***
Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» тақырыбында жалпыұлттық телекөпір өтті. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында ұйымдастырылған айтулы жиын барысында қалыптасқан дәстүрге сай еліміздің әр өңірінде Президенттің өзі тұсауын кескен жаңа кәсіпорындар жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, Президенттің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттары марапатталды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті « Егемен Қазақстанда» «Толымды тарту» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның жазуынша, іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы елдің индустриялық-инновациялық даму аясында қол жеткен табыстарын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа инвестициялық саясаттың міндеттері индустрияландыру жобалары төңірегіне топтастырылуы тиістігін айтты. «Қазақстанға 2015 жылдың бірінші жартысында 7,5 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Негізгі инвестор елдермен Қытаймен, Ресеймен, Франциямен, Ұлыбританиямен, Түркиямен, Үндістанмен, Жапониямен уағдаластықтар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 40 миллиард долларға жуық 120 жаңа жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресеймен өзара инвестициялық іс-қимылды арттырудың болашағы зор. Оны жетекші ресейлік компаниялармен ынтымақтастық желісі бойынша ғана емес, жыл сайын біз айналысатын өңіраралық ынтымақтастық аясында да өрбіту керек. Үкімет пен әкімдер еуразиялық интеграция мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы бағытты кеңірек игергені жөн», - деді Мемлекет басшысы.
***
«Сонау тәуелсіздік алғалы бері қоғамда тілге тиек етіліп, талқыланып келе жатқан бір тақырып бар. Ол елдің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Рас, тәуелсіздікке ие болған соң кейбір түркітілдес республикалар латын қарпін қабылдады. Бірақ оның нәтижесі қандай болды? Ол жағы бізге белгісіз. Жалпы, бір әліпбиді ғасырға жуық кезең пайдаланып келіп, ысырып тастап, екінші бір әліпбиге көшу оңай шаруа емес. Үлкен жігерді, төзімді, еңбекті қажет етеді. Бұған халық даяр ма? Егер мемлекет көпұлтты болса ше? Мәселенің негізі осында жатса керек-ті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Бізге қай әліпби қажет?» атты мақаласында. Автордың жазуынша, латын әліпбиіне көшуді біз көбіне-көп фонетикалық мәселелермен байланыстырып, мәдени, әлеуметтік-саяси мәселелерге мән бермей жатырмыз. Басы-көзіне қарамай, бауырлас елдердің жағымды, жағымсыз сабақтарын сараламай, есептемей, латын әліпбиіне көшу асығыс. Ең бастысы, қағаз емес, қазақ тілінде сөйлеп, оқып, жазып, ойлағанда ғана біз әліпби ауыстыруға кіріскеніміз жөн. Сонымен бірге оған қыруар қаржы да керек.
***
Қазақстан себепсізден-себепсіз түрік тауары үшін шекараны жапқалы отырған жоқ», - деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы « Съесть по-турецки» деген тақырыппен берілген мақаласында.
«Азық-түлік қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында біздер түрік өндірушілерінің кондитерлік тағамдары мен құрғақ ашытқыларына сараптама жүргіздік. Қабылданған нормаларға сәйкессіздік фактілері анықталған жоқ. Тек «Юва» маркалы ашытқыда ғана өнімнің қауіпсіздігін қуаттайтын құжат болмады», - дейді Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Төлеутай.
***
«Қызылордалықтар тарабынан медициналық қызмет көрсетулердің сапасыз көрсетілуіне қатысты шағым көбейіп кетті», - деп жазады «Литер» газеті.
Басылымның жазуынша, қаржыландыру көлемінің артып, жаңа медициналық мекемелерінің ашылуына қарамастан облыс жұртшылығы емдеу мекемелерінің жұмыс сапасының жақсара түскенін көріп отырған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың айтуынша, ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда қызылордалықтардың сапасыз медициналық қызметке шағымдары арта түскен.