым тіркелген. Яғни, коммерциялық емес ұйымдар - бұлар саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, кәсіподақтар, қоғамдық қорлар және тағы басқалар. Ал ҮЕҰ саяси партияларды, діни бірлестіктер мен кәсіподақтарды қоспағандағы коммерциялыққа жатпайтын барлық ұйымдар. Қазақстанда 22 мың ҮЕҰ тіркелген. Олардың ішінде қандай да бір үлгідегі салық есептілігін тапсыратындары ресми мәліметтер бойынша шамамен 13 мыңды құрайды. Қазірдің өзінде 9 мың ҮЕҰ-ны алып тастаймыз. Егер «қала-ауыл» деп бөлетін болсақ, онда бізде шамамен 15 мың ҮЕҰ облыстық маңыздағы қалаларда және шамамен 7 мыңы ауылдарда, шағын қалалар мен аудандарда тіркелген. Екі есе аз. Ал санына келетін болсақ, ҮЕҰ-лердің ең көбі, әрине, Алматы қаласында, мұнда 5 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелгені белгілі. Астанада 2,5 мың ҮЕҰ бар. сандарды зерделеп шығудың өзі қызық. ОҚО-да 2,8 млн. адам тұрады және ол жақта 1700 ҮЕҰ жұмыс істейді. ШҚО-да адамдар екі есе аз, 1,4 млн тұрғын бар болса, бұл өңірде 1600 ҮЕҰ тіркелген. Яғни, іс жүзінде ҮЕҰ сандары бірдей. Бұл ШҚО-дағы қоғамдық белсенділік жоғары екендігін білдіреді. Өйткені, халық саны екі есе аз, ал ҮЕҰ саны деңгейлес.

- Мұнан үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор мемлекеттік органдармен жұмыс істеу қажеттілігі туралы түсінік бар өңірлердің белсенділігі арта түседі деген қорытындыға келуге болады. Яғни, осы зерттеудің нәтижесінде адамдар ҮЕҰ қызметінің қажеттілігін, оның маңыздылығын түсіне бастайды деп айтуға бола ма?

- Сіз өте дұрыс атап өттіңіз, халықтың белсенділігі ҮЕҰ белсенділігімен және сәйкесінше ҮЕҰ сапасымен тікелей байланысты. Бұл ретте де біздер аталған ҮЕҰ Қазақстанның қандай саласында, жұмыс істейтіндігін көргіміз келеді. Мәселен, өте көрнекті сандар бар. Шетелде ҮЕҰ жалпы санынан әлеуметтік бағдарланған ұйымдардың пайыздық көрсеткіші шамамен 60-70 пайызды құрайды. Ал Ресейде тек 13 пайыз ғана. Яғни ҮЕҰ-лердің 13 пайызы ғана әлеуметтік жобалармен айналысады, ал қалған 85 пайызы қандай да саяси мақсаттарды, мүмкін лоббилік мақсатты ұстанады. Немесе «әлеуметтік» түсінігінен алшақ мақсаты бар, әлеуметтік саладан тыс жұмыс істейді. Біз Қазақстандағы ҮЕҰ-лердің қаншасы әлеуметтік салада жұмыс істейтіндігін көргіміз келеді. Оларды бөліп, әлеуметтік, саяси, қоғамдық-саяси, жастар, экологиялық және басқа да салалар деп көрсетеміз. Мүмкін біздер балалардың құқығын қорғайтын ҮЕҰ-лердің көп екендігін, ал зейнеткердің құқығын қорғаумен айналысатын ҮЕҰ-лердің аз екендігін көріп, түсінетін шығармыз. Иә, балалар - бұл өте маңызды, бірақ, сонда да зейнеткерлерге, үкіметтік емес ұйымдар деңгейінде мемлекетпен өзара байланысуға ниетті адамдарға назар аудардың да қажет екендігін түсіну керек шығар?

