16:33, 07 Сәуір 2009
Бізге қысқа мерзімдік қаражаттың керегі жоқ - Kaspi bank Басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Бізге қысқа мерзімдік қаражаттың керегі жоқ». Оны Kaspi bank Басқарма төрағасы бүгін шоғырландырылған аудит жүргізілген қаржылық есептің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Соңғы 2 жылдың ішінде біз халықаралық құрылымдармен қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз. Онда біз тартпаған 1-2 институт қана қалған шығар. Бұл жерде халықаралық институт деп мен мемлекеттік негізде бизнесті дамыту үшін құрылған ұйымдарды айтып отырмын. Біз Еуропа қайта құру және даму банкінен 120 миллион доллар, Халықаралық қаржы корпорациясынан 100 миллион доллар, ал Бизнесті дамыту жөніндегі голландиялық компаниядан 45 миллион доллар және 100 миллион долардың синдикаттық келісімшартын жасадық», дейді Kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе. Оның айтуынша, банк қазір капитал нарығына шығуды, коммерциялық банктердің синдикатын тартуды жоспарлап отырған жоқ. Өйткені ол ең алдымен қымбат, одан кейін қысқа мерзімдік.«Бізге қысқа мерзімдік қаражат керек емес. Сондықтан халықаралық институттармен жұмысты одан ары жалғастырамыз. Олардан біздің бизнестің нақты секторын дамытатын кез-келген заемдарын тартамыз. Қазіргі таңда ол - шағын және орта бизнес», дейді М. Ломтадзе.