қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шежіресінде алтын әріптермен жазылатын Астана Саммиті мен онда қабылданған тарихи құжат - Астана Декларациясы жайында ой-толғамдарын, пікірлерін ортаға салды.
Пікір білдіргендердің қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов та болды. «Қазақтың дархан пейілі мен қонақжайлылығы, Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын алып жатқан жері, көздің құртына айналған байлығы алыс-жақын елдерге ертеден аян. Осыларды басқаша түсінгісі, өз қалауына қарай түсіндіргісі келетіндер де бар болатын. Ықылас-ниеті бұзықтардың қолына қараған тұста, халқымыз мың өліп, мың тірілді», - деп бастады сөзін ғалым.
Оның пікірінше, Қазақстанға қыр көзбен қарайтындардың пейілі еліміз егемендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары ғана өзгере бастады. Осы жылдар ішінде Қазақстан байыппен, бірақ аяғын нық баса отырып халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті. Қазақтың қандай халық екенін, қолынан қандай іс келетінін, көсілген жеріне сай шалқыған таланты барын айдай әлемге паш еткен сондай батыл қадамдарының бірі - 2010 жылғы желтоқсанның алғашқы күндері Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті болды.
Х.Әбжанов Қазақстанның ағымдағы жылы Ұйымға төрағалық ету қызметінде атқарған жұмыстарының қорытындысын шығару үшін, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздікті нығайту мақсатында 35 жыл бұрын құрылған, бірақ бүгінде халықаралық қоғамдастық алдында беделін жоғалта бастаған Ұйымға жаңа тыныс беру үшін ұйымдастырылған Саммит, Президент Н.Назарбаев пен оның командасының, саясаткерлер мен елшілердің, ғалымдар мен өнер саңлақтарының және барша қарапайым қазақстандықтардың ерен еңбегі екендігін қадап айтты.
"Біріншіден, - дейді Х.Әбжанов, -Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің бар саласын әу баста қабылданған құжаттар мен міндеттемелерге сай лайықты жолға қоя алды. Ұйымға мүше 7 елдегі президенттік, 12 елдегі парламенттік сайлауларға бақылау жасағанды былай қойғанда, көрші Қырғызстандағы саяси дағдарысты еңсеруге, яғни жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне қосқан үлесін бүгінде барша әлем ұлықтап отыр. Екіншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ тағдыры Еуропадан тысқарыда, мәселен Азияда жүріп жатқан үдерістермен анықталатынына назар аударта алды.
«Осынау жаңаша ойлау мен іс-әрекет қисыны Н.Назарбаевтың Астана Саммитінде сөйлеген сөзінде нақты көрініс тауып, Ұйым тарихының үшінші дәуірі басталғанын жария етті. Оның мәнісі мынада. 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінен 1994 жылғы Будапешт Саммитіне дейін Ұйым «Атлантикадан Оралға дейінгі» аралықтағы ұстанымымен әрекет етсе, 1995 жылдан беріде «Ванкуверден Владивостокқа» дейінгі аралықта ұстанымын басшылыққа алып келді. Елбасымыздың пайымы бойынша Астана Саммитінен бастап «мұхиттан - мұхитқа» дейінгі аралық ұстанымы орнығуы керек. Демек, ЕҚЫҰ қызметінің географиялық ауқымының ұлғаюымен қатар, мазмұнын да күрделі өзгертер дәуір енгелі тұр. Ал бұған бастамашы болған ел - Қазақстан екендігі әрбір қазақстандықты тебірентеді», - деді ол.
Х.Әбжановтың айтуынша, үшіншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 7-Саммитінде Ұйымға құрылымдық, мазмұндық, идеялық- интеллектуалдық ізденіс пен ілгерілеу қажет екендігіне көз жеткізді.
«Кейбіреулер бұл Ұйым дағдарысты бастан кешуде дегенді айтады. Біздің ойымызша, оған дағдарысқа ұшыраған Ұйым емес, Ұйымның пәрменді жұмыс істеуіне ықпал етуші факторлардың, нақтырақ айтсақ, Еуропадағы социалистік жүйенің келмеске кетуі және екі жүйе арасындағы әскери-саяси текетірестің бәсеңдеуі себеп. Өзіне тікелей төніп тұрған қауіп-қатер жоғалысымен және Еуропа жер шарының басқа бөліктеріндегі қарулы қақтығыстарды, ұлтаралық, дінаралық арпалыстарды онша елей бермегендіктен, ЕҚЫҰ бұрынғы қарымынан айырыла бастаған еді», - деді ғалым.