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру бөлігі бойынша заңға бірқатар өзгертулер енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізуінде бұл зерттеу маңызды аспектіге айналады. Бүгінде ҮЕҰ-лердің қаржыландыру нысаны - бұл негізінен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Жыл сайын мемлекет барлық мемлекеттік органдарға, барлық әкімдіктерге ҮЕҰ-лерді қаржыландыру үшін шамамен 6 млрд. теңге бөледі. Бірақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың ең үздік нысаны емес екендігін түсіну қажет. Өйткені, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - бұл ҮЕҰ-лер үшін тендер десек те болады. Сәйкесінше, егер мемлекетпен жұмыс істейтін болсаң, көптеген құжаттар тапсыруың, конкурсқа қатысуың, ақшаның түсуін күтуің қажет. Қаржы жоба аяқталуға жақындаған кезде ғана түседі. Жоба аяқталғаннан кейін де ҮЕҰ белгілі бір есептілік нысанын, әрбір теңгенің жұмсалуын қуаттайтын чегін өткізуің керек. Егер ҮЕҰ экология мәселесімен айналысатын болса, олар ақша алғылары келеді. Бірақ проблема мынада - олар бюджеттеудің, бухгалтерлік есептің, есептіліктің көптеген мәселелерін білмейді. Мәселен, балалардың құқығымен айналысатын бір ҮЕҰ бар дейік. Олар білікті педагогтар болғанымен, бірақ әкімшілік істерде мықты бола алмауы мүмкін. Содан кейін проблема туындайды. Бұл проблеманы жою үшін министрлік жұмыстар жүргізуде және қазіргі уақытта «оператор» түсінігін енгізуді ұсынуда. ҮЕҰ-лермен жұмыс жөніндегі мемлекеттік қаржы операторы. Яғни, кәсіби ұйым құрылып, ол министрлік бірлесіп жұмыс істейтін болады. Содан кейін ол өзі алған соманы қандай да бір жеңілдетілген шарттармен ҮЕҰ арасында бөледі. Яғни, есептілік құжатына емес, жобаның жүзеге асырылу сапасына қарайды.

- Бұл бюрократиялық кедергілерді біршама төмендетеді ғой.

- Әрине, бізде бюрократияны төмендетеді деп үміттенеміз. Бұл бір. Екіншіден, жаңа форма - бұл «гранттық қаржыландыру» деп аталады, ол ҮЕҰ-лерге өз жобасының шамамен 10 пайызын өзін дамытуға алып қалады. Кіріс түрінде десек те болады. ҮЕҰ өзіне жиһаз, оргтехника сатып алады, сыйақы, жалақы төлеулері де мүмкін. қазір бұл қарастырылмаған. ҮЕҰ-лер мемлекеттік тапсырыс аясында алған барлық ақшаны тікелей жобаны жүзеге асыруға жұмсауы тиіс. Бұл ҮЕҰ-лерге қаржыландырылуына, одан ары дамуына еш мүмкіндік қалдырмайды.

Сонымен қатар осы өзгертулер аясында Мәдениет және спорт министрлігі гранттан бөлек «ҮЕҰ-лерге арналған сыйақы» түсінігін енгізуді жоспарлауда. Сыйақы - бұл ынталандыру десек те болады. Жыл соңында, мүмкін жылдың ортасында үлкен жиын, кеңес өтіп, онда үздік ҮЕҰ, үздік жоба анықталып, аталған ұйымға қайтарымсыз негізде белгілі бір сома беріледі. Бұл 5 миллион, 7 миллион, 10 миллион теңге болуы мүмкін. Жобаға байланысты ол миллион теңге болуы да ықтимал. Яғни, бұл ҮЕҰ-лерге қайтарымсыз негіздегі көмек болады. Қазіргі уақытта министрлік қаржыландыру жүйесін жақсартып, оның тиімділігін арттыруды мақсат тұтып отыр. Мынадай сұрақ та туындайды: ҮЕҰ саласындағы мемлекеттің қатысуы артып кетпей ме? Қалай дегенмен бұл үкіметтік емес ұйым. Атауында «емес» деген сөз бар, яғни мемлекеттен тәуелсіз. Негізінен біз шетелдегі мемлекеттік емес, коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттік қаржыландырылу үлесіндегі сандарды алып қараймыз. Батыс Еуропа мен Израильде бұл үкіметтік емес ұйымдар бюджетінің 54 пайызын құрайды. Яғни, қаржының жартысынан көбі мемлекеттен келеді. Шығыс Еуропада 42, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 34, Латын Америкасында 19, Ресейде 5 пайызға тең. Ал Қазақстанда қанша екенін білмейміз.

