Юрий Владимирович Пя - ол еңбегінің арқасында азаматтарының интеллектуалды әрі шығармашылық әлеуеттерін жүзеге асыруға барынша мүмкіндік беретін Қазақстанның заманауи, қарқынды дамушы мемлекет ретінде әлемге паш етілуіне септігін тигізер толыққанды тұлғаға айналған адамдардың бірі деп айтуға толық негіз бар.
2012 жылдың тамыз айында Қазақстан тарихында алғаш рет Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта созылмалы жүрек ауруына шалдыққан науқасқа донорлық жүректі трансплантациялау жүзеге асырылған болатын. Отаны еліміздің жетекші кардиохрургы әрі жоғарыда аталған орталықтың басшысы Юрий Пя чехиялық әріптесі Жан Пиркамен Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық және Республикалық диагностикалық орталықтардың бірлескен жұмыстарының арқасында жүзеге асырды.
Әрине, мұндай өте күрделі отаның елімізде алғаш рет жасалуы қоғам үшін тосын оқиға болғаны рас. Дегенмен, отандық медицинаның дамуы қарқыны тосыннан, бір сағаттың ішінде орын алған жайт емес екендігі белгілі.
2011 жылдың желтоқсан айында-ақ Қазақстан Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық енгізген жүрек қарыншасы қосалқы құрылғысының шағын нұсқасын немесе «HeartWare» модельді жасанды жүректі имплантациялау технологиясын енгізудің арқасында кардиохрургия саласы барынша дамыған 22 елдің қатарынан орын алған еді. Сол кезеңнен бері аталған орталық шамамен 100 сол жақ қарыншаға имплантация жасады, ал бұл дегеніңіз - 100 адамның өмірі құтқарылды деген сөз.
Ағымдағы жылдың қараша айында Астанада донорлық жүректі ауыстырып салудың 2 операциясы сәтті аяқталды. ҰҒКО трансплантация бюросына Алматы қаласының жедел медициналық көмек ауруханасында бас миы өлген әлеуетті донордың бар екендігі, оның туысқандары мүшелерін басқа адамдарға трансплантациялауға өз еріктерімен рұқсат бергендігі туралы ақпарат келіп түскеннен кейін орталық басшысы Ю.В. Пя бастаған 7 адамнан құрылған елордалық мамандар бригадасы Алматыға аттанды. Олар жүректі OrganCareSystem (TransMedics, АҚШ) аппаратымен жүзеге асырды. Аталған жүйе әлемнің жетекші үш клиникасында, атап а йтқанда АҚШ-та, Австралияда, Германияда ғана қолданылатын. Ал аталған аппараттың елімізде қолданылуы еліміздегі денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлетін Мемлекет басшысының саясатына және Елбасы бастамашы болған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырумен тікелей байланысты.
ТМД-ның барлық елдерінің аталған саладағы қызметтерін біршама басып озған қазақстандық кардиохирургияның тамаша жетістігіне Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықты басқаратын адамның да зор еңбегі болатындығы сөзсіз. Бұл ретте Юрий Владимирович бұл тамаша жетістікке өзінің бүкіл саналы ғұмыры бойы зор еңбегімен қадам басып келе жатыр деп айтуға болады. Оған Қазақстанның жетекші кардиохирургының еңбек жолы да дәлел.
Осыдан тура 10 жыл бұрын Юрий Владимирович Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохиругиялық клиникасын, ал 7 жылдан кейін Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықты басқару үшін елордаға табан тіреген болатын. Бұған дейін ол Түркияның «Sani Konukoglu» медициналық орталығында жұмыс істеп, бүгінде Қазақстанның басты кардиохирургиялық мекемесін басқаруға жол ашатын дәрігерлік әрі ұйымдастырушылық тәжірибе жинаған еді.
Юрий Пяның еңбек жолы 1981 жылы Туланың қалалық ауруханасынан басталды. Одан кейін 1982-1984 жылдары Фрунзе қаласындағы №3 балалар ауруханасында еңбек етті. 1984-1985 жылдары Қырғызстанның республикалық клиникалық ауруханасында, 1985-1994 жылдары Қырғыз Республикасы Денсаулық министрлігі жанындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығында кардиохирург болды. Ал Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Түркияға қоныс аударды.
2003 жылы ол Мәскеудегі А.Бакулев атындағы жүрек қан-тамырлары хирургиясы ғылыми орталығында медицина ғылымының кандидаты дипломын алды. 2010 жылы РФ Білім және ғылым министрлігінің Жоғарғы аттестациялық комиссиясы оған медицина ғылымының докторы ғылыми атағын берді. Ю.Пя өзінің бүкіл кәсіби қызметінде білімін жетілдіруге, кәсібилігін арттыруға әрі жұмыстың жаңа әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Ол Литва, Ресей, Қазақстан, Израиль, Чехия, Бельгия, АҚШ, Германияның медициналық мекемелерінен тәлімгерліктен өтті. Қазіргі күні Ю.Пяның командасындағы мамандар да дәл осындай дайындықтан Германия, Франция, Израиль, Чехия, Литва, Ресей және басқа да елдердің медициналық мекемелерінен өтіп, өз басшыларынан, шетелдік жетекші мамандардан үйренуде.
Бүгінгі таңда Ю.Пя басқаратын Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық кардиохиругия саласындағы ұлттық брендке айналды десек те болады. Онда денсаулық сақтау саласындағы алдыңғы қатарлы медициналық модель мен ғылыми практика, кардиохирургия саласындағы ғылыми-білім беру қызметі тамаша үйлесім тапқан.
Ал Юрий Владимирович болса, қазақстандық кардиохирургия саласының бүгінгі жетістігі елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың, Қазақстанның отандық мамандар мен заманауи медициналық технологияларға зор көңіл бөлуінің арқасында орын алып отыр деп санайды.
Отандық денсаулық саласына зор еңбек сіңірген Ю.Пяның жетістіктері ескерусіз қалған жоқ. Ол 2006 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2011 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталып, 2012 жылы Республика патриоттарының V жалпыұлттық форумында «Жыл патриоты» атанды. Сол жылы оған «Жыл дәрігері - 2012» аталымында «Алтын адам - Человек года» ұлттық сыйлығы табысталды. Сонымен қатар 2012 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Ал күні кеше Тәуелсіздік күні мейрамы қарсаңында Ю.Пя «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағына ие болды.