«Бiз - Ұлы дала елiмiз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 3 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Елбасы телекөпір барысында индустриялы Қазақстанға жаңа брендтік атаудың қажет екендігін айтты, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газетi.

Айта кетейік, кеше Астанадағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысуымен еліміз­дегі «Нұрлы Жол» және индустриялық-инно­вациялық даму мемле­кеттік бағ­дарламаларын жүзеге асыруға арналған дәстүрлі телекөпір өткізілді. Мұнда, сонымен қатар, Үкіметтің аталған бағдарламалар бо­йынша есебі тыңдалды.

«Елбасы сөзінің соңына таман халықпен ой бөліскендей болып, қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанымызды әлемге танытатындай бірегей брендтің жетіспей тұрғанын да тілге тиек етіп өтті. «Әдетте, Жапонияны - күн­шы­ғыс елі, Кореяны - таңғы шық елі, Нидерландыны - қызғал­дақ­тардың отаны, Қытайды - аспанасты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осындай атаулы бренд жетіспейді. Біз - Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі - көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс - еліміздің бірлігінің белгісі. Ен­деше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа», - деген ойларын білдірді. «Міне, осы тарихымыз бен жаңа брендті байланыстыра отырып, біз Қазақстанды жаңа Қазақстан ретінде танытуымыз керек», - деді Н.Назарбаев. Бұл туралы «Бiз - Ұлы дала елiмiз» атты мақалада жазылған.

Бүгін қазақстандық тұңғыш шойын алынғанына - 55 жыл, деп жазады «Егемен Қазақстан». «Әр дәуірдің, әр кезеңнің есте қалар оқиғалары бар! Уақыт дегеннің өзі қас-қағым сәт болғандықтан, көз алдыңда тарихқа айналатыны сияқты 1960 жылдың 3 шілдесінің де еліміз шежіресіне жазылғанына тура 55 жыл болған екен. Оның ерекшелігі неде делінгенде, Теміртауда буырқана бастаған металлургия алыбының тынысына тың күш бітіруші бірінші домна пеші көмейінен шойын селінің сарқырап ағуы Қазақстан экономикасының дамуында жаңа бетбұрыс жасалғандығын білдірді», - делiнген «Домна жүрегiнiң дүрсiлi» атты материалда.

«Орталық Қазақстан аймағында үлкен металлургия зауытын салу идеясы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында алға қойылған еді. Бұл мәселені геолог-ғалымдар Қаныш Сәтбаев пен Михаил Русаков әлденеше рет көтерді. Алайда, сол кезде шикізат базасы толық зерттеле қоймағандықтан, КСРО Қара металлургия халық комиссариаты ұсыныстарға біраз жылдан соң ғана мән бере бастады. Ақырында соғыс өртінің өршіп тұрған шағына қарамастан сайын даланың төсінде 1943 жылы салалық кәсіпорын салу туралы шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Кішігірім цехтардың өсуіне байланысты 1957 жылы алғашқы домнаның іргетасы қаланды. Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жариялануы да осы кез. Жан-жақтан ағылған жастардың жалындаған күшімен екі-ақ жылда іске қосылды. Тұңғыш шойын міне, осы пеште қорытылды», - деп жалғастырады мақала авторы.

***

«Отандастарымыз Универсиадаға аттанды» деп жазады «Айқын» басылымы. «Бүгін Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында XXVIII жазғы Дүниежүзілік универсиаданың алауы тұтанады. 170 мемлекет өкілдерінің басын қосатын жарыста 12 000 спортшы бақ сынап, 21 спорт түрі бойынша 272 жүлделер жиынтығы сарапқа салады. Айтулы дода 14 шілдеге дейін созылады», - делiнген мақалада.

Жалпы төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған студенттер академиялық есу, бадминтон, баскетбол, бейсбол, волей­бол, гольф, дзюдо, жеңіл атлетика, жүзу, көркем гимнастика, қол добы, нысана көздеу, садақ ату, семсерлесу, спорттық гим­настика, су добы, суға секіру, таэк­вондо, теннис, үстел теннисі, футбол се­кіл­ді спорт түрлері бойынша сайысқа тү­седі. Қазіргі кезде Кванджу қаласы Дү­ниежүзілік универсиаданы қабылдауға толықтай әзір. Ұйымдастыру­шылардың айтуынша, бұл жарыстың аса жоғары деңгейде өтетініне еш күмән болмауға тиіс.

«Айқын» газетiнiң бас бетiне Н. Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабына Қазақстанның құрметті журналисі, гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Сарбас Ақтаевтың жазған мақала-рецензиясы жарыққа шығып отыр.