- Яғни, дамыған елдер турасында айтар болсақ, онда мемлекет үкіметтік емес секторды айтарлықтай деңгейде қаржыландырып отыр. Мұның еш әбестігі жоқ қой.

- Иә, мұндай ұйымдар бар. Оларды Америкада «гон-го», Еуропада «куан-го» деп атайды. Өз қызметтерін жүзеге асыратын мұндай ұйымдар толыққанды түрде мемлекетке тәуелді сияқты. Мұны түсіну керек, олар АҚШ, Еуропалық және басқа да мемлекеттер үкімет тарапынан құрылған коммерциялық ұйымдар. Ал біз бұл жерде азаматтар құрған коммерциялық емес ұйымдар жайында айтып отырмыз. Яғни, біз мемлекеттік қаржыландыру үлесінің барынша тұрақты әрі көп екендігін көріп отырмыз. Бұл уақыттың қандай да бір ықпалы да шығар. Өйткені, ҮЕҰ мен мемлекет қарсылас емес. Олар -серіктестер. ҮЕҰ-нің жеке компаниялардан айырмашылығы кең ауқымды қоғамдық қызметті атқарып, халықпен өзара тікелей байланысуы арқылы мемлекетке кез келген саладағы мәселелерді реттеуге көмектеседі.

- Іс жүзінде мұның АҚШ-та, USAID ұйымы жүзеге асыратын дәл осындай қаржыландыру жүйесімен бірқатар ұқсастығы бар деуге бола ма?

- Меніңше, белгілі бір деңгейде бар сияқты. Өйткені, USAID өте үлкен ұйым әрі оператор болып табылады. Бірақ, ол эксклюзивті оператор емес. USAID негізінен дамушы елдерде жұмыс істейді. Ол АҚШ үкіметінен үлкен тапсырыс алады және бұл қаржыны өзінің ішкі процедурасы арқылы сол салада жұмыс істейтін ҮЕҰ-лер арасында бөледі. Біздің операторымыз негізінен ішкі нарыққа бағдарланатын болады. «Ресейде шетелдік, халықаралық үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылды, бізде де солай жасалатын шығар», деген сауал жиі туындайды. Олай болуы мүмкін емес. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанда USAID сынды халықаралық донорлар егер ресми тіркелген халықаралық донор болса салықтық жеңілдіктер алады. Яғни, шетелдік ұйымдардың қызметі шектеу міндеті мүлдем жоқ. Біз ең біріншіден, қандай ҮЕҰ-лердің бар екендігін, екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік қаржыландыру тиімділігін арттырғымыз келеді.

- Біз ҮЕҰ-лер туралы сөз қозғағаннан кейін бұл жұмыстарға олардың да белгілі бір деңгейде қатысуы дұрыс шығар? Олар сіздерге қалай көмек көрсете алады?

- Біз барлық ҮЕҰ-лерді біздің жобаға қатысуға шақырамыз. Біздің www.indexnpo.kz веб-сайтымыз бар, онда барлық ақпараттар, кері байланыс нысаны орналастырылған. Біздермен байланысқа шығып, біздерге хат жазуға шақырамын. Біз сіздерден кері байланыс алатын болсақ, тек қуанамыз. Сонымен қатар біздер мүдделі ҮЕҰ-лерді есебімізді талқылауға шақыруға да дайынбыз. Меніңше, бұл барлығымыз үшін де пайдалы болмақ.

- Сұхбатыңызға рахмет!