Қалай десек те көптен күткен, баршымызды алаңдатқан Астана Саммиті сәтімен өтті. Оған сол күндері елорда табиғатының тосын мінезі де кедергі бола алмады. Басқосуға келген шетелдік меймандар қазақтың ыстық ықыласына бөленіп, онысын бүгіп қалмай, ағынан ақтарыла айтып жатты. Сөзсіз, бұл жоғары деңгейдегі кездесуді өз дәрежесінде өткізу үшін бар пәрменін салған билік пен түсіністік білдіріп, үнемі қолдау білдіріп отырған халықтың арқасы. Осы жерде, осы сынды ауқымы кең шараларды ұйымдастырып жүрген демократиясымен мақтанатын кейбір елдер еске түседі. Мәселен, Давоста тұрақты өткізіліп тұратын Бүкіләлемдік экономикалық форумдар кезінде жергілікті халық шеру ұйымдастырып, полициямен қақтығысып жататыны белгілі.
«Біздің ел, оның негізін қалаушы қазақтар Саммитке дейін де, Саммит тұсында да тектілігін көрсете алды. «Бір үйдің баласындай», деген ұлағатты сөз, осындай ынтымақты қауымға қаратып айтылған шығар сірә. Саммит жұмысын, қонақтардың лебізін БАҚ-тан көріп, оқығанда тәуелсіздіктің қандай құдырет екендігіне көзіміз жете түсті. Қазақ қазақ болғалы әлемдік саясат пен практиканың алдыңғы шебіне шығып па еді? Жоқ! 28 елдің президенті, 10 елдің премьер-министрі, 75 елдің ресми делегациясы, 700-ден астам журналист бір мезгілде қазақ еліне келіп пе еді? Жоқ! Қазіргі Қазақстан - Кеңестік Одақ ыдыраған 1991 жылғы, тіпті жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттаған 2001 жылғы Қазақстан еместігін Н.Назарбаевтың Астана Саммитіндегі сөзі күмән-күдіксіз айғақтады», - деді ғалым.
Оның пайымдауынша, мұндай тұщымды пайым-тұжырымдар мен өзекті ұсыныстар - Ұйым қызметі шектеліп келген үш «себетті» тағы үш бағытпен толықтыру, жаңа онжылдықтағы толеранттылық құжатын әзірлеу, Астанада ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік институтын құру, діни йерархияларды бір үстелдің басына жинау және тағы басқасы - Қазақстанды әлемнің құрамдас бөлігі ретінде ғана емес, әлем алдындағы жауапкершілігін айқын анықтаған мемлекет ретінде танытқаны рас. Алып Еуразия құрылығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпықұндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру өз қолымызда. Астана Саммитінің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында.
Алысқа бармай-ақ, әлі жадымыздан өшпеген кешегі Кеңестік Қазақстан әлемдік үдерістен шет қалып келгені мәлім. Қазақтың біртуар ұлдары - Абылайды, Шоқанды, Ахмет пен Әлиханды, Мұхтар мен Қанышты, тіпті Қазақстан деген елді білмейтіндер көп еді. Енді ондай белгісіздіктің көбесі сөгілді. ЕҚЫҰ Қазақстанды әлемнің танымал мемлекеттер биігіне көтерді. Өз кезегінде Ұйым, қызметіне күмән келтіріле бастаған тұста жаңаша түрленіп, Астана рухымен баий түсті, жаңа келбет, жаңа бағыт-бағдар алды. Тәуелсіз Қазақстан бүгінгі Еуропаға қауіпсіздік пен ынтымақ үшін не істеу керек екенін көрсетті, айтты, сара жолды нұсқады. Әрине, Қазақстан Ұйымға төрағалығы миссиясында кемшіліктер жіберген болса, Саммиттің мұншалықты биік деңгейде өту-өтпеуі де неғайбыл.
«Енді», - дейді ғалым, жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне отансүйгіштік сезімді ұялату үшін тарихтың жаңа беттерін ашқан бұл оқиғаны оқулықтарға енгізу қажет.