«Халқымыздың рухани қазынасы тағы бір тамаша туындымен толықты. Елбасымыздың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы оқырманға жол тартты. Бұл жанры да, жазылуы да бөлек, жалпы әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған мүлде тың туынды. Рас, сұрақ-жауап тәсілімен жазылған бір-екі романның ертеректе жарық көргені бар. Ал мынандай көркем көсемсөздің құнарлы тілімен кестеленіп, құнды деректермен, даусыз дәйектермен байытылған сұхбат кітабының дүниеге келуі тұңғыш рет», - делiнедi «Барша жұртты сүйеді бауырым деп...» атты мақалада.

"Президентіміздің сұхбат кітабын оқып шығып, оның өзін алмастай алуан түспен жарқырайтын жаңа қырынан көргендей болып отырмын. Оның телегей теңіз білімі мен білігіне, сан мың цифрды шашау шы­ғармай сақтаған жадының ұтқырлығына, ұлылардың ұлағатты сөздерін маржандай тізген зердесінің жүйріктігіне қайран қал­дым. Көл-көсір рухани байлық қой бұл, байлық! Сарқылмас рухани қазына ғой бұл, қазына! Суыртпақтап сыр тартып, сол қазынаның кілтін ашқан қаламгер ғалым Сауытбек ініме де мың да бір алғыс», - деп жазады рецензия авторы.

***

«Түркiстан» газетi танымал қазақ режиссерi Рүстем Әбдiрашевпен болған сұхбатты жариялады. Онда ол негiзiнен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсiрiлiп жатқан фильмге көп тоқталады.

«Режиссер ретінде сол кезеңдегі жағдайды бастан қайта кешкендей күйде отырмын. Елбасының Ілияс Есенберлин жазған «Көшпенділер» трилогиясын негізге алыңдар деген нұсқауы бар. Көп дүниені осы кітаптан алмақпыз. Бұдан бөлек, тарихшылардың зерттеу еңбектеріне сүйендік. Тарихты оқып зерттеу, актер табу, киіндіру, сол заманның болмысын қалпына келтіру үлкен жұмыс. Бірақ, тап осындай сериал түсіретін шақта алдымыздан дағдарыс шыға келгені қиын болды. Сериалға бөлінген қаражат жеткіліксіз, уақыт тығыз. Сіздердің де «Түркістан» газеті атынан келіп, мән-жайды біліп жатқандарыңыз үлкен демеу. Сериалды қолға алғалы бері жан-жақтан жылы лебіздер, қолдаулар болып жатыр. Алыс-жақын шетелдерден, Моңғолия, Қытайдан қандастарымыз хабарласуда. Бәрі де осы сериалдың жақсы шығуына тілекші. Жан жүрегі қазақ дейтін талай азамат Малайзиядан, Синга­пур­ден хабарласып, тілектерін айтты. Сериалға түсіп қалсақ, батыр болсақ, атқа мінсек деген қаншама қазақ келді. Бұдан сезгенім, Қазақ хандығы туралы сериал ел күткен, ұлтқа керекті жоба екен. Мысалы, осыған дейін талай жобаларды жүзеге асырдық. Өзіммен өзім, ұжыммен жұмыс жасап отыратын едім. Ал бұл сериалға әрбір қазақ үлесін тигізіп, қатысып қалғысы келеді», - делiнген «Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер: Халықтық қолдау қажет» атты сұхбатта.

*** «Экспресс К» басылымы «Обреченные властью» атты мақаласымен Семейдегi шенеунiктердiң тиiстi кәсiби бiлiктiлiкке қарамастан, қызметтерiн жиi ауыстыру мәселесiне назар аударады.

«Семейдегi шенеунiктердiң өмiрбаянын мұқият қарайтын болсақ, адам өз өмiрiндегi мақсатын белсендi iздеп жүр деп түсiнуге болады», - делiнген мақалада.

«Мәселен, Гүлжан Алтынбекова қалалық бiлiм беру бөлiмшесiн басқарған болса, бiрнеше айлар бұрын экономика және бюджеттiк жоспарлау бөлiмшесiнiң тiзгiнiн қолға алған. Алтынбекова бұның алдында Петропавлда жүрiп те осындай шалт «қимылдарға» бой алдырған. Ол жерде де бiлiм беру бөлiмiн басқарып, кейiн қаржы бөлiмiне ауысып кеткен. Егер дипломың болса, неге көшiп-қонып жүрмеске?!

Дене шынықтыру және спорт бөлiмiн Семейде Мұрат Құржықаев басқарады. Ресми мәлiметтер бойынша, Мұрат Мұсаханұлы бiлiмi бойынша тарих мұғалiмi және заңгер екен. Бұрын бұл көп қырлы шенеунiк Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлiмiне басшылық етiптi. Сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiне меңгерушi болды және ұйымдастыру-кадрлық бөлiмнiң басшысы қызметiн атқарды», - делiнген мақалада.