Біздің мақсат - демалушылардың көңілінен шығу - профессор Ертай Сәрсебеков

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары елімізде халықтың денсаулығын жақсарту саласында көптеген игілікті істер атқарылуда. Өңірлерде жаңа ауруханалар мен емханалар бой көтерді. Бүгінгі таңда емдеу-сауықтыру орындары да заман талабына сай қайтадан жаңартылуда.

Ақмола облысындағы көрікті Көкшетаудың баурайында, Бурабай көлінің жағасында орналасқан «Оқжетпес» шипажайының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Демалушыларға қызмет көрсету мәдениеті, жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы өз деңгейінде ме? Осы және емдеу-сауықтыру орнының басқа да мәселелері төңірегінде, қол жеткізген табыстары туралы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ-ның президенті, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ертай Сәрсебеков жан-жақты әңгімелеп берді.

- Ертай Қожахметұлы, Елбасының биылғы Жолдауында мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаттағы барлық сала жан-жақты қамтылды. Соның ішінде медицина саласын дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, келелі ойлар қозғалды. Жолдаудан туындайтын мәселелер жөнінде ойыңызды ортаға салсаңыз?

- Халықтың денсаулығын сақтау және ел тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту мәселесі әрқашанда Елбасының назарында. Президент Жолдауында осы мәселе терең қаралды және құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сондай тапсырманың бірі ретінде қабылданған Шортанды-Бурабай курорттық аймағын дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама бар. ҚР Президенті Іс басқармасының қолдауымен «Оқжетпес» шипажайында біраз іргелі істер атқарылуы керек.  Соның бірі ретінде біздің шипажайды ұлғайту жөнінде қаулы қабылданды. Соған сәйкес шипажай жанынан тағы да 100 нөмірлік, 200 орындық ғимарат салынатын болды. Шипажайдың демалушыларды қабылдау көлемі ұлғайған соң, емдеу корпусын кеңейту мақсаты көзделіп отыр. Емдеу орындарына жаңа технологияларды енгізу қарастырылған. 2011 жылдың аяғында жаңа сегіз медициналық аппарат алынды. Бұлар жаңа технология жетістіктерімен жасалған құрал-жабдықтар. Алдағы кезеңде емдеу бөлімінің ұлғаюына байланысты жаңа аппараттар толыға түспекші. Табиғи емдік жолын жасайтын құрал-жабдықтар орнатылатын болады.

Мысалы, өткен жылы шипажай төңірегінен радон шығатын ұңғыманы аштық. Сол ұңғымадан шыққан судың құрамы сараптамадан өткізілді. Алматыдағы кардиология ғылыми зерттеу институтының зертханасы және Көкшетаудың гидрогеология ұйымының сараптамасы негізінде рұқсат алдық. Радонды емдеу тәсіліне қолданып жатырмыз. Ресейдің Алтай өлкесінде «Белокуриха» деген атақты шипажай бар. Сол курортта ем ретінде табиғи радон қолданылады. Біздің қазіргі шығарған суымыздағы радонның мөлшері сол «Белокурихадағы» сияқты. Оның үстіне Көкше баурайының ауасы таза. Қарағайлы орманы - жанға шипа.

- Қандай жаңа бастамалар жүзеге асырылып жатыр?

- 2010 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамытуға баса көңіл бөлу керектігін айтты.  Президент 30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Бұл бүкіл халқымыздың денсаулығын түзеуіне, өзін-өзі күте білуіне жасалған жаңа бір қадам болды. Елбасы бастамасы барлық өңірде қолдау тауып, кәсіби спортшылар ғана емес, оқушылар да, қарапайым азаматтар да әр түрлі спорттық шаралар бойынша өткізілген жарыстарға қатысуда. Бурабай аймағы ежелден денсаулықты жақсартатын, дене тәрбиесімен айналысуға қолайлы аймақ. Үлкен спортта жүрген саңлақтарымыз үшін де әр түрлі жарыстар өткізілетіні белгілі.

Соңғы жылдары бізде де спорттық іс-шараларға, дене шынықтыруға баса мән берілуде. Біздің шипажайда үлкен әмбебап спорт зал бар. Онда демалушылар шағын футбол, волейбол, үлкен теннис ойнайды. Үстел теннисі де бар. Тренажерлік құрал-жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар су бассейнінің жанында фитнес залы бар. Ол жердегі дәрігеріміз емдік дене шынықтыру саласының маманы.

- Мемлекеттің және халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсарғаны сіздерге келіп жатқан демалушылардың көңіл-күйлерінен де байқалатын шығар. Бұрынғыға қарағанда қазір демалушылардың саны арта түсті ме?

- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы бар. Өткен жылы осы орталықтың жолдамасымен бізге келген адам саны 950 болды. Алдыңғы жылы 750 болған еді. Ал биыл 1500 адамға тапсырыс беріліп отыр. Соған қарап, сұраныстың екі есе арта түскенін көруге болады.

