***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының артуына қатысты «Өмірден түңілме, жас өрен!» атты мақала жарияланды.
«Қостанай облысында 2016 жылдың алғашқы төрт айында 10 жасөспірім өмірімен қош айтысуға бел буған. Оның 8-і тірі қалып, екеуі көз жұмды. Ал өткен 2015 жылы 38 бала суицидке барған. Оның 23 жасөспірім өз өмірін қиюға оқталғанымен, әупіріммен тірі қалған. 15-і өзіне қол жұмсады. Қазан ұрмай, қар жаумай солған гүлдей құлаған осы жасөспірімдердің ең кішкентайы 12 жастағы қыз бала, ер балалардың ең кішісі 14-те ғана. Өзіне қол жұмсаған он бестің төртеуі қыз, 11-і ұл», - деп жазады басылым.
***
Балаларға арналған кітаптан тағы да кемшілік табылды, деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында жарияланған «Бұл қандай санамақ?» атты мақаласында.
«Қуыр-қуыр қуырмаш...» саамақтар кітапшасындағы саусақтар ойынының мәтіні, оның мән-мағынасына қарасаңыз баланы жақсылыққа тәрбиелеуге емес, ұры-қарлыққа алып баратындай.
«Қараңыз:
«Саусақтар ойыны». Баланың қолын алып, бас бармағын ұстап:
- Ұрлық жасаймыз ба? - дейді.
Сұқ қолын ұстап:
- Жасасақ жасайық.
Ортан қолын ұстап:
- Құдайдан қорықпайсыңдар ма?
Аты жоқ қолын ұстап:
- Құдай не қылар дейсің.
Шынашағын ұстап:
- Алайық та қашайық,
- Ұрлайық та сояйық, - дейді.
Бұл - үйіндегі балалары үшін сатып алған танысымның қолына тигені. Негізі бұл «Бес саусақ неге бірдей емес?» деген қисса болуы тиіс. Бірақ санамақта не үшін ұрлық жасайтыны, одан шығатын қорытынды қандай екендігі айтылмаған», - делінген материалда. - Бүлдіршіндерге арналған кітаптың сиқы осындай болса, ертеңгі ұрпағымыздың ұры немесе Құдайды мойындамайтын атеист болып шықпасына кім кепіл? Айтқаныңды тікелей қабылдайтын бала «ұрлық жасайық, Құдай не қылар дейсің» дегенді дұрыс деп түсінсе, кімге ренжиміз?! Мәселен, бұл қиссаны бір ата-ана білсе, екіншісі білмеуі де ғажап емес. Осыны көре сала, ата-ана балалардың ой-өрісін дамыту үшін сатып алған кітапшаны тығып қойғанын айтады».
Сонымен қатар «Айқын» газеті Риодағы ең басты үміттеріміздің бірі болған, бірақ жақында допинг қолданды деген айыппен жарыстан шеттетілген ауыр атлеттерімізге қатысты «Біздің команда жаралы жолбарыс секілді» атты мақала арнап отыр.
«Екі аптадан кейін алауы тұтанатын Рио Олимпиадасындағы Қазақстанның басты «қаруы» ауыр атлеттер еді. Лондондағы додада еліміздің әнұранын төрт мәрте шырқатып, айды аспанға бір-ақ шығарған отандастарымыздың бұл жолы да абыройымызды асқақтатып, мәртебемізді биіктететініне ешкімнің де күмәні болған жоқ. Бірақ спорттық сайыстарды саяси ойынға айналдыруды көздеген кейбір дөкейлер сан миллион жанкүйердің үкілі үмітін аяққа таптады», - деп басталады мақала.
«Екі аптадан кейін Олимпиада алауы тұтанады. Ал сол жарыста кімдерге сенім артамыз? Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы сапында жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жететін кімдер бар?», - деген сауал тастаған материал авторы «байыптап қарасақ, қазіргі құрама да осал емес» екендігін алға тартады.
***
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік өңірге қоныс аударуға 800-ден астам отбасы құжат тапсырған. Бұл туралы «Түркістан» басылымы жазуда.
«Қазір бұл отбасылармен сұхбат жүріп жатыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, солтүстікке көшкісі келетін азаматтардың мамандығы анықталып, олардың түйіндемелері жұмыс берушілерге жіберілуде. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен, баспанамен қамтылады. Солтүстік облысының басшылығы мамандығы сол жақта сұранысқа ие, қоныстануға мүмкіндігі бар 300-дей отбасыны қабылдап, баспанамен қамтуға дайын», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. Басқарма өкілдері берген мәліметте оңтүстіктен көшіп барғандар негізінен ауылдық жерлерде тұратыны айтылған. Себебі аграрлы өлкеден барғандар ауыл шаруашылығы жұмыстарын дамыта алады», - делінген «Күнгейден бағыт алған көш - сауатты көші-қон саясаты басталды» атты мақалада.
Солтүстіктің шаруа қожалықтарында да мамандар қажет көрінеді. Онда жайылым жерлер өте көп болғандықтан мал шаруашылығын дамытуға өте оңтайлы. «Ол жақтағы жұмыстардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты. Сондай-ақ техникалық мамандық иелеріне деген сұраныс көп. Қазірдің өзінде Мақтаарал, Сайрам. Сарыағаш аудандарынан азаматтар қоныс аударуға құжаттарын тапсырып жатыр», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
***
Солтүстік Қазақстанда сібір жарасынан мертіккен ірі қара малдың өліктері жерленген аумақтар қоршауға алынбақ, деп хабарлайды «Экспресс К» баслымы. Бұл мақсаттарға бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп отыр.
«Облыстық ветеринария басқармасының жетекшісі Ербатыр Мадияровтың сөзі бойынша, СҚО-да өлік жерленген 161 жер бар. Ол жерлердің координаттары кадастрға қайта енгізілді. Ол жерлерге «Байқаңыздар! Сібір жарасы!» деген ескерту орнатылған. Барлық жерде қоршаулар бар, бірақ кейбір тұстары құр қадалармен оқшауланған. Жергілікті аңшылар, балықшылар, малшылар оларды отқа жағады», - делінген «Спрячь за высоким забором заразу» атты материалда.