«Біздің таңдауымыз есірткісіз өмір» атты насихаттық керуен Қызылордадағы барлық көшелерді аралады

ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Өткен жылы ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін және әкімшілік-құқық бұзушылық кодексін есірткінің заңсыз айналымы саласындағы жаңа заңда есірткі қылмыстарына қатысты жаза да қатаңдатылды.

Ғасыр дертіне айналған есірткі заттарының өңделуіне және таратуына шектеу күшейтілді. Әсіресе, жаңа заңда айқындалған нәрсе, оқу орындарында жасөспірімдерді есірткіге еліктірушілерге қатаң жаза - бас бостандығынан өмір бойы айыру қаралған. Сонымен бірге ойын-сауық орталықтарының қожайындарын, оқу орындары және басқа да мекеме басшыларын есірткі қылмысының жолын кесу бағытында шараларды атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.Қатаңдатылған заңды насихаттау мақсатында тиісті орындар нашақорлыққа қарсы тұрғындар арасында түсініктемелер жүргізіп, брифинг, дөңгелек үстелдер, акциялар, спорттық сайыстар өткізуде. Осы ретте ОІІД-нің есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қызылорда гуманитарлық заң колледжі мен "Туған жер" қоғамдық қозғалысы қауымдастығымен бірлесіп, «Біздің таңдауымыз есірткісіз өмір» атты шара ұйымдастырды. Акция барысында есірткіге қарсы насихаттық көлік керуені қала ішіндегі барлық көшелерді аралады. Тұрғындарға есірткі дертінің зардаптары түсіндірілді. Сонымен қоса есірткі жолын кесуге арналған сенім телефондары берілді. Сондай-ақ есірткі қасіреті жайлы сауалнамалар алды. Шара барысында жастарға және қала тұрғындарына үгіт-насихат өнімдері ақпараттық-публицистикалық "Наркопост" журналдары таратылды.