Ресейдің азаматтары да келіп демалады. Соның ішінде Түмен, Челябі облыстарынан және Екатеринбург қаласынан келеді. Көрші елдің туристік агенттіктері арқылы тапсырыс берушілер көп. Бұрын көбіне жазда келетін-ді. Қазір қыста да, көктемде де, күзде де шетелдік демалушылар қатары үзілген жоқ.

- Шипажайдың экономикалық әлеуеті қалай?

- Шипажай акционерлік қоғам болған соң, мемлекеттен дотация берілмейді. Мысалы, медициналық орталықтан жіберілетін адамдардың бір тәулігіне 14 мың 103 теңге төленеді. Ал жеке келген демалушылар өздері төлейді. Төлейтін ақысының айырмашылығы көп емес. Жалпы, шипажай жылдық табыс табуымен өзін өзі ақтап тұр. Әр жылға құрылған жоспар бойынша кіріс те, шығыс та есептеледі. Әр ұжымның экономикалық табысы шығысынан асып кетпеуі керек қой. Біз өткен жылы алдымызға қойған жоспарды толық орындап шықтық. Бұл да үлкен ұжымның бір жетістігі.

- Өзіңіз басқарып отырған ұжымның басты ерекшелігі қандай?

- Мұнда мамандар тұрақты жұмыс істейді. Жартысынан астамы байырғы қызметкерлер. Шипажай ұжымы ұйымшылдығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Оларға қойылатын талап та жоғары. Демалушыларға өте мәдениетті, өркениетті түрде қызмет көрсету - басты міндетіміз.

Әр салада өз маманы еңбек етеді. Ең бастысы, бізге өз ісінің білгірі қажет. Егер бізге белгілі бір саланың дәрігері не қызметкері қажет бола қалса, сол мамандық иесін басқа қаладан болса да алдырамыз. Ұжымдағы дәрігерлер де, медбикелер де демалушыларға жақсы көңіл-күймен қызмет жасайды.

Біздің мақсат - демалушылардың көңілінен шығу. Бізге келген әр адам дұрыс демалып, денсаулықтарын жақсартса, біздің де мақсатымыздың жүзеге асқаны.

- Халықтың денсаулығын жақсарту туралы қандай ойларыңыз бар?

- Біріншіден, әр азамат өз денсаулығын өзі ойлауы керек қой. «Мен ертең ауыра қалсам, өкімет мені емдеп алады» деген ойдан әлдеқашан арылатын кез кезді. «Денсаулық» поезы шығып, еліміздің барлық өңірлерін аралап, азаматтарымыздың денсаулығын тексерді. Оның қаншама адамды өлімнен құтқарып қалғанын оймен болжап білу де мүмкін емес шығар. Адам дертке шалдыққанын бірден аңғармайды ғой. Ал ауру асқынып кеткен кезде оны емдеп алу өте қиынға түсетіні сөзсіз.

Мысалы, үш жыл бойы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған «Денсаулық» поезы мыңдаған адамдардың жаңа басталған дерттерін анықтап, дер кезінде емделуіне жол ашып берді.  Сонымен қатар қазір емханалар ашық күн жариялайды. «Барып қаралайын» деген адамдарға есік ашық. Тегін қызмет көрсетіледі. Оның сыртында әр емханада тіркелген адамдарды жыл сайын тексеруден өткізіп жатыр. Халықтың дені сау болуы үшін аурудың алдын алудың маңыздылығы зор. Жалпы, еліміздің әр азаматы өзінің дені сау болуы үшін және халықтың денсаулығын ойласа, жылына бір рет медициналық тексеруден өтуі міндетті. Мысалы, ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығында тіркеуде тұрған азаматтарды жыл сайын тексеруден өткізіп тұру дәстүрі сақталған.

Тәуелсіз мемлекетімізге дені сау ұрпақ керек. Бірақ өкінішке орай кейбір адамдар осы жыл сайын денсаулығын тексеріп тұрудың аса маңыздылығын түсінбейді. Азаматтардың уақытында келіп қаралмағыны үшін дәрігерлер сөгіс алады. Ауырған кезде денсаулығын қалыпқа келтіруді емес, ауырмай тұрғанда шипажайларға барып, денсаулықты жақсарту керек деп ойлаймын. Сонда халықтың денсаулығы мықты болады, ауру азаяды. Шынын айту керек, жылдан жылға халықтың денсаулығы жақсарып келе жатыр. Оны газет-журналдар жазып жатыр, телеарналар көрсетуде.

Әр адам дерттің пайда болуына алып келетін іс-әрекеттерден сақтануы керек және дұрыс тамақтану ережесін есте ұстағаны жөн.

- Елдің дамуы және қоғам мен өмір туралы ойларыңызды бүкпесіз ортаға салғаныңызға ризашылығымызды білдіреміз.