Бізге - 103 жыл

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 13 тамыз күні еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 103 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде ашылған.

Аталған қара шаңырақтың қазіргі иесі - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 2022 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ құрамына қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды.

Еске салсақ, 1925 жылы агенттіктің аты ҚазРОСТ болып өзгерді.

Ал 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді.

Арада 60 жыл өткенде, яғни, 1997 жылғы 10 қыркүйекте ҚР Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.

2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚР Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды.

2008 жылғы шілденің 3-інде агенттік ҚР Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» ұлттық ақпарат холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.

Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында болды.

2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихының жаңа кезеңін бастады.

2020 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ құрамына «ҚазКонтент» АҚ қосылып, қайта құрылды.

Агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде беделін мүлтіксіз сақтап келеді.

ҚазАқпарат жаңалықтары қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде таратылады.

Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымыз үшін жаңалықтар латын графикасында және төте жазумен беріледі.

2004 жылдың 14 ақпанында «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының қазақ бөлімшесі Қазақстанда алғаш рет латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде жаңалық таратуды қолға алды.

Негіз ретінде академик Әбдуәли Қайдар дайындаған латын графикасының үлгісі алынды. Кейіннен осы нұсқа мамандар арасында «ҚазАқпарат нұсқасы» деп аталып кетті.

Соның арқасында кириллица қарпін оқи алмайтын шетелдердегі отандастарымыз тарихи отанында болып жатқан оқиғаларды біліп отыруға мүмкіндік алды.

«ҚазАқпарат» ХАА орталық кеңсесі Қазақстанның елордасы Астана қаласында орналасқан.

Еліміздің барлық өңірінде ақпарат агенттігінің меншікті тілшілері жұмыс істейді.

Агенттіктің Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Иорданияда меншікті тілшілері бар.

Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.