Бұл туралы «Жайықмұнай» ЖШС бас директоры Вячеслав Дружинин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның айтуынша, біріншіден, компанияда еңбек ететіндердің тоқсан пайыздан астамы ? қазақстандықтар. Он пайызға жуығы ғана ? шетелдік мамандар, басшы құрам. Екіншіден, компанияда ешқандай қысқарту жоқ. Қазір көптеген кәсіпорындар қиыншылыққа ұшырап, жабылуға дейін барып жатыр. Бұл жағынан алғанда, қауіп жоқ. Үшіншіден, Қазақстан Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен арадағы келісімге сәйкес жыл сайын 150 млн. текше метр газ жеңілдетілген бағамен Оралда салынып жатқан газтурбиналы электр стансысына беріледі. Салыстыра айтқанда, әр мың текше метр үшін әлемдік баға 200 доллардан асатын болса, мұнда 29,5 доллардан босатылмақшы. Мұның үлкен жеңілдік екені даусыз болса керек. Ал қызмет пен материал сатып алудағы қазақстандық үлес 40 пайыздай деуге болады. Қосалқы мердігер ұйымдар «Оралмұнайгазгеология» кәсіпорны бұрғылаумен айналысса, «Жайыққұрылыс» құрылыс, «Қазөнеркәсіпгеофизика» геофизикалық жұмыстарды атқарады. Компания игеріп жатқан Чинарев кен орнында 48,7 млрд. текше метр газ және 35 млн. тонна мұнай қоры бар екені мәлім. Қор мерзімі 25 жылға есептелген, яғни осыншама мезгілге келісім-шарт жасалған. Мұны ел игілігіне асыру үшін, әрине, озық технологияға негізделген мұнай өңдеу кешені қажет. Атап айтқанда, оның құрамына жылына 400 мың тонна мұнай өндіретін қондырғы, Чинаревтен Белеске дейін тартылған ұзындығы 120 шақырым мұнай құбыры, қуаттылығы жылына 2 млн. тонналық мұнай құю терминалы, сондай-ақ мұнайды демеркаптанизациялау қондырғысы кіреді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Батыс Қазақстан облысында болған кезде компанияның Белестегі мұнай құю терминалында болып, болашақта «Жайықмұнай» ЖШС өндіретін тауарлы газдың бір бөлігін еліміздің оңтүстік аймақтарына да жеткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл ? компания үшін үлкен жауапкершілік. Осы теміржол мұнай құю терминалының құрылысы аяқталған кезде дайын шикізатты өндіру, оны тасымалдау және өткізу сияқты барлық жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Сондай-ақ Орынбор-Псков газ құбыры жүйесіне қосылатын газды кешенді дайындау қондырғысын орнату жылына 1,5 млрд. текше метр тауарлы газ, 140 мың тонна сұйытылған табиғи газ, жылына 750 мың тонна тұрақты конденсат алуға мүмкіндік береді. Бұл ? жұмыстың бірінші кезеңі, ол алдағы жылдың мамыр айында іске қосылады делініп отыр. Бұл ең алдымен облыстың шалғай елді мекендерін газдандырып, тауарлы газ көлемі жөніндегі облыс сұранысын үш есеге дейін арттыруға септеседі. Ал екінші кезең 2011 жылдың аяғы мен 2012 жылдың басында жүзеге аспақ. Бұл кезде өнім өндіру көлемі екі есеге ұлғаяды, яғни тауарлы газ көлемі 3 млрд. текше метрге, сұйытылған табиғи газ 280 мың тоннаға, конденсат 1 млн. 500 мың тоннаға дейін жетпек. Осының бәрі мұнай терминалына келіп, одан әрі цистерналарға құйылады. Дайын өнімнің 15 пайызы Қазақстанның ішкі қажетін өтеу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына беріледі де, қалғаны эспортқа шығарылады. Қазіргі кезде терминалда мұнай құятын әрқайсысы 5 мың тонналық екі сыйымдылық бар. Алдағы уақытта тағы екеуі салынады. Мұның біреуі конденсат тасымалдауға арналмақ. Қысқасы, өндіріс дами беретін болады. Тағы бір мәселе, санитарлық қорғау аймағына енген Рожков ауылы тұрғындары биыл көшірілетін болады. Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде 90 пәтерлік үй толықтай дайын. Барлық аула аумақтарына дейін ретке келтірілді. Еуропа қайта құру және даму банкімен тиісті келісім-шарт жасалып, қаржы алынатын болып келісілді. Жоспарға сәйкес аталмыш ауыл тұрғындары шілде айының екінші жартысынан көшіріле бастайды. Адамдар күш-көліктің бәрімен қамтамасыз етіледі. Рожковта 84 отбасында 321 адам бар. Егер әр екі адамға 15 шаршы метрден кем болмауы керек деп есептесек, онда тоқсан пәтер жетіңкіремейді. Сондықтан қосымша пәтер сатып алып беру де ойластырылып отыр. Ауылдық жерде тұрғысы келетіндер де баршылық. Қалай болғанда да бұдан ешкім шығын шекпейді. Оның үстіне сол ауыл тұрғындарының 20 пайыздайы компанияда еңбек етеді, олар сол жұмысын жалғастыра беретін болады. «Жайықмұнайда» барлығы 525 адам жұмыс жасайды. Мыңнан астам адам қосалқы мердігер ұйымдарда қызмет атқарады. Чинарев кен орны 1991 жылы ашылып, компания 1997 жылы құрылса, содан бері кенішті дамытуға 86,5 млрд. теңге салынып, 4,2 млрд. теңге салықтық төлем төленген. Ал аймақтың әлеуметтік дамуына 400 миллиондай теңге жұмсалып отыр. Чинарев Қарашығанақтан кейінгі өңірдегі екінші ірі кен орны болып есептеледі. Сондықтан оны игеріп, әлемдік бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндірудің маңызы зор.
10:10, 18 Маусым 2009
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі Елбасы тапсырмасы біздің тұрақты назарымызда бола бермек - «Жайықмұнай» ЖШС басшысы
Л. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі тапсырмасы біздің тұрақты назарымызда бола бермек.